Биыл еліміздің бірқатар өңірлерінде құрғақшылық болып тұр. Қар еріп, көктем келгелі бері жаңбыр жауған жоқ. Бұған әрине, егін өсіріп, мал бағып, содан нәпақасын айырып отырған диқандар мен малшылар қауымы алаңдаулы.
Мұндай кездері елді-мекендерде ғұмыр кешіп жатқан ағайындар қалыптасқан дәстүр бойынша мал сойып, дұға оқиды. Жуырда Қарабалық ауданындағы Бөрлі ауылы жамағаты бірігіп, тасаттық берді.
Аудандық «Ғашура ана» мешітінің Бас имамы Серік қажы Темірбекұлы жиналғандарға тасаттық жайында мол мағлұмат келтіріп, уағыз айтты. Тасаттық намазы оқылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі