Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, найб мүфти Бауыржан қажы Есмахан Қостанай қаласына келген сапары барысында жұма намазын өткізді.
Дін қайраткері облыстық «Аймағамбет қажы Сапанұлы» мешітінде жұмаға келген жамағатқа «Ғалымдардың исламдағы мәртебесі» тақырыбында уағыз айтты.
Ғалымдардың мәртебесін олардың қоғамдағы орнын түсіну үшін ғалым адамдарға Алла тарапынан берілген негізгі тоғыз қасиетіне тоқталып өтті.
Намаз соңында оқылған қасиетті Құран аяттарына дұға қылып, Отанымызға тыныштық, елімізге амандық, ауырғандарға шипа, береке-бірлік тіледі.
Мешітке келген ақсақалдар мен жастарға көңіл бөліп, олармен амандық сұрасып, риясыз ниетін білдірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі - пәтерге» акциясы аясында елімізде баспанаға мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп жатқаны белгілі.
Қазақстан Республикасы Ата заңы мереке қарсаңында Қостанай облысының Науырзым ауданында атаулы қуанышты оқиға жалғасын тапты.
ҚМДБ төраға орынбасары, найб мүфти Бауыржан қажы Есмаханның қатысуымен Науырзым ауданы орталығы Қарамендіде 121 және 122 үй табыс етілді.
Бұл баспаналар алты баласы бар жалғыз басты ана Алима Асатова және үйлері тұруға жарамсыз көп балалы ерлі-зайыпты Нұрбек және Айнагүл Хамзиндерге бұйырды.
Қуаныш иелеріне аудандық «Түркебай» мешіті имамы Нұрлан қажы Сейтжанұлы екі клем, ал аудан әкімі Талғат Тойшібекұлы 100 мыңның сертификатын ұсынды.
Үлкен қуанышқа кенелген қоныс иелері алғыс шынай алғыстарын білдірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы негізінде Қостанай облысында «Мектепке жол» акциясы жалғасуда. Осы орайда бүгін облыстық мешітте қайырымдылық шарасы болып өтті.
Оған ҚМДБ төраға орынбасары, найб мүфти Бауыржан қажы Есмахан қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Бас мүфтидің қостанайлықтарға сәлемін жеткізді. Оқушыларға жаңа оқу жылында табыс тіледі. Тіршілікте балалардың жүзінен қуаныш көруден артық бақыт жоқ екендігін айтты.
Сондай-ақ Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк те балаларға сәттілік тілеп, мектеп сөмкелерін табыстады.
Жалпы, Қостанай облысы бойынша үстіміздегі жылы 1000 балаға мектепке қажетті құрал жабдықтар мен арнайы формалаар берілді.
Оның 411-і облыс бойынша мешіттерде табыс етілсе. 589-ы облыс әкімінің бастамасы негізінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылды.
Аталмыш жиын соңында ата-аналар атынан Жангүл Сейтқанова Бас мүфти Серікбай қажы Оразға және барша дін қызметкерлеріне рахметін арнайы «Алғыс хат» ұсынды.
28 тамыз күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, найб мүфти Бауыржан қажы Есмахан арнайы сапармен Қостанай қаласына келді.
Белгілі дін қайраткері ең алдымен өңірдегі дін ахуалмен танысты. Өкіл имам Бахытбек қажы Тәжімбет мәртебелі қонаққа облыстағы мешіттерде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы жан-жақты ақпарат берді.
Содан кейін найб мүфти қалалық «Жайлаубай ата» мешітіне ат басын бұрды. Киелі орындағы жамағатпен кездесу барысында «Құран туралы», «Имамдарға бағыну», «Білімнің атықшылығы», «Тәкаппарлық» және басқа да өзекті тақырыптар аясында уағыз айтты.
Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегі - қайырымды да мейірімді, адам баласына әрқашанда ерекше ілтипат танытып тұратын дін қайраткері.
Ол жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» шарасы бойынша есте қаларлық жүздесу өткізді. Аудан аумағындағы көп балалы, күнкөрісі төмен отбасылардың ұл мен қыздарын ұмытылмас қуанышқа бөледі.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде 15 балаға оқуға қажетті керек-жарақтар мен сөмкелерді тапсырды. Сондай-ақ балаларға мерекелік дастархан жайып, ерекше ілтипат танытты.
- Балалар – біздің болашағымыз. Оларға қандай көмек көрсетсек те жарасады. Сол себептен, биыл да бұл мәселеге айрықша көңіл бөлдік. Болашақта да оқушыларға қамқорлық жасауға айрықша назар аудара береміз, - дейді бас имам, Ұзынкөл ауданының құрметті азаматы Есенгелді Сақтағанұлы.
Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі қалалар мен аудандарда жылдағы қалыптасқан қалыптасқан дәстүр бойынша «Мектепке жол» акциясы бойынша қайырымдылық шаралары өткізіліп жатыр.
Нақты мысал келтіретін болсақ, таяуда Денисов ауданына қарасты Фрунзе ауылындағы «Аят» намазханасында балаларды қуанышқа бөлеген басқосу ұйымдастырылды.
Ауылдағы намазхана молдасы Болат Қуандықов өз сөзінде жоғарыда аталған акцияның қамқорлыққа мұқтаж балалардың өмірінде ерекше орын алатындығына жан-жақты тоқталды.
Содан кейін бес оқушыға алдағы оқу жылында мектепке қажетті құрал-жабдықтар тапсырылды. Әрине, осындай сыйлыққа ие болған балдырғандардың жүздері бал-бұл жанып, қолдау көрсеткен азаматтарға шексіз риза еді.
Осынау ізгі мақсаттағы шараның тиісті деңгейде жүзеге асуына жүрегі жомарт жергілікті кәсіпкерлер демеушілік етті. Оларға Алланың нұры жауып, жұмыстарында табыстан-табысқа жете берсін деген тілегімізді білдіргіміз келеді.
Жуырда облыстық мешіттің шаңырағында «Шаңырақ» дін мәселелері жөніндегі сауықтыру орталығының директоры, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі теолог Мирхат Мұратұлы Мадияров имамдар мен инспекторларға арналған семинар өткізді.
Ол «Деструктивті діни ағымдарын қолдаушыларға әсер етуші психологиялық әдіс-тәсілдерге оқыту» тақырыбын арқау етті.
Сондай-ақ облыста орналасқан түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға орыс тіліне аударылған Құран кәрім және Ислам Ғибадаты кітаптары табыс етілді.
Жалпы Имамдар мен діни қызметкерлер түзету мекемелері қызметкерлерімен алдағы уақытта да нәтижелі жұмыс атқара бермек.
Мұсылмандардың ұлы мейрамы, қасиетті Құрбан айт мерекесі құрметіне Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен футбол ойынынан жарыс өткізілді.
Осынау жарысқа аталмыш мешіт қызметкерлерінен құралған бір топ, мешіт жамағатынан тұратын екі топ және Қостанай облысындағы дін жолында қызмет атқарып жүрген имамдардан құралған бір топ командалар қатысып, бақтарын сынасты.
Қызықты да көңілді өткен бұл ойын жамағаттың қасиетті мерекеде олардың көңіл-күйлерін көтеруге, бір-біріне деген бауырмалдықты арттыруға септігін тигізді.
Онда командалар арасында ерекше көзге түскендерге лайықты сый-құрмет көрсетілді. Жеңімпаздардың аты-жөндері өзгелерге өнеге етілді. Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы барша қатысушыларға шынайы алғысын білдіріп, мұндай жарыстар барша мұсылман жамағатын біріктіре түсетіндігін айтып өтті.Содан кейін киелі орында дастарқан жайылып, бір-біріне жылы лебіздерін жеткізді.
Сонымен қатар,әңгіме арқауына айналған мейрамның құрметіне спорттық шара Қостанай облыстық мешітіндеде ұйымдастырылды.Онда, негізінен, қазақ күресінен палуандар күш сынасты.
Бұл жарысқа Рудный қалалық «Нұр» мешіті атынан бақтарын сынаған азаматтар нәтижелі өнер көрсетті. Сондай-ақ, қазақ күресінен жоғары салмақта екінші орынды -Сатжан Ғалымжанұлы, үшінші орынды Қанат Қарбозұлы иеленді.
Жеңіл салмақта бірінші орынды қарсыластарынан мықты екендігін дәлелдеген МедеуАзнабаев жеңіп алды. Ал кеншілер қаласы Рудный шаһарындағы «Нұр» мешітінің атынан қатысқан палуандар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Жақында Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінде және Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларына қайырымдылық көмек көрсету мақсатында «Мектепке жол» акциясыөткізілді.
Аталмыш акция шеңберінде мектеп жасындағы оқушыларға алдағы оқу жылына керекті сөмке және құрал-жабдықтар тапсырылды.
Әрине, мына тіршілікте балалардың жүзіндегі қуанышты көруден артық бақыт жоқ. Имандылық ордасында оларға сыйлықтар тапсырылғанда қандай қуанды десеңізші.
Осындай қайырымдылық шаралары облысымыздың барлық аудандары мен қалаларындағы мешіттерде жалғасын табады.