ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлының ұйытқы болуымен қала жамағаты Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің туған күні, яғни Мәуліт мерекесінің құрметіне кеш өткізу дәстүрге айналды.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жуырда ғана облыс орталығында көрнекті ақын, дін тақырыбына қалам тартып жүрген жазушы, «Мінәжәт» кітабының авторы Ақылбек Шаяхмет өзінің шаңырағында жоғарыда аталған мейрамға байланысты дастарқан жайды.
Оған шаһардың ақ сақалды қажылары мен ақ жаулықты аналарын арнайы шақырды. Онда Мәуліт оқылды. Осы отырыста өкіл имам Асылхан қажы Түсіпбек Ұлы Пайғамбарымыздың өмірбаянынан салауат айтудың артықшылықтары жайлы уағыз айтты.
Сондай-ақ облыстық Марал ишан мешітінің жанындағы сауат ашу курсының ұстазы Нұх Темірджи және наиб имам Асқар Мейрамбекұлы Мәуліт оқыды. Осы қаламгердің құтты шаңырағына жиналған қажылар, дін жанашырлары Ақылбек Қожаұлына өздерінің шынайы тілектерін білдіріп, баталарын берді.
Дәл осындай басқосу Қостанай қаласының тұрғыны Күлзира қажы Мұханбетжанқызының да үйінде өткізілді. Онда Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жолбарыс қажы Баязид, есімі көпке белгілі абыз ақсақал Мырзағали қажы Ғабдуллиндер шаңырақ иесіне шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін айтып, баталарын берді.
Міне, Қостанай өңіріндегі Мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырылған осындай игі шаралардың тәрбиелік мәні зор екендігі даусыз. Оның, әсіресе, еліміздің келешегі болып табылатын жастарға берері мол. Шаңырақтарында Мәуліт мерекесін өткізген азаматтарға Алланың нұры жауа бергей!
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Аталған заң жобасының мақсаты исламдық сақтандыруды енгізу, ислам банктерінің қызметіне едәуір қолайлы жағдайлар жасау, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің тұрақтылығы мен қаржылық орталығын қамтамасыз ету болып табылады. Осымен қатар, заң жобасымен қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жолымен Қазақстанда толыққанды исламдық қаржыландыру жүйесін құру қарастырылады.
Бұл ретте заң жобасымен исламдық қаржыландыру жүйесін одан әрі дамыту үшін исламдық сақтандыруды енгізу қарастырылып отыр. Әдеттегі сақтандыру исламның сақтандыру қағидаттарына қайшы келетіні айқын. Бұл исламдық қаржы жүйесінің қатысушыларының тәуекелдерін жабуға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты құжатта исламдық қаржыландырудың негізгі қағидаттарын заң деңгейінде бекіту және исламдық сақтандыруды ынталандыру ұсынылады.
«Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар тарапынан кейбір нормаларды жетілдіруге бағытталған бірқатар түзетулер жасалды. Атап айтқанда, сақтандыру бойынша бірыңғай дерекқор жүйесін қалыптастыру, исламдық сақтандыру ұйымының қызметіне қойылатын талаптарды нақтылау, исламдық лизинг пен негізгі қағидаттарын енгізу мен айқындау, сондай-ақ, исламдық банк операцияларын жасау тәртібі мен талаптарын оңайлату болып табылады», - дейді депутат Нұртай Сабильянов.
Оның айтуынша, заң жобасымен банктердегі ұлттық валютадағы депозиттерге кепілдік көлемін 5 млн. теңгеден 10 млн. теңгеге дейін ұлғайту қарастырылады. Ал шетел валютасындағы депозит көлемі 5 млн. теңге шамасында қалады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.
www.inform.kz
2015 жылдың 24 қаңтарында Астана қаласындағы Конгресс Холл сарайында республикалық Мәуліт кеші өтеді.
Рухани кеште ғибратты жыр-термелер орындалып, тәрбиелік мәні мол сахналық қойылымдар көрсетіледі. Уағыз айтылып, бейнероликтер халық назарына ұсынылады. Кештің маңызы мен мәнін арттыратын шара – пайғамбарымыз Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауаттар оқылып, сәлемдер айтылады.
ЕСКЕРТУ: Мәуліт кешінің билеттерін Астана қаласы мешіттерінен алуға болады.Билетсіз кіруге болмайтынын қаперлеріңізге саламыз.
www.muftyat.kz