Бір қойды тарту етті
Сонау оңтүстіктен өңіріміздегі Бейімбет Майлин ауданының Новоильин ауылына Сабыржан Таджиевтің отбасы қоныс аударған болатын. Әрине, оларды жергілікті ағайындар үлкен қуанышпен қарсы алды.
Орталарына қосылған жанұяға деген құрметтің белгісі ретінде осы ауданның азаматы Бақберген Қасымұлы бір қойды тарту етті.
Имамның ауылдарға сапары
Жоғарыда аталған ауданның бас имамы Ислам Шамғынұлы облыстық мешітте ұйымдастырылған «Дін мен дәстүр: ысырапшылдықтың алдын алу» жөніндегі конференцияда қабылданған шешімдерді халыққа түсіндіру мақсатында бірқатар елді-мекендерде кездесулер өткізді.
Мәселен, ол Тобыл кенті мен Байшуақ және Новоильин ауылдарында болып, жергілікті жұртшылыққа өзекті мәселе жайлы тілге тиек етті. Жиналғандар көп жайды көңілдеріне түйді.
Тәуелсіздік мерекесіне арналды
Жуырда Бейімбет Майлин аудандық әкімдіктің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлерімен «Тәуелсіздік Тәңір берген тәтті сый» атты кездесу болып өтті.
Онда егемендіктің арқасында өткен жылдарда еліміздегі қол жеткен толағай табыстар әңгімеге арқау болды. Жиында қатысушылар көкейінде жүрген сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі