Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев кезекті іс сапарында өңірдегі Денисов ауданында болды. Онда бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Енді соларға қысқаша тоқталып өтелік.
Ол алдымен аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған Мәуліт кешіне қатысты. Бұл мерекелік басқосуда облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Әлішер Ертайұлы және Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің Бас имамы Әкімбек Нұрханұлы Мәуліт-шариф оқыды.
Содан кейін Бас имам аудандық кітапханада жергілікті халықпен, зиялы қауым және аға буын өкілдерімен кездесті. Мұнда ысырапшылдыққа жол бермеу, жаназа дастарханының ас мәзірі, қайтыс болған үйден ас ішпеу, ауданның діни ахуалы жөнінде айтты. Сапар барысында музейге саяхат жасалды.
Денисов аудандық «Жұма» мешітінде Бектұрсын Торғайбайұлы «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында жұртшылық, ақсақалдар алқасының мүшелері және жамағатпен жүздесті. Жиында ас беру мәдениеті және басқа да өзекті тақырыптар әңгімеге арқау болды. Қатысушылар өздерінің көкейінде жүрген сауалдарына нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі