Жұртшылықтың есінде болар, жалпы тасаттық – көпшілік жиылып атқаратын діни рәсім. Онда мұсылман қауымы жиналып, құрбандық шалады. Сауабын аруақтарға бағыштайды. Қасиетті Құран оқылып, құдайдан жаңбыр жаууын тілейді.
Міне, жұма күні Қостанай қаласының Тобыл өзенінің жағалауына халық көп жиналды. Онда Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет сөз сөйлеп, дініміздегі тасаттықтың мән - маңызына жан-жақты тоқталды.
Содан кейін елордамыз Астанадағы республикалық Бас мешіттің Қары әрі Құраннан ұстаз Мұртаза Ертайұлы намаз өткізді. Бұл жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, абыз ақсақалдар, ел ағалары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жалпы, өңір бойынша әзірше тасаттыққа 21 ірі қара сойылып, оның еті көмекке мұқтаж отбасыларға таратылып берілді. Оған шаруа қожалықтарының басшылары демеушілік етуде.
Жиын соңында Бас имам егін өсіріп отырған барша ағайынға бітік астық, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, әрбір шаңыраққа ырыс-береке мен молшылық тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде маусым айының 10-28 күндері аралығында «Имани жаз-2024» сауат ашу курсы ойдағыдай өткізілді.
Онда Бас имам Нұрхан Асанұлы балаларға үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету жайында ақыл - кеңесін айтты. Сондай-ақ, өздерін жақсы қырларымен көрсеткен шәкірттерге тәттілер үлестіріліп, дастархан жайылды.
Жоғарыда аталған мерзімде шәкірттер тиянақты діни білім алып, уақыттарын барынша тиімді пайдалануға тырысты. Ұстаздар оларды ізгілікке, адамгершілікке баулыды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы», қалалық «Жайлаубай ата» және «Марал ишан» мешіттерінде «Имани жаз – 2024» жазғы сауат ашу курсының алғашқы түлектеріне арналған жиын болып өтті.
Облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет шәкірттерді құттықтай отырып, уақытты тиімді пайдаланып, зеректік танытқан балаларға шынайы алғысын білдірді. Ол өз сөзінде: «Білім алу – әрбір мұсылманға парыз. Адам баласы уақыт талабына сай рухани құндылықтарды игеріп, жан-жақты білікті азамат болып қалыптасуға талпынулары керек. Еліміздің болашағы өздерің, сондықтан мен сендерге әрқашан тілектеспін», - деді.
Осы арада бір тоқтала кетер жай, «Имани жаз» курсы шілде айының соңына дейін жалғасын табады. Сауат ашу курсында шәкірттерге аптаның 5 күнінде түрлі тақырыптар бойынша білім беріледі. Мұнда «Имандылық әліппесі», «Құран әліппесі» пәнінен, соның ішінде "Әдет-Ғұрып", "Салт-дәстүр" және "Ұлттық құндылықтар" сынды танымдық дүниелер қамтылады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өткен жұма күні Науырзым ауданында жергілікті жұртшылық бас қосып, Алланың рақымына жол ашатын ең ұлы амал тасаттыққа байланысты жиын өткізді.
Аудандық «Түркебай ата» мешітінің Бас имамы Есет Ғәбдімәліктің айтуына қарағанда, аға буын өкілдері мен мешіт жамағаттары тасаттық намазын оқып, дұға жасады.
Содан кейін аудан әкімі Мәди Өмірзақұлы бастаған ел азаматтары бірігіп, ірі қара малды құрбандыкка шалды. Оның еті әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға таратылып берілді.
Жиынның соңында қалыптасқан дәстүр бойынша еліміз бен жеріміздің тыныштығы, биылғы жылы жаңбыр мол жауып, егін бітік шығуы үшін бата жасалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай қалалық” Жайлаубай ата” мешітіндегі “Аталар мектебінің” кезекті жиналысы болып өтті.
Онда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үстіміздегі жылы бекіткен «Ислам және дәстүр құндылығы» тақырыбы аясында әңгіме өрбіді.
Жиында атадан балаға мирас болған қазақ халқының дәстүрін насихаттауда арамызда жүрген абыз қарттардың алатын рөлі ерекше екендігі айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Елімізге белгілі дін қайраткері, Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов басқаратын ұжымдағы қызметкерлер жыл сайын “Имани жаз” курсы шәкірттерінің уақыттарын тиімді де мазмұнды өткізуге айрықша көңіл бөледі.
Осы сөзіміздің жарқын айғағы ретінде биылғы каникул кезінде мұнда діни сауатын ашып жатқан жасөспірімдерге арналған “Тәні саудың - жаны сау” атты бағдарламасына сәйкес есте қаларлық демалыс ұйымдастырды.
Оларды арнайы жабдықталған бассейнге алып барды. Онда балалар суға шомылып, мәз-мәйрам болды. Осылайша оқушылар білімді салауатты өмір салтымен байланыстыруда.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ұзынкөл аудандық «Құрман баба» мешітінің қызметкерлері Құрбан айтқа тыңғылықты әзірленді. Оның жоғары деңгейде өтуіне ауданның бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегі тікелей ұйытқы болды.
Алғашқы күні имандылық ордасында таңертең Құрбан айт намазы оқылды. Содан кейін аудандық әкімдік, қажылар қауымы және «ОЛЖА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір-бір сиырдан, ал жергілікті тұрғындар құрбандыққа қой сойды. Сойылған ет көмекке мұқтаж жандар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратылып берілді.
Жалпы, аталмыш мейрамның құрметіне түрлі шаралар да ұйымдастырылды. Мәселен, аудандық әкімдіктің спорт кешенінде Ұзынкөл және Сарыкөл аудандарының палуандары қазақша күрестен күш сынасты.
Оның қорытындысы бойынша жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді. Ал түйе палуандар арасында Бас жүлдеге қой берілді. Мерекелік дастарқан жайылып, жұртшылық дәм татты.
Сондай-ақ, жергілікті мешіттің асханасында аталған мейрам қарсаңында салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында келіндер сайысы өткізіліп, ерекше көзге түскендерге сый-сыяпат жасалды.
Осылайша, ұзынкөлдіктер Құрбан айт мерекесін биыл да ойдағыдай өткізіп, жастар жағы одан қаншама ұмытылмас тағылым алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Қостанайда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында облыстық «Қостанай таңы» газетінің бастамасымен «Дін және қоғам» байқауы өткізілді.
Оған жоғарыда аталған діни басқарманың облыстық өкілдігі және «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясы қолдау білдіріп, демеушілік етті. Байқауда 15 үміткер бақтарын сынады.
Оның қорытындысы бойынша республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Нұрқанат Құлабаев «Селебеден себелеген сәуле» атты мақаласы үшін Бас жүлдені жеңіп алды. Қаламы жүйрік журналистке белгілі меценат Аманкелді Еренғайыпұлы тағайындаған Түркияға жолдама тапсырылды.
Ал, Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы бекіткен 300 мың теңге жүлде қоры да нағыз дарын иелерін тапты. Бірінші орын «Дін дәстүрі барға дариды» мақаласы үшін Бейімбет Майлин аудандық «Әйет шамшырағы» газетінің бас редакторы Айбатыр Ахметбековке (150 мың теңге) берілді.
Екінші орын облыстық «Қостанай таңы» газетінің аға тілшісі Әлібек Ыбырайға «Табиғат апаты ұлт таңдамайды» атты сұхбаты үшін (100 мың теңге) тапсырылды.
Үшінші орын «Алау» телеарнасының тілшісі Дәуіт Байғонысовқа «Беташар салтын дұрыс орындап жүрміз бе?» атты сюжеті үшін (50 мың теңге) табыс етілді.
Жиында жүлдегерлерді облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет құттықтай отырып, оларға алдағы уақытта да шығармашылық табыс тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті ұжымының ұйымдастыруымен қасиетті құрбан айт мерекесі биыл да ұйымшылдықпен аталып өтті.
Бұл үлкен мейрамның алғашқы күніндегі айт намазынан кейін мешіт ауласында арқан тарту, гір көтеру, өгіз тартыс, қой көтеру сынды ұлттық спорттық ойындар жұртшылық назарына ұсынылды.
Сайыста көзге түскен жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Келген қонақтар мерекеге байланысты тігілген киіз үйден айт шайын ішіп, дәмді палаудан ауыз тиді.
Содан кейін шаһардағы ет комбинатындағы мал сойылатын орында құрбандық мал шалынды. Сойылған ет үстіміздегі жылғы тасқын судан зардап шеккен және жағдайы төмен отбасыларға таратылып берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі