Жаңа оқу жылына да саусақпен санарлықтай ғана күндер қалды. Соған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай өңіріндегі өкілдігі биыл да «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына жан-жақты дайындалып, оны ұйымшылдықпен өткізді.
Облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет игі мақсаттағы шара қарсаңында үстіміздегі жылы аудандар мен қалалардағы мешіттер мыңға жуық мектеп табалдырығын аттағалы отырған балаларғы мектеп құралдары мен киім-кешек тарту ететіндігі жайлы айтқан еді.
Осы мақсатта барлық мешіт имамдары, жанашыр азаматтар ортақ іске өздерінің лайықты үлестерін қосты. Өңір бойынша жоғарыда аталған қайырымдылық акциясына байланысты 46 іс шара ұйымдастырылды. Онда көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларында тәрбиеленіп жатқан 906 оқушыға мектепке аса қажетті сөмке, құрал-жабдықтар, мектепке киетін форма және басқа да киімдер табыс етілді.
Бұл мақсатқа 7 373 923 теңге қаржы жұмсалды. Салтанатты жиындарға қатысқан ата-аналар облыстағы барша мешіт қызметкерлеріне, демеушілерге шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі