Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің жабылу рәсімі өтті. Айтулы шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы екі күнге созылған съезд жұмысын қорытындылап, түрлі дін өкілдерін бір арнаға тоғыстырған форумның маңыздылығына тоқталды.
«Меймандарымыздың діні мен ділі бөлек болса да, тілегі мен ниеті бір екені сөзсіз. Съездің қорытынды Декларациясы – соның айқын дәлелі. Құжатта ортақ идеялар мен ұсыныстар көрініс тапты. Жалпы, форумның түпкі мәні де – осы. Біз құрмет пен сыйластыққа негізделген сындарлы диалогтың куәсі болдық. Ең бастысы, дінбасылар ортақ мүдде жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті», – деді Президент.
Жабылу рәсімінде бірқатар мәртебелі меймандар сөз сөйлеп, форум жұмысына жоғары баға берді.
Алқалы жиында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің қорытынды Декларациясы қабылданды.
Дереккөз: ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ VIII СЪЕЗІ АЯҚТАЛДЫ , Muftyat.kz