Жуырда Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұйымдастыруымен Мәулет айының құрметіне арналған жамағаттар арасында футболдан облыстық ашық турнир болып өтті.
Бұл жарысқа Арқалық, Рудный қалалары мен Амангелді ауданының және Амантоғай ауылы, көршілес Ақмола облысының Жарқайың ауданы командалары қатысты. Бұл спорт сайысы салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталды.
Онда Арқалық қаласы мен Рудный шаһарындағы «Нұр» мешіттерінің бас имамдары Нұрхан Асанұлы және Бектұрсын Торғайбайұлы жиналған жұртшылықты Мәуліт айымен шын жүректен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Бірінші орынды Арқалық қаласының жамағаты иеленіп, оларға кубок пен 50 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
Жүлделі екінші орынға Рудный қаласының «Нұр», үшінші орынға Амангелді ауданының «Сатыбалды ишан» мешіттерінің жамағаттары ие болып, оларға 30 және 20 мың көлеміндегі теңгенің сертификаттары берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі