Биыл да жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітінің ұжымы қасиетті Рамазан айында қайырымдылық іс-шарасын ұйымшылдықпен өткізуде.
Осы арада сөзіміз жалаң болмас бір мысал келтіре кетелік. Жуырда жұма күні аталмыш мешіттің Бас имамының ұйытқы болуы және жамағаттың қолдауымен жасөспірім Мәулен Болатұлының еміне қажетті ақшалай қаражат оның әкесіне тапсырылды.
Сондай-ақ, Меңдіқара өңіріндегі кәсіпкерлер және Қостанай облыстық мешіті Зекет және қайырымдылық қорының еріктілерімен бірлесе отырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға азық-түлік салынған «Рамазан қоржынын» тапсыру да қолға алынды.
Ораза айында көмекке мұқтаж жандарға жүрек жылуын аямаған мейірімді бауырларымыздың ізгі мақсаттағы ісіне берекет берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі