Қазақ халқы «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөзді берік ұстанады. Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Қамысты ауданындағы сапар барысында өңірімізге танымал тұлға, жергілікті абыз ақсақал Сейітбек Есенбаевтың шаңырағына арнайы атбасын бұрды. Оның хал- жағдайын біліп, сәлем берді. Онымен жанында өзге де әріптестері бірге жүрді.
Өмірдің талай белестерінен өткен ардақты ағамыз Сейітбек Бендекұлы қазір 84 жаста. Ол 1939 жылы 1 наурызда жоғарыда аталған ауданның Красногор ауылында дүниеге келген. Кезінде ел ардақтысы аудан әкімінің орынбасары, әкім лауазымын да уақытша атқарған.
Басқа да жауапты қызметтерде болды. Осы уақытқа дейін ардагерлер кеңесін басқарды. Талай азаматтарға шапағатын тигізіп, кейінгі жастарды тәрбиеледі. Көпті көрген ақсақалға Бахытбек қажы Нұрғабылұы бастаған имамдар қарияның деніне шипа тілеп, отбасына ізгі тілегін білдірді.
Дін қайраткерлерінің кішіпейілдігіне тәнті болған ағамыз қуанышын жасырмай алғысын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі