Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев алқа мүшелерінің қатысуымен бір жылда атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша жиын өткізді. Онда негізінен жүзеге асырылған діни бағыттағы іс-шаралар, уағыз-насихат, қайырымдылық және кіріс-шығыс қаражат жөніндегі есебі тыңдалды.
Бас имам басқосуда атаулы күндердегі ұйымдастырылған шаралармен қатар, қайырымдылыққа да аса ден қойылғандығына тоқталды. Қатысушыларға демеушілер мен жамағаттың атсалысуымен былтыр жаз айында қауіпті індетке қарсы күресте қалалық ауруханаға 3 дана ИВЛ тыныс алу аппараты алынғанын жеткізді.
Сондай-ақ, көп балалы көмекке аса мұқтаж 435 отбасына азық-түлік, 40 оқушыға мектепке қажетті оқу-құралдары мен онлайн сабақтары үшін 6 дана ұялы телефон тапсырылғанын тілге тиек етті.
Есеп барысында аталмыш мешіттің іші-сыртына жөндеу жұмыстары жасалғаны, жиһаздардың жаңартылғаны, қазіргі карантин кезінде барлық тиісті санитарлық жабдықтармен қамтамасыз етілгені айтылды.
Бас имам өз сөзінде алқа мүшелеріне алдағы уақытта ҚМДБ тарапынан 7 бағыт бойынша жан-жақты жұмыстар атқарылатынын, мәйітхана мен таһаратхана құрылысын салу ісі қолға алынатындығын, бұл игі мақсаттағы жұмыстарда өздерінен қолдау күтетіндігін де баяндады.
Алқа мүшелері мешіттің бір жылдық жұмысымен жан-жақты танысып, бас имам бастаған барлық қызметкерлерге шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді. Келесбай ақсақал ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі