Ешқашан апат айтып келмейді. Биыл Әулиекөл ауданында тілсіз жау өрттің кесірінен 91 үй иелері зардап шеккен болатыны баршамызға мәлім. Осы ретте мемлекет басшысынан бастап, қарапйым халық, барлық жүректері ізгілікке толы кәсіпкерлер, күллі саланың мамандары қиын кезде оларға қамқорлық жасап, дер кезінде қол ұшын созды.
Осындай ұйымшылдықтың арқасында үй-күйсіз қалған кісілер қысқа мерзімде заман талабына сай қызыл кірпіштен өрілген тұрмысқа әбден қолайлы баспанамен қамтамасыз етілді. Газ бен су тартылып берілді.
Осынау ауыртпалық тудырған шақта еліміздегі дін саласының қайраткерлері мен қызметкерлері де азаматтықтың нағыз жарқын үлгісін танытты. Қостанай облыстық мешіті ұжымының тікелей ұйымдастыруымен және Республикалық «Зекет» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев қатысуымен жаңа баспанаға қоныстанған жерлестерімізге 91 қап ұн, өзге де азық-түліктер, 91 данадан күнделікті тіршілікте тұтынатын заттар яғни, кілемдер, төсеніштер, көрпелер және басқа да мүліктер табыс етілді.
«Көп түкірсе көл» демей ме. Қамқорлыққа бөленген отбасылардың айтар алғысы шексіз. Осы жоғарыда аталған күтпеген апат халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің мызғымас беріктігін көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі