Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің Ахмет Байтұрсынов атындағы кітапханасында ұжымның ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік - ұлттың ең асыл мұрасы» тақырыбында рухани кеш болып өтті.
Бұл танымдық-тағылымдық жағы мол шараға елімізге кеңінен танымал көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы, Қазақстанның құрметті журналисі, белгілі қаламгер Гүлжібек Бекмұхамбетова, қоғам қайраткері, облыстық мәслихат депутаты Қырмызы Жаңбыршина арнайы шақырылды.
Аталмыш басқосуға Қостанай педагогикалық колледжінің ұстазы Диана Аллабергенқызы бастаған бірінші курс студенттері, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кешті дін қайраткері, облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев ашып, жиынның басты мақсаты мен кейінгілерге өнеге болар тәлімдік-тәрбиелік мәніне жан-жақты тоқталды.
Кездесу тәуелсіздіктің жарқын болашағы үшін бүкіл ғұмырын арнаған ата-бабаларымызға Құран оқумен басталды.
Содан кейін Қазақстан тарихы жөнінде жазылған талай іргелі кітаптардың авторы, профессор Аманжол Күзембайұлы егемендік бізге оңайлықпен келмегендігін, соның арқасында мемлекетімізді әлем мойындап, танығандығын, өткен 34 жылда қол жеткізген табыстарымызды тілге тиек етті.
Ал халқымыздың өмірінде ерекше орын алған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының куәгерлері Қырмызы Сапарқызы мен Гүлжібек Баекеқызы әңгіме арқауына айналған тәуелсіздікке жол ашып, түрткі болған жайларды еске ала отырып, сол күндері өздері көзбен көріп, көңілге түйген жайларды баяндап, жастарды елін сүюге, патриоттыққа, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге шақырды.
Басқосуға қатысқан дін қызметкерлері мен студенттер қауымы көкейде жүрген сауалдарын қойды. Оған нақты жауап алып, таным көкжиектерін кеңейтті.
Кеш соңында Бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы қонақтарға шын жүректен ризашылығын білдіріп, оларға құнды кітаптарды тарту етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі












