Жуырда Федоров ауданы «Жиентай қажы» мешітінің жамағаты мен Успенов ауылы жамағатының арасында спорттың волейбол түрінен жарыс өткізілді.
Оның алдына қойған мақсаты - жастарды салауатты өмір салтына, спортқа тарту болатын. Оны жете түсінген қауым ойынды ұйымдастыруға белсене атсалысты.
Өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, ҚМДБ тарапынан да соңғы жылдары мұндай тәрбиелік мәні зор шараларды өткізуге ерекше назар аударылып келеді.
Жалпы осы Федоров ауданында ұйымдастырылған жарыстан оған қатысушылар үлкен әсер алды. Мұндай спорт түрлерінен ойындар алдағы уақытта өңірдің өзге де аудандары мен елді-мекендерінде жалғасын таба береді деген үміттеміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда облысымыздың Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде Мәуліт мерекесі жоғары деңгейде өткізілгендігі белгілі.
Онда ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек Тәжімбет жергілікті мұсылман қауымын жоғарыда аталған мейраммен шын жүректен құттықтап, жиналған қауымға ізгілік, отбасында молшылық тіледі.
Сондай-ақ осы мерекеге орай іскер азаматтар да жомарттық танытты. Мәселен, «Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Абай Құспанұлы шаһардағы мешітке «Лада Гранта» жаңа автокөлікті сыйға тартты.
Жаны жайсаң бауырымызға алдағы уақытта да Алланың нұры жауа берсін деген ең ізгі тілегімізді білдіреміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Құрметті Қостанайлықтар және қала қонақтары сіздерді ү.ж. 21 қаңтарда сағат 11.00-де, «Мирас» мәдениет сарайында өткізілетін әлемнің жарық нұры, екі дүние сәруәрі болған пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) туылған күні, Мәуліт мерекесіне арналған «Адамзаттың абзалы» атты мерекелік рухани кешімізге шақырамыз.
Бұл мейрамды атап өткізудегі негізгі мақсат – Алланы мадақтап, пайғамбарға (ﷺ) салауат айту, ел бірлігін насихаттау, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, қоғамымыздағы адамдарды Отан сүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-анасын құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен жаңа тағайындаулар болды. Атап айтқанда Рудный қаласының бас имамы қызметіне Мурзаканов Азамат Серікбайұлы тағайындалды. Ол «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеттінің түлегі. Алтынсарин және Қостанай аудандарында бас имам қызметін атқарған. Осы тағайындауға дейін Қостанай облысының найб имамы болып жұмыс істеген.
Ал Рудный қаласы «Нұр» мешітінің бас имамы қызметін атқарған Сеит Темірбекұлы Қостанай облысының найб имамы лауазымына тағайындалды.
Бұл жасалып жатқан жұмыстар ҚМДБ-ның бекіткен Ережесіне сәйкес орындалуда.
Өз кезегінде Рудный қаласының жамағаты Сеит Темірбекұлына рахметін білдірді. Ақсақалдар шапан жауып, жаңа қызметіне табыс тілеп ақ батасын бері.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қаласында мәуліт мерекесі өткен жылдың желтоқсан айында бастау алған болатынды. Шаһардағы және оған қарайтын ауылдық мешіттерде шәкірттер мәуліт қасидаларын оқып, салауаттар айтты.
Ал үстіміздегі жылдың 8 қаңтарынан бастап, спорттық сайыстардың апталығы да қолға алынды. Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті мен шаһардағы спорт бөлімінің басшысы Айтжан Маликовтың ұйымдастыруымен спорттық сайыстар да өткізілді. Мұндағы мекемелер мен ұжымдар арасындағы волейболдан, үстел теннисінен және гір көтеруден сайыстар жұртшылықтың көңілінен шықты.
Осынау жарыстың арнайы ашылу салтанаты «Жігер» стадионында өтті. Онда қала әкімінің орынбасары Қайрат Әбішов мерекеге жиналған қауымды құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ал мешіт имамы Бектұрсын Торғайбайұлы тағылымы мол мейрамның мән-маңызына тоқталып, спорт сүйер жұртшылыққа жүректен шыққан шынайы лебізін білдірді.
Өткен сәрсенбі күні «Жас-Ұлан балалар және жасөспірімдер орталығында» «Адамзаттың абзалы» атты рухани кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Бұл басқосуда алдымен қалалық мешіттің шәкірті, Астана қарилар курсының тәлімгері Дінмұхамед Саулетұлы қасиетті құран аяттарын оқыды.
Ғибратты жиында ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы сөз сөйлеп, барша қала тұрғындары мен қонақтарды үлкен мерекемен құттықтады. Сонымен қатар мәуліттің мән-мағынасын түсіндіріп, пайғамбарымыздың өнегесі жайлы уағыз айтты.
Өкіл имам осы қаладағы дінімізге жанашылық танытып, демеушілік көрсетіп жүрген мекеме мен ұйым басшыларына алғыс хат тапсырды.
Олардың қатарында Арқалық қалалық мешітіне автокөлікті сыйға тартқан «Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Абай Құспанұлы, осынау киелі орынға бейне бақылау қондырғысын орнатқан «Агро интерптица» ұжымының жетекшісі Камиль Рашидұлы және мерекелік дастарханға демеуші болған Мираш қажы Тәшетұлы секілді іскер азаматтар бар.
Берері мол кеште қала әкімі Амантай Кәкімбекұлының шынайы лебізінде жиналған көпшілік ұйып тыңдап, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
Содан кейін «Шүкіршілік» атты сахналық қойылым көрсетілді. Театр әртістері рөлдерін шеберлікпен орындағаны соншалықты, көрермендер тіпті көздеріне жас алды.
Бұл тәрбиелік мәні зор кешті танымал ақын ақын Тоба Өтепбаев жүргізіп, жамағатқа ой салар жыр жолдарын арнады.
Мектеп оқушылары мен мәдениет бөлімінің өнерпаздары иләһи әндерді нақышына келтіре шырқап, күмбірлете күй шертті.
Жалпы, арнайы ұйымдастырылған рухани кешке қала жұртшылығы көп жиналды. Олар басқосудан ұмытылмас әсер алып, жандүниелерін рухани жағынан байытты.
Жиынның соңында Арқалық қаласы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы мәуліт мерекесін өткізуге атсалысқан жанашыр азаматтар мен спорттық ойындардың жеңімпаздарын марапаттады.
Сол күні мәуліт мейрамының құрметіне „Сайора„ шатханасында дастархан жайылып, қайырымдылық асы берілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Баршаға мәлім, Қостанай қалалық мешіті қашанда қайырымдылық істерде мұрындық болып халықтың шынайы алғысына бөленіп келеді.
Өйткені олар осы күнге дейін түрлі мекемелерге барып, қайырымдылық шараларын өткізді. Мәселен, жетім балалар және жасөспірімдер үйлеріндегі ұл мен қыздар ерекше қуанышты бастан кешіп, дән ризашылығын білдірді.
Тағдырдың жазуымен жастайынан ата-анасынан ажырап, мейірім мен жылы сөзге мұқтаж жандарға қандай көмек берсе де жарасады емес пе.
Жуырда жоғарыда аталған киелі орынның қызметкерлері Қостанай шаһарындағы облыс әкімдігі білім басқармасының жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленіп жатқан №2 мектеп-интернатында болды.
Онда ұлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) туған күні яғни Мәуліт мерекесіне орай қалалық мешітінің ұжымы атынан сыйлықтар тапсырылды.
Осында ұл мен қыздар өздеріне табыс етілген ойыншықтар мен тәтті тағамдарды алған кезде қуаныштан жүздері бал-бұл жанды.
Балдырғандар өз кезегінде өнерлерін көрсетіп, өлең оқыды, әсем әндерді орындады. Әрине, сол сәтте оған куә болған жандар мына дүниеде балалардың қуанышынан артық ештеңе жоқ екендігіне көздері айқын жетті.
Сондай-ақ мешіт қызметкерлері облыс орталығындағы №3 балалар үйіне де атбасын бұрып, Мәуліт мерекесіне байланысты ондағы бүлдіршіндерге сыйлық табыс етті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «2020 жылға дейін діни білім беруді дамыту» тұжырымдамасы негізінде Қостанай облысы өкілділігінің ұйымдастыруымен қалалық мешітте 2015 жылы желтоқсанда екі айлық «Сауат ашу курсы» ашылған болатын.
Аталмыш курста бүгінгі күні 5-ші топта 18 шәкірт діни білімін «Фиқһ», «Ақида», Құран», және «Араб тілі» мен «Тәжуид» пәндерінен жетілдіріп, тамамдады.
Осы жолғы шәкірттерге «Сертификат» тапсыру рәсімінде Қостанай қалалық мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Ғазизұлы сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірсе, мешіт ақсақалы Мұстафа қажы Құрбанұлы ақ батасын берді.
Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапындағы діни оқу орындарына, биылғы жылы Қостанай облысы бойынша 19 шәкірт қабылданды.
Алдағы уақытта Алла Тағаланың хақ діні Исламның шариғатын үйреніп, діни сауатын ашып, дәріс алам деп талаптанушыға әрдәйым дәріс беруге, әмәндә Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.у) салып кеткен сара жолына бастап, көркем мінезін қамтыған сабақтарды үйретуге Дүйсен, Бақберсін, Дархан ұстаздардың ықласты. Әр-бір қазақ елінің азаматы өз отанын сүйуге, тілін, ділін, дінін білуі парыз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, елімізге танымыл діни ұстаз Сарыағаш медресесінің директоры және РАНТ мүшесі Абдуғаппар Сманов, Ақмола облысынң өкіл бас имам Қанат Қыдырмин және «Насихат» қоғамдық қорының басшысы Қанат Алшимбаевтар Қостанай өңірінде іс-сапармен болды.
Аталмыш дін қайраткерлері Аймағанбет қажы Спанұлы және Рудный қалалық «Нұр» мешіттерінің жамағатымен бірнеше кездесу өткізді.
Келушілер де көп болды және ұстаздардың ғибратты уағыз насихаттар әсерлі өтті. Жандарына ыстық болып кеткен ұстаздарын жамағат құшақ жайып қарсы алып, уағыздарын сүйсініп тыңдады.
Сансызбай ұстаз қазіргі таңдағы үйлену және ажыраспай сол шаңыраққа еге болу туралы, ал Абдуғаппар ұстаз Алла тағаланың бізге берген үлкен нығметінің бірі «Намаз» тақырыбында Исламның көзқарасын, Құранның аяттарын хадистермен дәлелдеп айтып өтті.
Жалпы әрбір уағызда, кездесуде «Бірлік, татулық, бауырмашылдық» тақырыптары бойынша келелі әңгіме болып, жамағат тарапынан сұрақтар қойылып тартымды өтті.
Қостанай өңірінде келген ұстаздарға жамағаттың ыстық ықыласы мен алғысы шексіз болды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында шаһардағы «Арай спорт кешенінде» Лисаков мешітінің ұжымы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы және Мәуліт мерекесіне орай шағын футболдан турнир ұйымдастырды.
Аталған жарысқа төрт команда қатысты. Мешіт жамағаты да бақтарын сынап, өзгелерге өнеге көрсетті. Аталған турнир өте тартысты және қызықты өтті. Онда нағыз бабындағылар көзге түсті.
Мәселен, бірінші орынға қалалық өрт сөндіру мекемесі ие болып, жеңімпаз атанды. Жарыста белсенділік танытқан „үздік қақпашы», «үздік қорғаушы» және «үздік шабуылшы» номинациясы бойынша да топ жарғандарға арнайы марапат пен жүлделер тапсырылды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
«Қайырымдылық жасасаң - қайырымын өзің көресің» демекші, ол халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі болып табылады.
Үстіміздегі жылы қазақ елі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтті. Бұл ерекше қуанышты күнге орай облыс орталығына іргелес жатқан Рудный кеншілер қаласында жергілікті «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт қажы Темірбекұлының ұйытқы болуымен қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Бас имам көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу әрбір азаматтың парызы екендігіне тоқталды. Мешітке келген қала тұрғындарының Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы және Мәуліт мерекесімен шын жүрекпен құттықтады.
Содан кейін қайырымдылық мақсатында қолдауға мұқтаж жандарға азық-түлік берілді. Бас имамның мұрындық болуымен өткен жиынға қатысушылар оған ризашылықтарын білдіріп, батасын берді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі