Қостанайдағы Мәуліт мерекесі биыл да жоғары деңгейде өтті
Ұлы Мұхаммед Пайғамбарымыздың туған күні, яғни Мәуліт мерекесін жылда қостанайлық ағайындар жоғары деңгейде атап өтуге ерекше ден қояды. Биыл да мұндағы мұсылмандар қауымы оны асыға күткен болатын. Облыстық Марал ишан мешітінің ұжымы бұл мейрамға үлкен дайындықпен келді.
Облыс орталығындағы балалар шығармашылық мектебінің ғимаратына халық алдын-ала хабарланғанындай, дер кезінде жиналды. Олардың арасынан әдеттегідей үлкенді де, кішіні де көресіз. Бұл, ең алдымен, осындағы бауырларымыздың өзіміздің осынау діни мерекемізге ерекше бетбұрыс жасап жатқандықтарын да айқын көрсетеді.
Сонымен, аталмыш парасат ордасындағы Мәуліт мерекесін елге сыйлы азамат Дүйсен Дайыр Құран оқу рәсімімен бастады. Содан кейін өмірдің біраз өткелдерінен өткен қажы апаларымыз шашу шашты. Басқосуды жүргізушілер мерекенің тізгінін қолдарына алды.
Залға жиналған барша жұртшылықты Қостанай облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Есжанов мерекемен шын жүректен құттықтап, оларға отбасында бақыт, жұмыстарында табыс тіледі. Осындай кештің қашан да танымдық-тәрбиелік мәні зор екендігіне тоқталды.
Одан кейін сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы, дін қайраткері Асылхан қажы Түсіпбектің ой-толғамдары мен ізгі тілектері де көпшіліктің жадында ұзақ сақталатындығы даусыз.
Өйткені оның Мәуліт мейрамының күллі мұсылманның өмірінде алатын орны жайлы толғаныстары жерлестеріміздің көңілінен шығып, ұмытылмастай әсер қалдырды.
Мұндай үлкен мерекелер ән-күйсіз, терме және театрландырылған көріністерсіз өтпейтіндігі белгілі. Сондықтан көпшілік Әсел Жұмақұлованың орындауындағы «Иман келтіру» әнін ерекше ұйып тыңдады. Себебі оның шырқаған туындысында замандастарымызға ой салып, жүректерін тебірентетін үлкен мазмұн мен мән жатыр еді.
Содан кейін дін тақырыбына қалам тартып жүрген көрнекті ақын, «Мінәжат» кітабының авторы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхмет өзіне тән шеберлікпен сөз сөйледі.
Зиялы қауымға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор Қалибек Деріпсалдиннің есімі белгілі. Оның орындауындағы үстіміздегі жылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс» күйі де үлкен шабытпен жазылғаны айқын көрінді. Сондықтан бірден жұртшылықтың назарын аударды.
Дарынды өнер қайраткері өзінің шынайы талантымен залда отырған үлкенді-кішілі қауымды баурап алды. Күй құдіретінің қандай болатындығын қостанайлықтар тағы да сезінді.
Барша азаматтар үстіміздегі жылы 15 жылдық мерейтойларын атап өткелі отырған Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры әртістерінің өнеріне қашан да тәнті. Осынау Мәуліт мерекесінде өнер ордасының актерлері «Ауыл мешіт имамы» деп аталатын туындыны көпшілікке ұсынды.
Бұл көріністе басқосуға келген ағайынның көз алдына ауыл мешіті имамының тыныс-тіршілігінен, оның халықты имандылыққа баулудағы өмірінен сыр шертілді.
Мұндай кештерде жұртты адамгершілікке, ізгілікке шақыратын шығармалардың алар орны бөлек. Оны Мәуліт мерекесін ұйымдастырушылар да алдын-ала, жан-жақты ойластырғаны аңғарылды.
Осы сөзіміздің жарқын айғағы ретінде Жұмағаным қажы Толыбаеваның орындауындағы «Бір құдайдан тілеймін иман» деп аталатын тағылымы мол дүниенің де залда отырған жұртшылыққа тигізген әсері ерекше болды деп айтар едік.
Сонымен қатар Боранқұл Құрманқұлұлының «Толғауы», Абзал Нағашыбайұлының «Әуелі Алла жаратты» термесі басқосудың ажарын барынша аша түсті. Мұндай ұлттық нақыштағы шығармаларды көптен бері естімеген жұрт рухани жағынан байып қалды.
Айтыс десе елеңдемейтін әрі делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Осы мәртебелі мейрамға арнайы шақырылған аса дарынды айтыс ақындары Айбек Қалиев пен Айнұр Тұрсынбаеваның суырып салма өнері де көпшілікті дән риза етті.
Кештің соңында ұлы Пайғамбарымыздың «Қоштасу хұтпасы» да оқылды. Мешіттің жұмысының жанданып және Мәуліт мерекесінің жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша тиісті деңгейде өтуіне өздерінің қомақты үлестерін қосып жүрген ардақты ақсақалдар мен зиялы азаматтарға көпшіліктің алдында сый-құрмет көрсетілді.
Облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек сахнаға көтеріліп, осы күнгі мейрамның мән-мазмұнының арта түсуіне септігін тигізген бірқатар жерлестеріміздің аты-жөндерін мақтанышпен атай келіп, нағыз дін жанашыры Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің доценті, ұстаз Хайша Мылтықбайқызының 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Сондай-ақ оған кілем сыйлап, алдағы уақытта да ғылымның қия жолында және оқытушылық қызметінде тың табыстар тіледі. Сондай-ақ күллі қазақ еліне есімі кеңінен танымал ақын, көптеген республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Ақылбек Шаяхметке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мақтау грамотасы салтанатты түрде тапсырылды.
Сонымен қатар, есімдері күллі қазақ еліне белгілі абыз ақсақалдарымыз, Қостанай қаласының құрметті азаматы Жолбарыс қажы Баязид пен ел құрметіне бөленген Мырзағали қажы Ғабдуллинге де грамоталар табыс етілді. Бас имам оларға алдағы уақытта мықты денсаулық тіледі.
- Бұл балалар шығармашылығы мектебінің ғимаратындағы кеш те жерлестеріміздің жан дүниесін рухани жағынан байытып, арнайы келген қандастарымыздың Мәуліт мерекесі жөніндегі танымын одан әрі кеңейткені сөзсіз.
Бұл орайда облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек пен басқа да жанашыр да іскер азаматтардың қосқан үлесі мол, - дейді Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсин.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі