Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.
Түркі жұртының даңқты ғұлама, әулиесі Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы жөнінде ҚМДБ Төрағасы:
«Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық мектебінің көрнекті өкілі, ғұлама, әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің күллі түркі жұртының рухани тарихында айрықша орны бар. Ол – Ислам дінінің жанашыры әрі насихатшысы, сопылық ілімнің көрнекті ұстазы.
XIII-XV ғасыр арасында Ясауи ілімі Хорезм, Мəуреннаһр және Анадолыға дейін жетті. Қазақ елінде Ясауиді құрметтеп, пір тұтқандықтан «Мəдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген тәмсіл пайда болды.
Ол адамгершілік пен имандылықты ту етіп, күш-қайратын ізгілік жолына арнады. Бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеді. Әр мұсылманның бойында Аллаға деген зор сүйіспеншілік, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға деген ыстық махаббат болу керектігін сүйсіне жырлады» деді.
Айта кетейік, халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Түркия Дін істері басқармасының төрағасы Али Ербаш, Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Шейхул-Ислам Аллашүкір Паша-Заде, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының төрағасы, шейх Нуриддин Холикназар, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Абдулазиз қажы Закиров, Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Мирвохид Азимов, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, дін ғалымдары, имамдар және БАҚ өкілдері қатысуда.
Дереккөз: https://www.muftyat.kz/kk/news/qmdb/2024-10-03/45388-bas-mfti-halyiaralyi-konferentsiyada-bayandama-zhasadyi/