Күллі әлем мұсылмандары асыға күтетін атаулы мерекелердің бірегейі –Құрбан айты. Асыл дініміз Исламда бұл айтулы мерекенің алар орны ерекше. Қасиетті Құрбан айт барша халықтың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады.
Биылғы жылы Дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазірет «Дін мен дәстүр» жылының аясында Құрбан айтты атап өтуді бекіткен болатын.
Осы орайда Арқалық қаласында биылғы «Құрбан айт мерекесі» ерекше өткізілді. Мешітте әдеттегідей айт намазы оқылған соң, мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев Дінбасымыздың құттықтауын оқып, құрбандық және қайырымдылық жайында уағыз айтты.
Сондай-ақ қала басшылығы да мерекеге арнайы келіп, әкім Ғазиз Бекмұхамедов жамағатты мерекемен құттықтап, еліміздің баянды, халықтың ынтымақты болуы жөнінде өз пікірін білдірді.
Намаздан соң құрбан шалу рәсімі жалғасып, әкім бастаған топ өкілдері құрбандыққа ірі қара мал шалды. Шалынған құрбандықтар әлеуметтік қорғау мекемесінің берген тізімі бойынша, күн көрісі төмен жандар мен көп балалы жанұяларға мешіт тарапынан үлестірілді.
Бұдан соң мерекелік іс-шара «Қайрат» спорт кешенінде өз жалғасын тапты. Мұнда жасөспірімдер арасында және жасы қырықтың қырқасынан асқан палуандар арасында қазақша күрес болды. Сонымен қатар ұлттық ойындардан – арқан тартыс, өгіз тартыс сайыстары өткізілді.
Аталмыш спорттық додалар еш дайындықсыз келген көпшілік ішінен шыққандықтан болар, ол сондай тартымды әрі қызықты өтті. Түйе палуанға қой сыйлыққа тартылса, бірінші, екінші орынды иеленген жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы марапат көрсетілді. «Құрбан айт – құтты мереке» атты шағын концерт қойылып, тағылымды жыр-термелер мен патриоттық әндер шырқалды.
Мерейлі мерекені тамашалаған үлкен-кіші жамағаттың баршасына айт дәмі ретінде ыстық шәй, бауырсақ пен палау берілді. Мешіт ұжымының ұйымдастырған игі істеріне қала тұрғындары шынайы ризашылық танытты.
Қалалық мешіт имамының айтуынша, мұндай игі істер әсіресе, жастар арасында көп өткізілуі қажет. Жастарымыздың өзгелердің бізге жат әдеттеріне еліктемей, өз ұлтымыздың құндылықтарын бағалап, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, бабаларымыз ұстанып келген дәстүрлі дінімізді дәріптеуге зор септігін тигізеді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі