Фатима Әбдібекқызы Дайырова – текті әулеттің ұрпағы. Бұл күндері 93-ке жақындаған ол Қостанай қаласындағы «Аэропорт» шағын ауданында келін-немерелерімен бірге тұрады. Өткен жылы қараша айында Атбасардан осында уақытша келген болатын.
Қажы әжеміздің атасы Бекмұхамед пен әкесі Әбдібек кезінде дін жолын ұстанған ардақты кісілер еді. Бұл әулеттің тағы бір өзгелерге өнеге боларлық жағы – ұзақ жылдар бойы ұлы пайғамбарымыз Мұхаммедтің бір тал сақалын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып сақтады. Бертін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тапсырды. Ол жөнінде кезінде жазылып айтылды да.
Кеше, яғни қасиетті Рамазан айында Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Фатима Әбдібекқызының ғұмыр кешіп жатқан шаңырағына арнайы ат басын бұрып, оның жағдайымен танысты. Оған мықты денсаулық тілеп, Оразаның құрметіне азық-түлік салынған қоржынды табыс етті.
Ол өз кезегінде барша қостанайлықтарды Рамазан айымен шын жүректен құттықтап, ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі