Кімге болсын көркем мінез жарасады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбекпен әңгіме
Өткен жыл Қостанай өңірінің дін саласындағы қызметкерлер үшін де жемісті болды деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені, облыстағы барлық аудандары мен қалаларындағы мешіттерде жерлестерімізді имандылыққа баулу секілді асыл қасиеттерді өрістетіп, бойында ілімге деген құлшынысы бар жастарды тәрбиелеуде қыруар жұмыстар тындырылды.
Жуырда біз облыстың бас имамы Асылхан Мұханбетжанұлы Түсіпбекке арнайы жолығып, өзімізді көптен толғандырып жүрген мәселелерге байланысты нақты жауап алған едік.
Бұл сұхбатта дін қайраткерінің өмір жолы, былтыр жүзеге асырылған игі істер және алда тұрған нақты жұмыс жоспарлары баяндалады.
Торғай өңірінде азамат болып қалыптастым
- Асеке, жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша өзіңізбен кездесіп, әңгімелесуді жөн көрдік. Әрине, ауыз толтырып айтарлықтай атқарылған жұмыстар жеткілікті. Дегенмен де оқырмандар қауымы Бас имамның өскен ортасы, азамат болып қалыптасу кезеңдері жөнінде де білгісі келеді. Сондықтан бүгінгі сұхбатымызды осыдан бастаған орынды секілді?
- Рахмет. Сіздердің басылымдарыңызбен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқаныма өз басым өте қуаныштымын. Өйткені, қашанда сіздер адалдық және әділдік жағындасыздар. Сондықтан сіздерге сұхбат беруге келісімімді беруге дайынмын.
Өздеріңіз де білесіздер, киелі Торғай дінімізді, тілімізді, ділімізді өркендетуге қомақты үлес қосып келе жатқан өңір десем қателесе қоймаспын. Мен Амангелді ауданына қарасты Үрпек ауылында қазақтың қарапайым ғана шаңырағында дүниеге келдім.
Әкеміз Мұханбетжан ағайын-туыстары мен замандастары арасында абыройлы, қақ-соқпен шаруасы жоқ иманды кісі болатын. Осы шаңырақтың шырайын келтіріп отырған анамыз Кенжен де көңілі дархан, адамгершілігі мол кісі.
Өздері мінездері қандай кең болса, айналасындағыларға да мейірім- шуақтарын шашқан кісілер. Олар отбасындағы бес баланың бәрінің де өз қатарларынан қалмай, елі мен халқына адал еңбек етулерін армандайтын. Шаңырақтағы бауырларым Дархан, Ерхан, Таңатқан және Әсемдер де әке-шешеміздің көрсеткен ұлағатының арқасында қатарларынан қалмай, көпшіл, адамның қадірін білетін, еңбексүйгіш жандар болып қалыптасты.
Қазіргі таңда олардың бәрі де өмірден өз орындарын тапты. Соған мен де шынымды айтсам, өте ризамын. Хабарласып, бір-біріміздің қуанышымызға ортақтасып тұрамыз.
- Жастық шағыңыздан біраз мәлімет бердіңіз. Енді, осы дін жолына келуіңіз жөнінде де баяндай кетсеңіз?
- Өзімді мақтаудан аулақпын. Дегенмен, мектеп қабырғасында жүргенде сыныптастарымның алды болып оқыдым. Көп сөйлегеннен гөрі, нақты іспен айналысу менің сол кезден бастап өмірлік қағидама айналды. Ұстаздарым да осы қасиеттерімді бағалай білді.
Мен де өзгелер секілді қолыма көптен күткен кәмелеттік аттестатты алдым. Содан кейін әрине, менің алдымда енді қайда барамын, алдағы уақытта кім боламын? деген ұлы мақсаттар тұрды. Алайда несін жасырамын, имандылық жолына түсіп, дін қызметкері болу көздеген әрі көксеген арманым еді.
Сондықтан 1993 жылы өзім туып өскен Амангелді селосымен іргелес жатқан Жангелдин ауданы Оспан қожа мешітіндегі сол уақыттағы білгір маман Шоқан Әмірхановтан дәріс алдым. Сөйтіп, осындағы талантты шәкірттердің бірі болдым.
Шоқан аға әкесі секілді жаста болса өте ұстамды азамат. Сондықтан ол кісі бойындағы ең ізгі қасиеттердің бәрін де біздің бойымызға сіңіруге тырысты. Сол кісінің ұстаздық еңбегінің арқасында біраз жайға қанықтық. Дін саласынан тиянақты білім алдық.
Одан кейін әрине, 1994-1996 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы Ислам институтында оқыдым. Мұнда да уақытты босқа жіберген жоқпын. Тәлімгерлерімнің айтқанын екі етпей орындап, олардың ғибратты сөздерінен көп тағылым алдым.
Екі жыл екі күндей болмай өте шықты. Аталмыш жоғары оқу орнын аяқтаған соң, бұрынғы Торғай облысының орталығы Арқалық қалалық мешітінің ұстазы болып қызметке кірістім. Бұл жерде де абыройға кенелдім. Шәкірттер тәрбиелеп, оларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа, үлкен мен кішіні сыйлауға баулыдым.
