Қайырымдылық адам бойындағы ең асыл қасиет. Мұны облыстық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы «Зекет» қорының Қостанай облысындағы өкілі Жақсылық Ғайсин жете түсінеді және сол бағытта қыруар жұмыстар атқарып жатыр. Осы биылғы жылдың өзінде Наурыз мейрамы кезінде Қостанай қаласының қажылары мен аз қамтылған отбасы балаларының басын қосып үлкен кездесу өткізілсе, Ұлы Жеңіс күніне арнап, соғыс ардагерлері мен жетім балаларға «Думан» мейрамханасында дастархан жайылғаны көпшілікке белгілі.
Айта кететін бір жағдай, бұл кездесуде православие, католик шіркеулерінің өкілдерінің поптары шақырылып, концерттік бағдарлама мен қойылымдар көрсетілді және басқа дін өкілдеріне ескерткіш сыйлықтар табыс етілді. Бұл біздің Президентіміздің ұстанып отырған дінаралық татулықтың белгісі екенінің көрінісі.
Өткен айда жаңа мешіт ашылу салтанатына келген Бас мүфти Ержан қажы Маямеровтың «Дін және дәстүр» кітабының тұсау кесері балалар шығармашылық сарайында үлкен концертпен жалғасқанына біздің Қостанайлықтар куә. Бұл жиынды Республикамызға белгілі өнер қайраткері Ақжол Мейірбековтың жүргізгенінің өзі және жиынға Қазақстан Қажылар қауымдастығының өкілдері қатысып жамағатқа айтқан тілектері, оның үлкен деңгейде өткенінің дәлелі.
Марал ишан мешітімен облыстық «Зекет қорының» және Қостанай Қажылар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілген Торғай, Қостанай өңіріне белгілі ақын-жорналшы Еренғайып Әбдіхалық атындағы жүлде мен мүшәйраның жоғары деңгейде өткені белгілі. Осы кешті ұйымдастырушылардың бірі, Республикаға танымал дін насихатшысы 65 рет Мекке, Мединеге қажылық сапарға мұсылмандарды бастап апарған Амангелді Еренғайыптың сонау Израил-Палестинадағы мұсылманның 3-інші қасиетті Әл-Ақса мешітінің директоры шейх Наджиһті Қостанайға әкелуі үлкен оқиға болды. Шейхтың, кездесулерде Қостанай облысының, бүкіл Қазақстанның халқына айтқан тілектері жүрек тебірентеді.
Сонымен қатар, мешіттер жамағаты, жылда, елімізде дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясына қолдау көрсетіп, өңірдегі көнкөрісі төмен отбасыларының ұл-қыздары мен көмекке мұқтаж жетім балаларға қайырымдылық танытып келеді.
Осының жарқын көрінісі ретінде жуырда облыстық Марал Ишан мешітінде аталған азаматтар қамқорлыққа алған 52 бала бас қосты. Олардың жанында ата-аналарымен бірге жанашыр кісілер де болды.
Облыстық мешіттің наиб имамы Бақытжан қажы Икрам арнайы шақырылған бүлдіршіндердің алдында тебірене сөз сөйледі. Олардың тәуелсіз еліміздің ертеңгі нағыз тіректері екендіктерін айтты. Көпшіліктің алдында барлық балаларға жаңа оқу жылына қажетті оқу-құрал жабдықтарын салтанатты түрде табыс етті.
Мына тіршілікте жанарлары қуанышқа толы балалардың бақытты сәтін көрудің өзі бір ғанибет екен. Наиб имам мен «Зекет» қорының өкілі бүлдіршіндердің жүзіндегі ерекше шаттықты көріп, өздері де қатты толқыды.
- «Біз мұндай қайырымдылықты жылда көрсетіп келеміз, биыл да мешіттің бас имамымен, облыстық «Зекет қоры» және Қажылар қауымдастығымен келісе отырып, қаладағы көмекке мұқтаж балдырғандарға қол ұшын беруге ұйғарым жасадық. Мұнымыздың өте орынды болғандығын балаларға сыйлықты тапсыру кезінде айқын сезіндік, - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қорының Қостанай облысындағы өкілі, абыз ақсақал Жақсылық қажы.
Осындай қайырымдылық шаралар аудан, қала мешіттерінде де өткізілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
Баспасөз қызметі