Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және ҚР Дін істері агенттігі өзара ынтымақтастық туралы Келісім меморандумына қол қойды.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановты қабылдады.
Тараптар еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық татулықты арттыру, конфессиялар мен діни бірлестіктер арасындағы келісімді күшейту сынды бірқатар мәселелерді сөз етті.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі мен Төралқа мүшелері, облыстың бас имамдары қатысқан басқосуда Бас мүфти ортақ Келісімнің мәні мен маңызына һәм мақсатына тоқталды.
«Алла тағала баршамызға бейбіт заманда өмір сүруді нәсіп етті. Құдайға шүкір, Тәуелсіздігіміздің арқасында Ислам дінін насихаттаудың, адамдар арасында бірлікті нығайтудың мүмкіндігі туды. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Ол – елдің бірлігі, мұсылмандардың ынтымағы. Данышпан Абай атамыз: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейді. Олай болса, өзара бірігіп, еліміздің болашағы үшін еңбек етуіміз керек. Біз «бөлшектей бер де, билей бер» идеологиясынан зардап шеккен, соның тауқыметін көрген ұлтпыз. Алла тағала Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер»(«Әли Имран» сүресі, 103-аят) дейді. Қазір дін мен тілді сақтауды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді жаңғыртып, жастарды жақсылыққа шақыруды ойлайтын заман. Осы мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен ҚР Дін істері агенттігі өзара ынтымақтастық туралы Келісім қабылдады. Ортақ келісім еліміздегі діни татулықты нығайтуға, ұлтаралық қарым-қатынасты жандандыруға септигін тигізбек. Сонымен қатар, қоғамға қауіпті ағымдардың идеологиясына тосқауыл қоюға, тағы басқа діни мәселелерді шешуге ықпал ететініне сенім білдіремін», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов Діни басқарма мен Дін істері агенттігі Заң аясында, өз құзыреттері шеңберінде бірлескен жобаларды жүзеге асыратынын жеткізді. «Мақсатымыз – қоғамдағы татулық пен өзара келісімді күшейтуге бірлесе ықпал ету», – деді ол.
Қос төраға сөз алғаннан кейін ынтымақтастық меморандумына қол қойып, құжат алмасты.
Тараптар қабылданған қарар аясында конференциялар, дөңгелек үстелдер, форумдар өткізеді.
ҚМДБ баспасөз қызметі
muftiyat.kz