Астана қаласында Республика күні мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай ұйымдастырылған ІІ халықаралық Құран жарысы өтуде.
Іс-шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау сөз сөйлеп, Құранның қоғам мен отбасындағы орны туралы айтты.
«Біз жыл басында дін қызметкерлері үшін 2025 жылды діни салада «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жарияладық. Бүгінгі халықаралық Құран жарысы осы жыл аясында атқарылған ең ауқымды жұмыстың бірегейі болмақ. Өйткені Құран аяттарын іске асырған пенде отбасына қамқор болады. Бала-шағасына дұрыс тәрбие береді. Ақ некемен алған жұбайына Алланың берген аманаты деп қарайды», – деді Бас мүфти.
Бас мүфти сөз соңында жарысқа қатысушы қариларға сәттілік тіледі.






Дереккөз: БАС МҮФТИ: «ҚҰРАН АЯТТАРЫН ІСКЕ АСЫРҒАН ПЕНДЕ ОТБАСЫНА ҚАМҚОР БОЛАДЫ» , Muftyat.kz
Астана қаласында Республика күні мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ІІ Халықаралық Құран байқауының ашылуына орай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтау хатын жолдады.
Сенат Төрағасының құттықтауын көпшілікке ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі оқып берді.
«Құрметті Құран жарысына қатысушылар!
Баршаңызды ІІ Халықаралық Құран жарысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі Ислам істері және уағыз-насихат министрлігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл игілікті іс-шара ізгілік пен имандылықты дәріптеу жолында айрықша мәнге ие.
Қазақ – ежелден дінге және рухани құндылықтарға ерекше құрметпен қараған халық.
Қазіргі таңда да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде қоғамдық келісімді нығайтуға үнемі баса мән беріліп келеді.
Осындай жүйелі қадамдардың нәтижесінде Қазақстан дүние жүзіне өркениетаралық және дінаралық диалог алаңы ретінде танылды. Тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі соның жарқын көрінісі. Бұл Съезд Қазақстанның әлемде діни толеранттылық, бейбітшілік және өзара құрмет қағидаттарын насихаттауға қосқан сүбелі үлесі екені анық.
Бүгінгі Құран жарысын сол халықаралық форумның нақты нәтижелерінің бірі деп қабылдаймыз.
Дәстүрлі діни құндылықтарды жаңғыртуды көздейтін мұндай бастамалар адамзаттың ырыс-ынтымағын арттырып, елдер мен өркениеттер арасындағы бірлікті және мәдени қарым-қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз.
Осы ретте қасиетті Құранды жаттап, білімге құштарлықтың озық үлгісін көрсетіп жүрген барлық қатысушыға сәттілік тілеймін!
Ізгілік жолында жаңа жетістіктерге жете беріңіздер!»,- делінген Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатында.








Дереккөз: СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНЫҢ АШЫЛУЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ , Muftyat.kz
Бүгін Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте ІІ Халықаралық құран байқауы басталды. Рухани шара ұлттық мереке - Республика күні мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
Қасиетті Құран аяттарын оқумен ашылған салтанатты рәсімде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы дұға жасады.
«Оқылған қасиетті Құранның сауабын ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның ғазиз рухына және Қазақ даласынан өткен барша ата-бабаларымыз бен ғұлама-ғалымдарымызға, асыл дініміздің жаршысы болған әулиелеріміздің рухына бағыштадық. Отанымыздың, тәуелсіз еліміздің жолында шейіт болған барша асыл бабаларымыздың рухтарына бағыштадық!
Уа, Алла Тағала! Марқұмдарымызды мейіріміңе бөлеп, рухтарын шат қылып, ардақты Пайғамбарымыздың шапағатын нәсіп етіп, жандарын жаннаттық ете гөр!», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Салтанатты ашылу барысында қазақ жеріне Ислам дінінің таралу тарихына арналған бейнеролик көрсетіліп, көрермендер назарына ұсынылды.
Халықаралық деңгейдегі бұл сайысқа әлемнің 21 елінен 22 қари қатысып отыр. Байқау екі күнге жалғасады.
Айта кетейік, Құран жарысы «Munara TV» телеарнасынан және «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан тікелей эфирде көрсетілуде.














Дереккөз: АСТАНАДА ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ , Muftyat.kz
Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте өтіп жатқан ІІ Халықаралық Құран жарысының ашылу рәсімінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасады.
Өз сөзінде Бас мүфти Құран жарысының рухани мәні мен маңыздылығына тоқталып, байқаудың басты мақсатын атап өтті.
«Бүгін қазақ топырағында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне және Діни басқарманың 35 жылдығына орай осымен екінші рет халықаралық Құран жарысы өткізіліп отыр. Мұндағы мақсатымыз – бабалар аманатына берік болу, Құран құндылықтарын әлемдік деңгейде дәріптеу, қасиетті кітабымызға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ Бас мүфти Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Құранды қорғауға қатысты айтқан мәлімдемесін мысалға келтіріп, бұл бастаманың жаһандық деңгейдегі маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 78-сессиясында қасиетті кітабымыз Құранды құқықтық тұрғыдан қорғау қажеттігін көтеріп: “Қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс”, – деген еді», – деп атап өтті Бас мүфти.
Халықаралық шараға мемлекеттік билік өкілдері, мұсылман елдерінің елшілері, елордалық зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ өңірлерден келген өкіл имамдар мен дін саласының беделді тұлғалары қатысты.











Дереккөз: БАС МҮФТИ ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНДА ҚҰТТЫҚТАУ СӨЗ СӨЙЛЕДІ , Muftyat.kz
Бүгін Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте ІІ Халықаралық Құран жарысының жеребе тарту рәсімі өтті.
Жеребе тарту рәсіміне ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатай, Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сейтбеков, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров қатысып, жарыстың ережесі мен шарттарын түсіндіріп, қатысушы қариларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, екі күнге созылатын Құран жарысы ертең 10.00-де Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте басталады. Байқау барысы мүфтияттың төл арнасы «Munara TV» және «Мүфтият ҚМДБ» YouTube арнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.
Тікелей эфир сілтемесі:https://www.youtube.com/live/ssigiArbBvs
Тікелей эфир сілтемесі: https://www.youtube.com/live/ssigiArbBvs














Дереккөз: ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНЫҢ ЖЕРЕБЕ ТАРТУ РӘСІМІ ӨТТІ , Muftyat.kz
Кеше Қостанай қаласында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, көрнекті ақын, ғалым Серікбай Оспановтың 80 жылдығына арналған «Тобыл ағады» деп аталатын шығармашылық кеш болып өтті.
Оған Алматы, Астана және өңіріміздің белгілі қаламгерлері, зиялы қауым өкілдері, өнер мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Үлкен сахнада ақынның сөзіне жазылған әндер мен төл туындылары орындалды.
Рухани - танымдық жиында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев мерейтой иесінің қазақ әдебиетін өркендетуге қосқан қомақты үлесіне жан-жақты тоқталды. Ұлтымыздың ежелден келген салт-дәстүрі бойынша оның иығына шапан жапты.
Бұл кеште айтулы тұлғаның атына қаншама жылы лебіздер мен өскелең ұрпаққа үлгі боларлық ғибратты естеліктер айтылды.


Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің қызметкерлері қалыптасқан дәстүр бойынша жұма намазынан кейін жамағатқа ыстық палау мен тәтті сусын таратты.
Сондай-ақ көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмек ретінде күнделікті тұтынатын азық-түлік табыс етті.



Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті жұмада РАНТ мүшесі Нұрболат Дүйсебаев Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде болып, жамағатқа «Дүние ақыреттің егістігі» тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Сол күні ол Рудный қалалық «Нұр» мешітінде сапарын одан әрі жалғастырып, жергілікті телеарнаның журналистеріне сұхбат берді. Ақшам намазынан кейін жамағатпен кездесті.







Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай өңіріне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының РАНТ мүшесі Нұрболат Дүйсебаев арнайы іс-сапармен келген болатын.
Ол сапар барысында қаладағы “Жайлаубай ата” мешітінің тыныс-тіршілігімен танысты. Содан кейін Мәуліт мерекесіне құрметіне арналған кешке қатысып, жиналған жамағатқа «Алла тағала Адам баласын көркем бейнеде жаратты» тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Кешке асханада дастархан жайылып, ақсақалдар бата берді. Келген қонаққа сый-сияпат жасалды.
Келесі күні имандылық ордасында педагогикалық колледждің студенттерімен кездесіп, «Лудоманияның дауасы бар ма?» тақырыбында әңгіме өрбітті. Жастарды уақытты тиімді пайдаланып, білім алуға, жаман әдеттен аулақ болуға шақырды.







Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі