Ислам дінінде азан айту немесе азан шақырудың алар орны ерекше. Себебі «Азан» асыл дініміздің «рəмізі» десе болады. Қазақта «Азаны бар ауыл азбайды» деген нақыл сөз де бар.
Мұсылман баласы азан шақырылған кезде оны ықыласпен тыңдап, азан сөздерін қайталауы керек. Азанның өзіндік шығу тарихы мен дінімізде алар орны ерекше. Кезінде асыл дініміз қанат жая бастаған дәуірде мұсылмандарды құлшылыққа шақыратын бір белгі, әдістің қажеттілігі туындаған.
Сонда Мұхамед пайғамбар (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) сахабалармен ақылдасып, намазға шақыру әдісін бекіту үшін мәжіліс өткізген. Осы тұста хазірет Омардың (Алла одан разы болсын) ұтымды ұсынысы қабылданып, халықты намазға шақыру үшін арнайы бір адам тағайындау ұсынылған.
Бұл жауапты міндет Біләл ибн Рабах есімді сахабаға жүктелді. Көп ұзамай - ақ Абдуллаһ бин Зәйд атты сахаба бір түс көреді . Түсінде оған азанның дәл қазіргі түрі үйретілген. Абдуллаһ таң атар атпастан қуанышы қойнына сыймай, көрген түсін Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) келіп, бүге- шігесіне дейін баяндады.
Пайғамбар оны мұқият тыңдап, азанды сол қалпында айтуды лайық көрді де бұл түсті халыққа жеткізіп, азан мәтінін Біләл ибн Рабахқа үйретті. Сол сәттен бастап Біләл өзінің әсем даусымен азан айтып, Мәдина қаласының аспанын жаңғырықтырды.
Міне, ҚМДБ-ның тапсырмасы аясында Республикалық азан айту сайысына онлайн форматта іріктеу өткізіліп, онда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының «Зұлқарнайын Мұса қажы» мешітінің Бас имамы Еркебұлан Жаңбырбайұлы әуезді үнімен топ жарды. Сөйтіп ол алдағы уақытта республикалық жарыста облыстың намысын қорғайды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі