Жақында Сарыкөл ауданындағы «Аққозы қажы» мешітінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет «Дін мен дәстүр рухани тірегіміз» тақырыбында көшпелі семинар өткізілді.
Бұл игі шаралар – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай жүзеге асырылды.
Онда алдымен Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбеттің төрағалық етуімен аудан имамдарының көшпелі семинар-жиналысы тиісті деңгейде өткендігін ерекше айта кеткен жөн.
Сарыкөлге келген Қостанай облысының қала, аудан имамдарын аталмыш аудан әкімі Амантай Балғарин қабылдап, дін қайраткерлерінің жарқын істеріне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, ауданға ат басын бұрған мәртебелі меймандардың тікелей қатысуымен, кітапхана, ішкі істер бөлімі, өрт сөндірушілер, емхана, колледж және басқа да мекемелерде есте қаларлық кездесулер ұйымдастырылды.
Шара барысында “Рухани жеті қазық”, “Отанды сүю - иманнан”, “Дінаралық, ұлтаралық татулық”, “Жат ағымдардың қасіреті”, “Ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтейік”, “Туған жерге туыңды тік”, “Иманды ұрпақ біздің болашағымыз” және “Дін және дәстүр” секілді мағыналы тақырыптар да қамтылды.