Еліміздегі мешіттерде қарапайым болса да адал еңбек етіп жатқан қызметкерлерге құрмет көрсету ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тұрақты назарында. Міне, осы, үрдісті басшылыққа алған Қостанай өңіріндегі өкілдік те қасиетті Рамазан айында ұзақ жылдар бойы өз саласында аянбай жұмыс істеген кісілерге құрмет көрсетті.
Облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде жұма намазы алдында марапаттау рәсімі өтті. Онда Бас имам Бектұрсын қажы Торғайбайұлы сөз алып, барша жиналған қауымды Рамазан айымен шын жүректен құттықтады. Тіршілікте адамдар арасындағы сыйластықтың шыңы адамгершілік, оның ішінде бір-біріне ізгілік дәнін сеуіп, қуанышқа бөлеу екендігін тебіреніспен айтты. Бұл үлкен сауап болып табылатындығын тілге тиек етті.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, төрт қызметкерге Ұмраға жолдаманы табыс етті. Олардың қатарында Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінің тазалықшы Гүлжаухар Әнесқызы, облыстық мешіттің шаруашылық меңгерушісі Нұрлан Нұртайұлы, күзетші Жеңіс Рамазанұлы, ұстаз Саидаббас Сайдаламұлы секілді мамандар бар.
Олар алдағы уақытта қасиетті орынға діни басқармаға қарасты «Tawaf Travel» қажылық компаниясы арқылы баратын болады.
Жолдамаға өңіріміздегі кәсіпкерлер мен жамағат демеушілік етті. Алла тағала мешіт жанашырларының шаңырақтары мен кәсіптеріне береке берсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі












