Меңдіқара аудандық Зұлқарнайұлы Мұса қажы мешітінің бас имамы Ерік Ыбырай мейірімді азаматтардың бірі. Қолынан келгенше көмекке мұқтаж жандарға жаңашыр болуды өзінің басты парызы санайды.
Осы сөзіміздің жарқын дәлелі ретінде белгілі дін қайраткері мешіт қызыметкерлерімен бірге төрт перзентіне тірек болып отырған аудан тұрғыны Серік Кәкімжановтың отбасына арнайы барып, киелі орынның атынан үш түкті кілемді тапсырды. Сондай-ақ балдырғандарға да сыйлық беруді ұмытпады.
-Мына кілемдерді әкелгеніміз балалар жылы, жұмсақ төсеніштің үстінде емін-еркін ойнасын деген ниетпен туып отыр. Сізге Алла тағала күш-қуат берсін, осы балапандарыңыздың қуанышына бөлене беріңіз – деді ауданның бас имамы Ерік Ыбырай.
Отағасы мен жүздері бал-бұл жанған балдырғандар да өздеріне қамқорлық білдірген азаматтарға шынайы алғыстарын білдірді.
Қымбат Нағашыбай
Меңдіқара ауданы, Қостанай облысы