Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұйымдастыруымен рухани-танымдық бағыттағы маңызды кездесу өтті. Шараға арнайы шақырылған ақын Абылай Мауданов «Кітап оқитын ұлт» тақырыбында ақсақалдар мен жиналған қауымға тағылымды әңгіме өрбітті. Ол кітап оқудың адам санасын, ой-өрісін кеңейтудегі рөлін атап өтіп, жастар мен үлкендерге пайдалы бағыттарда кеңестерін жеткізді.
Жиынға облыстық кітапхананың мамандары да қатысып, тыңдаушылар назарына арнайы әзірленген кітап көрмесін ұсынды. Қатысушылар еліміздің тарихы, руханияты, әдебиеті туралы құнды еңбектермен танысып, кітапхана қоры жайында мәлімет алды.
Шара соңында сөз сөйлеген дін өкілдері мен ақсақалдар кітап оқуға шақырудың маңызын атап өтіп, қоғам дамуы ең алдымен сауаттылық пен білімге ұмтылудан басталатынын жеткізді.
«Ұлтымыз білімді болса – қоғамымыз түзеледі. Білімге ұмтылған елдің болашағы да жарқын» деген ортақ пікір айтылып, қатысушылар кездесуден рухани әсер алып тарқасты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі









