Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешіті мен қалалық «Балалар көркемсурет мектебінің» ұйымдастыруымен “Көрікті қала” атты сурет салудан сайыс болып өтті.
Сайыс барысында балалар бірнеше топқа бөлініп, қаланың көрікті ғимараттарын қағаз бетіне түсіріп, қабілеттерін көрсетті. Бұл сайысқа 25 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Олар, негізінен, 12-14 жас аралығын құрады.Сурет салу кезінде барлық қатысушыларға тәттілер мен балмұздақтар таратылды.
Жиналғандар алдында мешіттің имамы Бектұрсын Уәлиев сайыстың мақсатын түсіндіре келіп: «Біздің негізгі көздегеніміз – дарынды балалардың өнерге деген қызығушылығын арттыру, патриоттық сезімін жетілдіру. Жас ұрпақты тәрбиелеуде оның бойындағы табиғи мүмкіндіктерін дамыту, жауапкершіліктерін нығайту,түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достық пен ынтымақтастықты барынша арттыру» деді.
Сонымен қатар, бүгінгі бала-ертеңгі ұлт болашағы. Сондықтан келешегіміздің жарқын да баянды болуы, ұл мен қыздарымыздың қазіргі кезден бастап тәрбиелі, әдепті болып қалыптасуларына әбден байланысты екендігіне де жан-жақты тоқталды.
Әділ қазылар алқасы, яғни қылқалам өнерінің білікті мамандары балғындардың шығармашылығына лайықты бағасын беріп, жеңімпаздарды анықтады.
Сайыс қорытындысында В. Лукьяненко I-ші, А.Боранбаева II-ші, М.Саулькина III-ші орындарды иеленді. Жеңімпаздарды Бас имам арнайы сыйлықтармен марапаттады.