Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен І республикалық «Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Марапаттау рәсіміне арнайы қатысқан ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға ризашылығын білдірді.
«Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты міндетінің бірі– дін қызметкерлерінің біліктілігін үздіксіз көтеріп, ел бірлігіне, қоғам тұрақтылығына, отбасы құндылықтарына, ізгілік пен адамгершілікке үндейтін сауатты діни кадрлар даярлау. Өйткені имам мешіт қызметкері ғана емес, ол қоғамның рухани тірегі, ұлттық тәрбиенің, ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің ұйытқысы.
Бүгінгі білім сайысы әрбір имамның өз әлеуетін көрсетіп, білімін шыңдап, тәжірибесін байытуына үлкен мүмкіндіктуғызды деп есептеймін. Білім сайысына еліміздің әр облысынан іріктеліп келген ең үздік имамдар өздерінің білімі мен парасын паш етті. Сондықтан осы сайысқа қатысқан әрбір имам жеңімпаз атанды деп санаймын. Алла қаласа, имамдар арасындағы бұл жарыс жыл сайын жаңа деңгейде ұйымдастырылып, дәстүрге айналады деген сенімдемін», – деді Бас мүфти.
Әділқазылар алқасының шешімімен І республикалық «Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары төмендегідей:
- I орын: Бекзат Азатбекұлы Құсанбаев – ШҚО, Өскемен қалалық орталық мешітінің наиб имамы (500 мың теңге)
- II орын: Нұрлан Мұрат – Жамбыл облыстық «Һибатулла Тараз» мешітінің наиб имамы (400 мың теңге)
- III орын: Қуаныш Тоқсанбайұлы Әбішев – Алматы қалалық Орталық мешітінің наиб имамы (300 мың теңге)
Сонымен қатар, жарысқа қатысып, жүлдегерлер қатарына енбеген имамдарға 50 000 теңгеден ынталандыру сыйақысы берілді.





















Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Үздік имам» І республикалық интеллектуалды білім сайысы өз жалғасын табуда.
Алғаш рет ұйымдастырылған бұл додаға өңірлерден іріктелген 20 үздік имам қатысуда. Үшінші кезеңнің қорытындысы бойынша Алматы қаласы, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарынан келген 10 имам келесі айналымға өтті.
Алдағы уақытта қатысушылар «Хадис шәріп» және «Көркем насихат» кезеңдері бойынша өзара бақ сынайтын болады.














Бүгін елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік имам» І республикалық интеллектуалды білім сайысы басталды.
Жарыс қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен ашылып, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы дұға жасады.
«Жамағатқа имамдық ету – жауапкершілігі мол маңызды қызмет. Бұл – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолын жалғастыратын қасиетті міндет. Адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тосу – ұлы істің бірі. Сол себепті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеті қауымдардың қайырлысы болды. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, жамандықтан тыятын, сондай-ақ, Аллаға сенетін үмбеттердің қайырлысы болып жіберілдіңдер» («Әли Имран» сүресі, 110-аят).
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Имам – басшы әрі қоластындағыларға жауапты» деген хадисі бұл саладағы тұлғалардың қаншалықты маңызды міндетті атқарып жүргенін көрсетеді. Әрине, мұндай жауапкершілікті атқару үшін имамдарымызға өз болмысымен үлгі-өнеге болатын, дін ісі мен дүние ісін қатар алып жүретін көркем мінез-құлық пен ұстаздық қабілет-қасиеттер, белсенділік пен адамгершілік сипаттар ауадай қажет», – деді ҚМДБ Төрағасы.
Айта кетейік, республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып отырған байқауда қатысушылар «Қасиетті Құран», «Бабалар даналығы», «Дін мен дәстүр», «Хадис шәріп» және «Көркем насихат» кезеңдері бойынша өзара сайысқа түседі.








Бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік имам» І республикалық интеллектуалды білім сайысының жеребе тарту рәсімі өтті.
Республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып отырған додаға еліміздің өңірлерінен іріктеуден өткен 20 имам қатысуда. Қатысушылар діни білім, уағыз айту шеберлігі, жамағатпен жұмыс істеу тәжірибесі, сондай-ақ дін мен дәстүр сабақтастығын жеткізу бағыттары бойынша сайысқа түседі.
Шараның мақсаты – дін қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау және қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайту.










Үстіміздегі жылы Алаш ардақтысы, мемлекет және қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейтойы елімізде кеңінен аталып өтті. Оның кіндік қаны тамған Жангелдин ауданында қаншама есте қаларлық шаралар ұйымдастырылды. Облыс орталығында ұлы тұлғаға арналып, еңселі ескерткіш орнатылды.
Осынау айтулы датаға оның ұрпақтары да өздерінің қомақты үлестерін қосты. Соның бірі – іскер азамат, белгілі кәсіпкер Бақберген Қасымұлы Өтеулин Қостанай қаласындағы «Статус» мейрамханасында бабасының құрметіне ас берді.
Оған алыс-жақыннан туған-туысқандары, ақын-жазушылар, есімдері елге танымал зиялы қауым өкілдері қатысып, Міржақып Дулатұлының елі мен халқына сіңірген еңбегі жайлы тебірене әңгімеледі.
Жиында аса көрнекті ағартушының туған жиені Ерлан Сатыбалдиев, облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Ещанов, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов, Қостанай облысының құрметті азаматтары Кәкімжан Карбозов, Өмірзақ Ихтиляпов, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, қаламгерлер Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет және басқалар сөз сөйледі.
Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев және қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов артында өшпес із қалдырған даңқты тұлғаның рухына бағыштап Құран оқыды. Абыз ақсақал Жандарбек Сейітов бата берді.
Басқосуда бір топ азаматтарға Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгі салтанатты түрде табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі












Сайыс өткізілді
Науырзым аудандық «Түркебай ата» мешітінде жамағат арасында «40 - парыз» және «Кітап оқитын ұлт» атты маңызды тақырыптар бойынша сайыс өткізілді. Сондай-ақ имандылық ордасында «Әлеуметтік желіде көркем мінезді болу» жайында ұйымдастырылған уағыз-насихаттар да жиналғандарға үлкен әсер қалдырды.
Міржақып Дулатовқа арналды
Жақында Қарабалық аудандық мәдениет үйінде Алаш ардақтысы, мемлекет және қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына орай танымдық-тағылымдық жағы мол іс-шара өткізілді. Онда жиналған қауым бүкіл саналы ғұмырын еліміздің жарқын болашағына арнаған ұлы тұлғаның мағыналы ғұмыры мен артында қалдырған өшпес рухани мұрасы жайлы ұмытылмас мағлұмат алды.
Кітап – білім бұлағы
Жақсы кітап – жан азығы. Денисов аудандық кітапханасында өткізілген іс-шара барлық қатысушылардың көңілінен шығып, оларға үлкен ой салды. Мұнда №3 мектептің 8-9-сынып оқушыларына кітап оқитын қоғам және ұлттық құндылықтар жайында әңгіме қозғалды. Сондай-ақ кездесуде рухани байлықтың қайнар көзі болып табылатын кітаптың тигізер пайдасы мен артықшылығы жөнінде де айтылды.
Өзекті тақырыптар қозғалды
Әулиекөл аудандық "Әмит ишан" мешітінің қызметкерлері халықтың арасында жиі болып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленуде. Мәселен, наиб имам Нұрсұлтан Есенәліұлы жергілікті мешітте "Дін мен дәстүр" тақырыбында тағылымды кездесу өткізді. Сондай-ақ ол аудандағы Сұлукөл, Құсмұрын және Аманқарағай елді мекендеріне барып, жамағатқа тәрбиелік мәні зор уағыз-насихат айтты.
Ал аталмыш мешіттің наиб имамы Әл-Фараби Кенжеғара жергілікті Өрт сөндіру бөлімінің сарбаздарымен кездесті. Жүздесу барысында "Жат ағымдардың алдын алу жолдары" жайында кеңінен әңгімеледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі




Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлы іс-сапармен Фурманов ауылына болды. Ол алдымен елді-мекендегі «Тәубе» намазханасына ат басын бұрып, оның қыс айларына дайындығымен танысты. Жамағатпен жүздесіп, олардың сұрақтарына нақты жауап берді. Содан кейін дін қайраткері жергілікті кітапханада 11 сынып оқушыларымен кездесіп, жастарға кітап оқудың маңызы мен тұлға болып қалыптасудағы тигізер пайдасы жөнінде уағыз- насихат айтты.
Сонымен қатар жасөспірімдерге «Дін мен дәстүр» кітабынан үзінділер оқытты. Белсенділік танытқан әрі үздік оқушыларға ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі




Қостанай қаласындағы тамақтаны орындарында тексеріс жұмыстары жүргізілді. Бақылау-қадағалау шараларын «Халал Даму» мамандары Мейіржан Бауыржанұлы мен Алишер Балахмет орындады.
Тексеріс барысында кәсіпорындардың өндірістік аумақтары, тағам дайындау процестері, шикізат пен дайын өнімнің сақталу талаптары, жабдықтардың тазалығы және қызметкерлердің санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауы жан-жақты қаралды.
Сонымен қатар, халал стандарттарының талаптарына сәйкестігі, құжаттаманың дұрыс жүргізілуі, өнім жеткізушілердің сертификаттарының бар-жоғы да жіті тексерілді. Анықталған кемшіліктер бойынша кәсіпорын иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, талаптарды толық орындау үшін нақты ұсыныстар берілді. Кейбір нысандарға ескерту жасалып, олқылықтарды түзету үшін уақыт белгіленді.



«Қостанай Агро продукт», «Север ет», «Қарасу ет» қасапханаларында аудит жұмыстары жүргізілді. Бақылау-қадағалау шараларын «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен Алишер Балахмет орындады.
Тексеру барысында қасапханалардың өндірістік алаңдары, малды қабылдау және сою процесі, қажетті құжаттамалардың жүргізілуі, сондай-ақ халал стандарттарының сақталу деңгейі жан-жақты қаралды. Әсіресе, малды сою әдістерінің талаптарға сай орындалуы, құрал-жабдықтардың тазалығы мен жеке қорғаныс киімдерінің дұрыстығы ерекше назарға алынды.
Сонымен қатар, шикізат пен дайын өнімнің сақталу температурасы, тасымалдау ережелері, ветеринарлық құжаттардың өзектілігі және өнімді таңбалау талаптары тексерілді. Аудит нәтижесінде анықталған кішігірім кемшіліктер бойынша кәсіпорын жауапты тұлғаларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларды түзету бойынша нақты ұсыныстар берілді. Бірқатар нысандарға белгіленген мерзім ішінде олқылықтарды жою туралы ескертулер жасалды.






Қостанай облысындағы «Beef Export» және «Terra» қасапханаларында жоспарлы аудит жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында өндірістік аймақтардың тазалығы, малды қабылдау және сою процесінің талапқа сай орындалуы, құжаттамалардың дұрыстығы мен халал стандарттарының сақталу деңгейі жан-жақты қаралды. Аудит жұмыстарын «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен жергілікті өкіл Алишер Балахмет орындады.
Сонымен қатар, жауапты мамандар қызметкерлердің арнайы дайындық деңгейін, құрал-жабдықтардың санитарлық жағдайын және өнімнің қадағалау тізбегін тексеріп, бірқатар ұсыныстар мен ескертпелер берді. Алынған нәтижелер бойынша кәсіпорындарға талаптарды толық орындау және халыққа адал өнім ұсыну бағытында тиісті шаралар ұсынылды.









