Биылғы «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінде ақ жаулықты аналар арасынан әжелер мектебі құрылды. Олар негізі қаланған соң «Әжелер мектебі – тәрбие негізі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Жиынды әйел-қыздар секторының ұстазы Гүлдана Жаңабайқызы жүргізіп, топтың мақсатын жан-жақтағы түсіндірді.
Содан кейін қоғамдағы дін мен дәстүрді негізге ала отырып, қыз балалардың тәрбиесі, жас отбасыларға кеңес беру және жанұялардағы ажырасудың алдын алу секілді маңызды тақырыптар көтеріліп, ұсыныс- пікірлер айтылды.
Ұлғайған жастарына қарамастан мешіт ұстаздарынан дәріс алып, ілім жолындағы ізденістерін еш үзбеген асыл әжелер бұған дейін де мешіттегі көптеген шараларға белсене қатысып, жастарға тәлім беруде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі