Жақында Алтынсарин ауданының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Жергілікті «Алдиярұлы Жанұзақ» мешіті күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Оның ішінде ерлер мен әйелдерге арналған дәретханалар кеңейтілді. Жылытылған еден орнатылды. Мешіттің жанынан 250 адамға лайықталған асхана салынды.
Салтанатты жиынға Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет қатысып, мұсылман қауымын аудан өміріндегі айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтады. Имандылық ордасына демеушілік еткен жүрегі жомарт кісілерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан Алғыс хаттарды табыс етті.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мешіттегі ізгі мақсаттағы істердің жүзеге асырылуына «Алдияр» бірлестігі, Жамановтар әулеті және Алтынсарин ауданының кәсіпкерлері өздерінің қомақты үлестерін қосты. Жанашыр азаматтардың иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі