Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» қозғалысының жетекшісі, публицист, ғалым, журналист Әлихан Бөкейханның 160 жылдығы кең көлемде атап өтілуде.
Осы айтулы датаға орай Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің мәжіліс залында «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» атты танымдық-тағылымдық мәні зор рухани кеш ұйымдастырылды.
Тағылымды басқосу Алаш қайраткерінің рухына арналып, Алланың сөзі – Қасиетті Құран бағыштаумен басталды.
Жиынды облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев ашып, кездесудің басты мақсатына тоқталды. Ол өз сөзінде халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Нұрмұхаммедұлының ел болашағы үшін арнаған саналы ғұмыры, азаттық жолындағы қажырлы күресі мен ұлтқа сіңірген өлшеусіз еңбегі жайында тағылымды ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, жастарға білім алудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, Алаш көсемдерін ардақтай білу, ұлт тарихын терең тану – бүгінгі буынның басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.
Кеш барысында арнайы шақырылған қонақтар – белгілі ғалымдар, Қостанай өңірлік университетінің профессорлары Қалқаман Жақып пен Жангелді Шәукенов сөз сөйлеп, «Алаш» қозғалысының төрағасы, артында өшпес із қалдырған тұлғаның өмір жолы, елдік мұраты және кейінгі жастарға өнеге болатын асыл қасиеттері жайында кеңінен әңгімеледі.
Кездесуге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университеттің студенттері де белсене қатысты. Олар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Жиын соңында қонақтарға құрмет көрсетіліп, құнды кітаптар сыйға тартылды.
Осындай тағылымы мол, жастардың рухани танымын кеңейтетін игі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған мешіттің баспасөз тілшісі Оразалы Жақсановқа ерекше алғыс білдіреміз. Мұндай рухани-танымдық кездесулер ұлт тарихын ұлықтап, Алаш мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіруге үлкен үлес қосары сөзсіз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


















