Жуырда Шоқан қажы Әмірханов басқаратын қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы тағылымы мол шара ұйымдастырды. Бұл кейінгі жастарға өнеге боларлық басқосу Тәуелсіздік күні және Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды.
Аталмыш рухани кешке өңіріміздегі абыз ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, ардақты аналар, дарынды жастар шақырылды.
Көпшілік алдында ұлағатты ұстаз, Қостанай қаласының құрметті азаматы Беген Көпеш, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серікбай Оспанов, ел ағасы Рахымбек Жұмақұлов, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова және басқалар тебірене сөз сөйледі.
Имандылық ордасында Тәуелсіздік жолына өмірін арнаған біртуар тұлғалар жайлы естеліктер айтылып, жыр шумақтары оқылды. Жайылған дастархан басында аруақтарға Құран бағышталып, бата берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі