Қазіргі таңда, әлемнің әр түкпірінен мұсылмандар қауымы Аллаһымыз парыз еткен қажылық сапары, қасиетті Меккеге аттануда.
Мекке – Пайғамбарлар жүрген мүбәрак мекен. Мойынсұнған мұсылманды фәни мен бақи дүниенің бақытына бөлейтін қасиетті Құранның аяты аян болған берекелі де бейбіт қала. Қасиетті Қағба – күллі мұсылман жүзін бұрып, сәждеге бас қоятын Аллаһтың үйі. Қажылық – адамға ұл, Құдайға құл болған барша мұсылманның арманына айналған құлшылық. Мүмкіндігі болған пендеге парыз амал. Көзбен көріп, жүрекпен сезбей, көп сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес.
Бұл ұлы ғибадат еліміздің бес мыңға жуық отандас азаматтарына, олардың ішінен қостанайлық жиырма екі бауырларымызға да нәсіп болды.
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің өкілдері ұлы сапарға аттанушы азаматтарға Аллаһ тарапынан жасаған қажылықтары қабыл болуын тілеп, игі жолға шығарып салды. Қажылыққа аттанушылар да мешіт басшылығына және қажылыққа дайындаған Қостанай облысы Қажылар қауымдастығының төрағасы, ҚМДБ-ы «Зекет қорының» Қостанай облысы бойынша өкілі Жақсылық қажы Ғайсаұлына өз ризашылықтары мен алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі