Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Нұрқановтың бастамасымен Алланың үйінде Ислам құндылықтарымен сусындап жатқан мектеп жасындағы балаларды қалалық саябақтағы аттракционға апарып, оларды шаттыққа бөледі.
Биылғы жылы бұл мешітте 30-дан астам балаға имандылық дәрістер жүргізілуде. Оларға пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі, дұға жасау, ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, Исламдағы әдеп сынды жақсылыққа үндейтін дәрістер өткізілуде.
«Мақсатымыз – балаларды жақсы азамат болып өсуге тәрбиелеу. Бүлдіршінді жас кезінен имандылыққа тәрбиелеп, бойына жақсы қасиеттерді ұялата білсек, ол жақсы азамат болып өседі», – дейді бас имам Сейіт қажы Темірбекұлы.
Сонымен қатар Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлының ұйымдастыруымен, мешіттің тұрақты жамағаты жайма-шуақ күнде Тобол өзенінің маңында әсем табиғатта демалып, ерекше қуанышқа бөленіп қайтты. Ол жерде жамағат топ-топқа бөлініп спорттық ойын-сайыстар және діни сауалдардан тұратын викторина өткізілді. Бас қосуға арнайы дастархан жайылып, дәм үстінде уағыз-насихаттар айтылды. Табиғатта өткізілген жарыстарда үздік шыққан шәкірттерге сый-сияпаттар берілді.