- Осы мешітке Бас имам болып тағайындалғанға дейін бірқатар аудандарда жұмыс істедіңіз ғой. Осы кезеңдер де сіздің ғұмырыңызға өшпес ізін қалдырған болар?
- Әрине, кім болсын белгілі дәрежеге жету үшін сол салада әбден шыңдалғаны дұрыс. Сондықтан жоғарыда баяндалғандай, Арқалық қаласындағы мешітте алдымен ұстаз болсам, кейін киелі орынға наиб имам болып бекітілдім.
Бұл мешіт шын мәнінде тәжірибемді шыңдау мектебі болды. 2000 жылы Қостанай ауданы Затобол кентіндегі Маңдай батыр мешітіне бас имам болып тағайындалдым. Осы жерде ұзақ жылдар қызмет атқардым. Жергілікті халықпен тіл табыса отырып, имандылық мақсатында көп шаруаларды жүзеге асырдық.
Сондықтан әңгіменің орайы келгенде, ондағы мұсылман бауырларымыздың қолдауы және аудан әкімі Ахметбек Ахметжановтың демеуімен дінімізді өркендету бағытында атқарылған істер аз болған жоқ.
Жылқы жылы атқарылар істер көп
- Өзіңіздің облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы болып тағайындалғаныңызға да бір жыл бола қойған жоқ. Дегенмен, сіздің басшылығыңызбен өңірде талай игі істер жүзеге асқанына куәміз. Енді осы жайларға тоқтала кетсеңіз?
- Облыстың жай-күйі маған бұрыннан таныс. Сондықтан, осынау жауапты іске кіріскен соң, алдымен бүкіл аудандар мен қалаларды аралап шықтым. Ондағы әкімдермен сөйлестім. Мешіттердің тыныс-тіршілігімен толық таныстым.
Сол сапарлардан түйгенім әрі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтидің тікелей тапсырмасы бойынша көпке өнеге боларлықтай жұмыстар тындырылды деп айта аламын. Түрлі діни мерекелерді айтпағанның өзінде, танымдық жағы мол шаралар да ұйымдастырылды.
- Былтыр қалыптасқан дәстүр бойынша Құранды мәнерлеп және жатқа оқудан байқау ұйымдастырылды. Сонымен қатар, өңірде тұңғыш рет бата беру жарысы өткізілді. Осылар жөнінде не айтар едіңіз?
- Ең бастысы, Қостанайлық бауырларымыз Ислам дініне ден қоя бастады. Бұған жылдан-жылға қасиетті Меккеге барып, өздерінің мұсылмандық парыздарын өтеушілердің саны да көбейіп келе жатқандығын айтқаным лазым.
Олардың арасында еркектермен қатар жүрегі нәзік апаларымыз да бар. Жасы келген кісілердің қиындыққа мойымай, осындай сапарларға барып жатқанына өз басым тәнтімін.
Иә, қасиетті Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан байқаулар өткізіліп жатқаны рас. Түсінгенге оның берері қашан да мол. Сондай-ақ, облыста алғаш рет бата беруден жарыс ұйымдастырылды. Онда да біз арамызда иманды да, парасатты ақсақалдарымыздың жетерлік екендігіне көзіміз әбден жетті.
- Қасиетті Рамазан айлары да жұртшылықтың есінде қалды. Ауыз ашарды да ұйымшылдықпен өткіздіңіздер. Жастарға діни білім беру мақсатында да түрлі курстар ұйымдастырылды емес пе?
- Ауызашар мәселесі бізде толық шешімін тапты. Оған бұрын облыстың Бас имамы болған дін қайраткері Серікбай қажы Ораз мұрындық болған еді. Біз соны одан әрі жалғастырдық. Бұл мәселе болашақта да басты назарда болатындығына ерекше сенімдімін.
Біздің қызметіміздің бір парасы жазғы демалыс кездерінде мешіттерде оқушылардың білім алуын ұйымдастыру, жыл бойы жерлестеріміздің жастарының үлкен-кішілігіне қарамастан ниет білдіргендерге діни дәріс беру. Бұл бағытта қазір де атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
- Сұхбатымыздың соңында мешіт жанындағы «Зекет» қорының игі істері және алдағы тұрған міндеттеріңізге де тоқтала кетсеңіз?
- «Зекет» қоры бізде тиісті деңгейде ұйымдастырылған. Оған өңіріміздегі абыз ақсақалы Жақсылық Ғайсин тікелей жауап береді. Ол кісінің атқарып жатқан жұмыстарына барша дән риза. 15 ауыл молдасы осы қордың арқасында тұрақты жалақы алып келеді.
Жылқы жылы жоспарлаған істеріміз де аз емес. Оның бірі – таяуда Мұхаммед Пайғамбарымыздың туған күні, яғни Мәулет мерекесін өткізу. Жыл бойы ұйымшылдықпен жұмыс істеу.