Аллаға шүкір, өңір жұртшылығы бір ай бойы Ораза ұстап, өздерінің мұсылмандық бес парызының бірін өтеді. Өздерін өсек- аяңнан, пайдасы жоқ құлаққа түрпі тиетін сөздерден аулақ ұстады. Қаншама ізгілікті істер атқарылып, көмекке мұқтаж жандар Рамазанның шапағатын сезінді.
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша қостанайлықтар таңертеңгі сағат 8-де облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешітіне жиналды. Ине шаншар орын болған жоқ.
Облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет жұртшылықтың алдында сөз сөйлеп, оларды Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтады. Үлкенді-кішілі қауымға бұл мерекенің өзіндік ерекшелігі туралы айтты.
Сондай-ақ үстіміздегі жылы Ораза ұстаушылардың қатарында жастардың көп болғандығын, еліміздің басты байлығы – халықтар арасындағы достық пен ауызбірлік, мызғымас татулық, өзара түсіністік екендігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар әруақтарға Құран бағыштап, барлық ағайындардың отбасына молшылық, ырыс-береке, шадыман-шаттық тіледі.
Мұндай Ораза айт намазы өңірдегі барлық аудандар мен қалалардағы, кенттердегі мешіттерде ұйымшылдықпен өтті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі