Жуырда қалалық «Марал ишан» мешітінде қызметкерлермен келелі жиын болып өтті. Бұл басқосу Түркия мен Сириядағы мұсылман жұртының зілзаладағы амандығын тілеп, оларға арнайы дұға жасаумен басталды.
Бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы күрделі жөндеуден өткен имандылық ордасындағы жаңадан тағайындалған кадрларға алда тұрған міндеттерді жан-жақты түсіндірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үстіміздегі жылды «Ислам және ізгі қоғам» деп атағаны белгілі. Сондықтан «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту» және «Жат діни ағымдардан сақтандыру» деген бес бағыт бойынша жұмыс атқару қажеттігін еске салды.
Сонымен қатар биыл жоғарыда аталған мешіттің 130 жылдығы аталып өтеді. Мерейтойға орай облыс Бас имамының тапсыруы бойынша жүзеге асырылуға тиісті жоспарлар да таныстырылды.
Қазіргі таңда бекітілген кестені басшылыққа ала отырып, жүйелі түрде жас ерекшеліктеріне қарай ер және әйел жамағатына дәрістер жүргізілуде. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы өткізілетін сабақтарға да ерекше назар аударылуда.
Бұл күндері ұжымда бас имам, екі найб имам, ерлер және әйелдер ұстазы, молда, шаруашылық меңгерушісі және екі еден жуушы қызметкерлерді қосқанда, барлығы тоғыз адам жұмыс атқаруда.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі