Апат ешқашанда айтып келмейді. Өңіріміздің Әулиекөл ауданындағы бірнеше күнге созылған алапат өрт күллі республикамыздың халқын терең ойда қалдырды.
Барлық облыстар осындай қиын шақта ауыз бірліктері мықты екендігін дәлелдеді. Қаншама гуманитарлық көмек көрсетілді. Қаржы, киім-кешек, азық-түлік те жиналды. Алдағы уақытта зардап шеккен азаматтарға тұрғын үй салынып берілетін болды.
Осы жерлестерімізге қиын соққан ауыр кезеңде өңірге қарасты күллі мешіттердің ұйымдастыруымен Әулиекөл ауданында 5 күннің ішінде 4 680 адамға ыстық тамақ үлестірілді.
Аталмыш аудандық «Әмит ишан» мешітінде облыстағы мешіттердің қызметкерлері тікелей атсалысып, тілсіз жау өртті сөндіруге қатысқандардың, волонтерлердің, құрылысшылардың, басқа да кісілердің жанынан табылды. Көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық мақсатында қол ұшын беріп, уақытпен санасу дегенді білмеді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі