Облыстық Марал ишан мешітіндегі сайыстан
Жалпы қауым үстіміздегі жылды ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялағаны белгілі. Оның осындай атпен кітабы да жарық көрді.
Қостанайлық дін қайраткерлері де аталмыш еңбекті жоғары бағалады. Жуырда облыстық Марал ишан мешітінде «Дін және дәстүр» тақырыбы аясында Құранның аяттары мен Пайғамбарымыздың Хадистерінен туындайтын «Атадан жеткен асыл сөздер» деп аталатын сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Оған өңіріміздегі қажылар мен дін жолында жүрген бауырларымыз қатысуға тілек білдірді.
Енді соған ретімен тоқталалық. Мәселен, Ғабдрахман қажы Бекмағамбет, Роза қажы Ескенова, Жұмағаным қажы Толыбаева «Туған жер-киелі мекен», «Ата-ананы құрметтеу», «Келіндер туралы» кеңінен ой толғады. Өздерінің қозғаған тақырыптарын жан-жақты аша білді.
Сонымен қатар Сайлаубай қажы Молдаш, Ғабит қажы Исмаилов, Сапар қажы Өтетілеуов, Мұстафа қажы Құрбановтардың тебірене толғаған «Ораза ғажабы», « Садақа-берекені арттырады», «Батаның берекесі бар», «Имандылық-тәуелсіздігіміздің қорғаны» секілді жүрек жарды әңгімелер өзінің айтарлықтай мазмұнымен есте қалды.
Осы аталғандармен қатар Әулиекөлдік Серікбай қажы Есполовтың, Қостанай ауданының өкілдері Сұлтанбек Байдрахманов, Аттар қажы Ибраевтың «Салт-дәстүр туралы шешендік сөздер», «Атадан жеткен шешендік сөздер», «Ескісіз-жаңалық болмайды» сияқты кез келген кесіні тапқырлыққа, шешендікке жетелейтін ғибратқа толы толғаныстары да өте әсерлі шықты.
Ал дін жолындағы бауырларымыз Арқалықтық Қуанышбай Қазымбеков, Жангелділік Байбатыр Ахметбеков, Науырзымдық Хасенғали Камалов, Әулиекөлдік Тұрғын Досмағамбетовтер ата-бабаларымыздан мұра болып қалған шешендік әрі асыл сөздерді, оның дінмен байланыстылығын келістіре айтты.
Осы сайысқа Қостанай, Жітіқара, Таран аудандарының өкілдері Балтабай Қиса, Сералы Мырзабаев, Нұрғали Әлішевтер, Лисаков, Рудный шаһарынан келген Қадырхан Сарғалдақ, Нағашыбай Серікбайлар да үлкен дайындық жасағандықтарын көрсетті.
Олар бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер «Ата-ананың қадірі», «Отанды қорғау» және басқа да жайларды тыңдармандардың жүректеріне жеткізе білді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек бастаған әділқазылар алқасы сайысқа қатысушылардың ізденісі мен талпыныстарын лайықты бағалады.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, «Атадан жеткен асыл сөз» сайысында қажылар арасында алғашқы жүлделі бірінші, екінші және үшінші орындарға Сұлтанбек Байдрахманов, Жұмағаным Толыбаева, Роза Ескеновалар ие болды.
Дін жолындағылар арасындағы сайыста Тұрғын Досамағамбетов, Байбатыр Ахметбеков, Қуанышбай Қазымбековтер бірінші, екінші, үшінші орындарды бөлісті.
Барлық жүлдегерлерге сый-сияпаттар тапсырылды. Сайыс өзінің тағылымдық жағы ерекше екендігін танытты.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі