Рудный қалалық «Нұр» мешітінің «Әйел-қыздар секторының» ұйымдастыруымен Мәуліт мерекесінің құрметіне волейболдан «Әлді мұсылман, әлсіз мұсылманға қарағанда хайырлы» атты спорттық сайысы өтті.
Жарысқа Қостанай облыстық «Марал ишан», қалалық «Жайлаубай ата» және Рудный мешіттінің әйел-қыздар жамағаты қатысып, бақтарын сынады. Қызықты да бәсекелі дода төрт команда арасында өрбіді. Нәтижесінде «Жайлаубай ата» мешіті командасының қыздары айқын басымдықпен бірінші, облыстық «Марал ишан» мешіті екінші, ал Рудный қаласы «Нұр» мешітінің командасы үшінші орындарды иеленді. Барлық қатысушыларға арнайы Мадақтама қағаздар мен естелік медальдары табыс етілді.
Спорттық сайыстан соң, «Нұр» мешітінде Мәулітте салауаттар оқылды. Мешіт ұстаздары мен қажы апалар сөз алып, тағылымды кеңес, уағыз-насихат айтты.
Мерекелік дастархан жайылып, викториналық сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылды. Әйел-қыздар секторының ұстазы Аяулым Ермекқызы «Бұл шараның басты мақсаты - әйел-қыздар жамағатының ауызбіршілігін арттыру, ынтымақтастығын нығайту және салауатты өмір салтын ұстану. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа дін насихатын басқаша қырынан жеткізу» екендігін айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі