Қостанай облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешітінде қасиетті Рамазан айының құрметіне қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, көпбалалы әрі әлеуметтік жағдайы төмен 11 отбасыға азық-түлік пен аяқ-киім үлестірілді.
Игі шара барысында Қостанай облысы бойынша Зекет және қайырымдылық бөліміне жауапты Бақытжан Икрамұлы жиналған жамағатқа Рамазан айының берекесі мен қайырымдылық жасаудың маңызы туралы насихат айтып, көмек пакеттерін мұқтаж отбасыларға табыстады.
Аталған шара қасиетті айда мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қоғамда мейірім мен жанашырлықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Мешіт ұжымы алдағы уақытта да осындай қайырымдылық шаралары жалғасын табатынын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі










