Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітіне өңіріміздегі Рыспай елді -мекенінің тұрғыны Қамқа Қапсұлтанқызынан өтініш түскен болатын.
Шоқан қажы Әмірханов басқаратын имандылық ордасының ұжымы оның тілегін қабыл алып, дер кезінде қол ұшын берді. Сөйтіп, қыстан қысылмай шығуы үшін пешке жағатын отын ағаштан көмек көрсетті.
Жалпы, «Жылу сыйла» атты қайырымдылық қорына өзінің лайықты үлесін қосқан азаматтар қашанда халықтың шынайы алғысына бөленетіндігі белгілі.
Көп балалы ана қамқорлыққа алынды
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің жанашырлары «Жылулық сыйла» қайырымдылық акциясының тиісті деңгейде өтуіне әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді.
Осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде бір мысал келтіре кетелік. Жақында имандылық ордасындағы жамағаттардың демеушілігімен облысымыздың Айсары елді-мекенінде ғұмыр кешіп жатқан 7 баланың анасы, «Алтын алқа» иесіне қыс айында пешке жағатын көмір мен тамызық боларлық ағаш түсіріп берді.
Қайырымдылық адам бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Солтүстік өңірде басқа аймақтарға қарағанда ауа-райы суық әрі аязды болатыны белгілі. Сол себептен жамағаттардың қолдауымен ардақты апамызға көмегімізді көрсеттік, - дейді аталмыш мешіттің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі