Ислам мәдениетіндегі мемлекеттер Батыс мәдениетінің шекараларын Әмәуилер, Аббаситтер мен Осман империясының шарықтау кезеңдерінде өздеріне қосып алуға тырысқан, бұл жаулап алу әрекеті, әсіресе, түріктердің Исламды қабылдауларынан кейін өрши түсті. Анадолының басып алынуынан кейін крестшілер жорықтарының себебімен және мұсылман түріктердің Батыс елдеріне жасаған шабуылдарының нәтижесінде Ислам мәдениеті мен Батыс мәдениеті бетпе-бет кездесті.
Фараби, Ибн Сина, Ғазали сияқты Ислам философтарының және Аристотельдің шығармаларын Еуропа, латын тілдеріне аудару еңбегімен қатар, Батыс әлемі өзге ғылымдармен де шұғылдану керектігін байқады. Тіпті университеттерінде де ХІІ ғасырдың соңғы жылдарынан бастап медицина сбақтарының тақырыптарын Ибн Синаның «Канон» және Ибн Рушдтің медицина жайындағы еңбектерінен алды.
Римдіктер және олардың ізбасарлары болып табылатын византиялықтар Шығыс культурасының Батысқа өтуіне себепкер болды. Ислам дінінің келуінен бастап Батыс әлемі Шығыс культурасын Ислам мәдениеті арқылы алуға және жаюға мәжбүр болды. Ескі Шығыс мәдениетінің және антикалық (ежелгі) дәуір ғылымдарының Батысқа өтуіне мұсылмандар себепші болған. Ежелгі замандарда шыққан ғылымдарды сол елдерге барып үйренген мұсылмандар, бұл ғылымдарға көптеген өз үлестерін қосып Батысқа жеткізген.
Ислам мәдениетінің Батысқа келуінің бірнеше жолдары бар:
1. Орта ғасырда Ислам мәдениеті Еуропаға Испания арқылы алғаш қадам басты. Экономикалық және культуралық өркендеу, қысқа уақытта Еуропа өлкелеріне өз әсерін тигізді. 711-жылы Испанияның мұсылмандар тарапынан басып алынуынан кейін 755-жылға дейін Сириядағы халифалық орталығы тарапынан басқарылды. 715-жылы ІІІ Абдуррахман Куртубаның бостандығын жа- риялады. Куртуба ІІІ Абдуррахман дәуірінің соңына дейін (912-961) ислами тәрбие, өнер және ғылымдармен Еуропаны қамтамасыз етіп отырды. Ол дәуірде тіпті еуропалық профессорлардың өзі Куртубада тәжірибе жинап, емтихан тапсыратын еді.
2. Ислам мәдениетінің Батысқа әсер етуінің екінші жолы Сицилия арқылы болды. Мұсылмандар христиандардың білім үйренгісі келген адамдарына ме- дреселерде сабақ алып, білімдерін жоғарылатуларына жәрдем ететін еді. Ислам мемлекетіне ғылым үйрену мақсатымен келген христиандар да Ислам мәдениетінің дәстүрлері мен ғылымдарын жалғастырушылар қатарына қосылды. Ресми тіл ретінде араб тілі қолданылды. Тіпті дипломдарының бір бөлімі арабша толтырылды. Қысқаша айтар болсақ, Х ғ. Сицилия мен Нормандияның басқару жүйесінде ислами дәстүр бар еді.
3. Ислам мәдениетінің Еуропаға келуінің үшінші және ең маңызды жолы тарихта крестшілер жорықтары арқылы болған. Бұл жорықтар шіркеулер тарапынан Исламның сол кездегі билігін, күшін жойып, әлсіретіп, христиандықты жоғары ұстау мақсатында ұйымдастырылған. Олардың жорықтары мұсылман түріктердің және арабтардың қарсы тұруларымен тоқтатылған. Бірнеше рет қайталанған крестшілер жорықтары еуропалықтардың Ислам өлкелерімен қарым-қатынас жасауына себеп болды. Бұл жорықтардан отандарына аман-есен оралғандар, мұсылман түріктердің имандарын, басшыларына деген құрметтерін, тазалықтарын, жомарттық пен дұрыстықтарын ауыз толтыра мақтап жеткізе ал- майтын еді. Крестшілер жорықтары кезінде Еуропа ұйымдастырылған мемлекет ретінде емес еді. Осы жорық барысында мұсылмандардан мемлекетті қалай ұйымдастыру керектігін үйренген. Құдыста тек қана жарты ғасыр өмір сүрген еуропалықтар мыңдаған мұсылмандарды шейіт етті. Бұлар тек біраз жылдар өткеннен кейін мұсылмандарға еліктей бастады. Мұсылмандардың шығармаларын аудара бастады. Бұл шығармалардың көбі Ислам мемлекеттерінің мәдениеті мен тұрмысын әңгімелейтін шығармалар еді. «Константинополь» және «Адлер» деген шығармалар Ислам халифалығы туралы әңгімелейді. Ибн Синаның «Китабун-Нәфс» және «Шифа» атты шығармалары Иеханның аударуымен Еуропаға ұсынылады. Фараби және Ғазали сияқты философ әрі ғылым адамдарының еңбектерін зерттей бастады.
4. Италияның порттық қалалары арқылы, солтүстік Еуропаға Венеция, Генуя және осы сияқты порттық қалалар арқылы келіп жатты.
5. Ғылым саласында түрік әлемінің Батысқа әсер етулерінің ХІІ ғ. басталғандығын айтуға болады. Мысалы, Ғазали, Ибн Сина және Фарабиден басқа дәрігер Разидің әртүрлі ауруларға қарсы қолданған дәрілері медицина тарихында белгілі. Осман империясының үстемдігі ұзақ уақытқа дейін жалғасты. Бұл үстемдіктің айқын дәлелі балқандықтардың тіліне енген түрікше сөздер және түрік тіліндегі словияндық терминдер еді.
Мұсылмандар билік жүргізген елдерде әрқашан да бейбітшілік орнап, дінге ерік берілгені және халықтың мұң-мұқтажы ескеріліп, өмір сүргендігіне тарихи деректер мол. Бұған Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) Ислам әлеміне қосылған жерлердегі халықтармен қарым-қатынасы айқын мысал бола алады. Құран мен Алла елшісінің жолынан таймаған мұсылман билеушілері өздері құрған қоғамның тыныштығы мен әділеттілігін қамтамасыз етіп, діни сенімге адалдық та- нытып, мұның өзі кейінгі ұрпақтарға үлгі болып қалды.
Мұсылмандар, христиандар мен еврейлер ешқандай қақтығыс-соғысты көрмей қатар өмір сүрген мұсылмандардың биліктерін мойындаған. Палестина мен Иерусалим жеріндегі тұрақтылық пен діни сенім бостандығы бұған бұлтартпастай айқын мысал. Исламның 1400 жыл бойы Иерусалим мен Палестина жерінде бейбітшілік кепілі болып тұрғаны талассыз тарихи факт. Иерусалим біздің дәуіріміздің 71 жылына дейін еврей патшаларының астанасы болған. Бірақ осы жолы Рим әскерлері үлкен жорыққа шығып, еврейлерді талқандады. Халықты аяусыз қырды. Бейбіт халық қоныстарынан қуылды. Еврейлер үшін диаспора дәуірі, міне, осы кезден басталды, ал Иерусалим мен оның төңірегі иесіз бос үйіндіге айналды. Рим империясы император Константиннің тұсында христиандықты қабылдағаннан кейін ғана Иерусалим қайта назарға ілігіп, құрметке ие бола бастады. Римдік христиандар қалада шіркеу салып, бұл жерлерге еврейлердің қоныстануына рұқсат етті.
Біздің дәуіріміздің VII ғасырында Палестина Шығыс Рим (Византия) империясының құрамында болды. Біршама уақыттан кейін бұл территорияны парсылар жаулап алды. Бірақ көп кешікпей Византия Палестинада өз үстемдігін қайта орнатты. Палестина тарихындағы жаңа кезең бұл жерлерге 637-жылы араб халифатының әскерлері- мұсылмандардың енуімен басталды. Нақ осы оқиғадан соң ғасырлар бойы толассыз соғыс пен билеушілердің қатыгездігі, бейбіт халықты қуғындау, бір діннің екінші бір дінге үстемдігімен алма-кезек ауытқулардан мезі болған Палестина жерінде енді діни сенім бостандығы мен өркендеу дәуірі басталды. Палестинаға Мұхаммед пайғамбардан (с.а.у.) кейінгі екінші халифа болған Омардың (р.а.) әскерлері кіреді. Қалаға келген Омар Фаруқ (р.а.) Палестинаны мекендеген барлық этникалық және діни топтарға жылы ықылас танытып, құрметпен қарады. Бұл Палестина жұртшылығы арасындағы дін еріктігі мен өзара сыйластық дәстүрінің басы еді.
Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ
Мұхаммед пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Харам меншітінен Ақса мешітіне дейін серуендеткен, Ақсадан жеті қат көкке көтерген, әр қабатында аяттарын көрсеткен, әр аяттарын мұсылмандарға ғибрат еткен Аллаға сансыз мақтаулар айтамын. Миғражда көргенін күмәнсіз үмметке насихат еткен Пағамбарға Алланың игілігі мен амандығы болсын. Пайғамбардың әрбір сөзін растаған Сыддық сахабаларға Алла разы болғай. Сахабалардың амалын үлгі еткен мұсылман үмметтін Алла туралықтан адастырмағай.
Исра мен Миғраж оқиғасы және осы оқиға кезінде бес уақыт намаздың парыз болғандығы ғұламалардың бір ауыздан ижмасы бойынша мутауатир (ең қуатты) дәлелмен бекітілген. Алайда Исра мен миғраж оқиғасы қай күні болғандығы жайлы ғұламаларымыз түрлі пікірге кеткен. Ең қуатты әрі көпшілік пікір исра және миғраж оқиғасын миләди 621 жылы, ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні, дүйсенбіде болғандығына тоқтайды. Бұл түнде немесе күндізінде бекітілген нақты ғибадат жоқ. Күндізіндегі ораза ережеп айындағы мұстахаб ораза болып саналады.
Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады. (Түнгі сапар арабтарда "исра” деп аталады). Одан миғражға («Миғраж» - көтерілу деген мағына береді) – жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі – аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді.
Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді.
Исра және миғраж оқиғасы пайғамбарлықтың шамамен оныншы жылы, яғни ислам тарихында "қайғыға толы жыл” деп аталған кезде жүзеге асты. Сол жылы пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлкен ұлы Қасым шетінеді. Соңынан ұлы Абдулла да қайтыс болды. Бауыр еті балаларынан айырылу Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оңайға соқпады. Осы жылдары қорғаушысы әрі аяулы ағасы Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз да дүние салды. Мұсылмандар кәпірлердің зорлық-зомбылығы мен ауыр азабынан қиналған-ды. Мұндай оқыс оқиғалар мен қайғылы қазалардан Расулулланың қабырғасы қайысты.
Дегенмен, миғраж хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз үшін Алла Тағала тарапынан үлкен жұбаныш әкелді. Үміт шамын қайта жақты.
Осы түнде періште Жәбірейіл (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбарымызға: «Ей, Мұхаммед, Алла Тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырып жатыр», – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен амандығы болсын) пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда:
سُبْحانَ الَّذِي أَسْرى بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بارَكْنا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آياتِنا إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ
"Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрәк қылған Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол естуші, білуші”, – деді ("Исра” сүресі, 1-аят).
Үш мешіт қасиетті саналады. Олар Кағба мешіті (Меккеде), Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешіті (Мединеде) және әл-Ақса мешіті (Иерусалимде). Бұл мешіттердің маңайында қылмыс пен күнәлар жасау харам (тиым салынған). Әл-Харам деп аталуының да себебі осында.
Аяттағы әл-Харам мешіті дегенде Мекке қаласы меңзеледі. Әл-Ақса мешіті кезінде Мұса мен Иса және ол екеуінің арасында өткен пайғамбарлардың (Алланың оларға сәлемі болсын) қыбыласы болған. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен амандығы болсын) да Меккедегі әл-Харам мешіті қыбыла болғанға дейін Ысқақ пен Яқуб екеуі салған әл-Ақса мешітіне қарап намаз оқыған. Бұған қажылық сапарына барған бауырларымыз Мединедегі әл-Қибләтәйн (екі қыбылалы) мешітінде болғандарында көздері жетеді. «Ақса» ұзақ, алыс, бір шеттегі деген мағынаны білдіреді. Ол мешіт Меккеге қарағанда алыс, шеттегі ғибадатхана болғандықтан «әл-Ақса» деп атанып кеткен.
Әл-Ақса мешіті Алла тағала тарапынан берекелі мекен етілген. Оның хабарын аятта: «төңірегі тұнған береке», – делінді. Расында да, ол мекен мүбарак етілгендігінен Алла Тағала топырағын өте құнарлы, егіндерінің өнімін мол, ауа райын ғажап, суларын мөлдір әрі шипалы еткен. Сондай-ақ осы өлкеден көп пайғамбарлар шыққан.
Исра оқиғасы түс те, рухани серуен де емес. Ол пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өңінде денесімен, әрі рухымен жасалған сапар. Имам Тахауи Ақида мәтінінде былай дейді:
والمعراج حق ، وقد أسرى بالنبي صلى الله عليه وسلم ، وعرج بشخصه في اليقظة إلى السماء ، ثم إلى حيث شاء الله من العلا ، وأكرمه الله بما شاء ، وأوحى إليه ما أوحى ، ( ما كذب الفؤاد ما رأى )
Миғраж оқиғасы ақиқат. (ол түні) Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен амандығы болсын) Исра жасады. Ояу халде денесімен дүние аспанына көтерілді, одан ары Алла қалаған биіктікке көтерілді. Алла қалаған кереметтермен құрметтелді. Алла сол сәтте оған уахи берді. «(Пайғамбар) Көрген нәрселері жайлы еш өтірік айтпады» (Ән-Нәджм-11)
Ал миғраж – биікке көтерілу, жоғарылау дегенді білдіреді. Шариғатта – пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен амандығы болсын) Бәйтул-Мақдис мешітінен аспандағы Сидратул-мұнтәһәға көтерілгенін айтамыз. "Сидрат” арабшада ағаш, ал «мұнтәһә» – соңғы деген мағына береді. Мұнан әлемнің соңғы шегі түсініледі.
Алла Тағала бұл жайында Нәджім сүресінің 12-17 аяттарында былай баяндайды:
أَفَتُمَارُونَهُ عَلَى مَا يَرَى
Ал енді оның көрген нәрсесіне сендер таласасыңдар ма? (12)
وَلَقَدْ رَآهُ نَزْلَةً أُخْرَى
Расында ол, Жебрейілді екінші рет көрді. (13)
عِندَ سِدْرَةِ الْمُنتَهَى
Тұрақтау ағашының жанында. (14)
عِندَهَا جَنَّةُ الْمَأْوَى
Оның қасында Мәуа жаннаты бар. (15)
إِذْ يَغْشَى السِّدْرَةَ مَا يَغْشَى
Сол уақытта ағашты қаптаған нәрсе қаптады. (16)
مَا زَاغَ الْبَصَرُ وَمَا طَغَى
(Мұхаммедтің) көзі таймады да, үстірт қарамады. (17)
Адамзаттың өзінен тыс әлеммен қарым-қатынас жасауы әркімнің ақылына қона бермейді. Оған тек иман келтіргендер ғана сене алады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде де ой өрісі тар, дүниенің қалай пайда болғанын және де Жаратушы Иесінің құдіретіне күмәнмен қарап, сауатсыздықтан аса алмаған мүшріктер: «Керуен бір айда әрең барып келетін ұзақтықты Мұхаммед қалай бір түнде жүріп өтеді?» – деген күмәннан аса алмаған. Бірақ, Әбу Бәкір сияқты ислам дінін шын жүрекпен қабылдаған мұсылмандар: «Егер Мұхаммед осылай деген болса, онда ол дұрыс айтыпты. Мен оны бұдан да ұзағыраққа бардым десе де растаймын», – деп жауап берген.
Миғраж оқиғасы туралы мағлұматтарды көптеген діни кітаптардан табуға болады. Олар: «Қысасул-әнбийа» (Ибн Касир), «Тәжул-қысас» (Ахмад ибн Мухаммад ал-Бухари), «Миғраж» (ибн Араби), «Мәғәрижун-нубууәт» (Абдул-Хақ ибн Сайфуд-Дин ) және т.б. кітаптар. Осы кітаптардан ортақ мағлұматты назарларыңызға ұсынамыз.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәбірейіл маған пырақ деген жануарды жәннаттан алып келді. Пырақ есектен биік, қашырдан аласа, қадамын көз ұшы жететін жерге тастайтын жүйрік жануар екен. Оған мініп, Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) екеуміз Бәйтул-Мақдиске келдік. Мұнда бізді дүниеден өткен пайғамбарлар күтіп алды. Сахих хадистерде Алла елшісі пайғамбар бауырларымен Ақса мешітінде екі ракағат намаз оқығаны айтылады. Екі бас намазда пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) имамдыққа өтуі Ислам діні Алла Тағаланың Өз пендесіне жолдаған соңғы сөзі екендігінің айғағы. Сондай-ақ, бұл намаз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның әкелген дінінің дәрежесін көрсетеді.
Бірінші қабат
Мен пыраққа мініп, кей хабарларда пырақты Ақса мешітіне қалдырып жер бетінен көкке көтерілдім. Жәбірейіл қасымда болды. Аспанның бірінші қабатына жеттік. Жәбірейіл оның күзетші періштесіне: «Қақпаны аш!» – деп бұйырды.
– Қасыңдағы жолдасың кім? – деп сұрады періште.
– Бұл Алланың хабибі соңғы пайғамбар Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – деп жауап берді.
– Мұхаммедтің пайғамбарлық дәуірі басталды ма? – деп таңғалып сұрады періште.
– Иә! – деп жауап қайырды Жәбірейіл.
– Қош келдің, Мұхаммед! – деп сүйіне қақпаны ашып, пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы алды ол.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті қат аспанға көтерілген сайын әр қабатта оны пайғамбар бауыры қарсы алып, «Қош келдің, ізгі бауырым!» деп өз ілтипатын көрсетіп жатты.
Бірінші болып қарсымыздан Адам (оған Алланың сәлемі болсын) шықты. Мен оған сәлем бердім. Ол маған: «Ей қадірлі перзентім, қош келдің», – деді. Адамның (оған Алланың сәлемі болсын) оң мен сол жағында есік бар екен. Оң жағына қарап қуанып, сол жағына қарап көзіне жас алатын. Оң жағындағы жәннат есігі. Жәннатқа кіретін ұрпақтарының хал-жағдайын көріп, сүйсінер еді. Сол жағындағы тозақ есігі. Тозақтағы ұрпақтарының тартатын азабына қайғыратын.
Осыдан кейін Нұх (оған Алланың сәлем болсын) пайғамбармен жолықтым. Нұх пен Адамның бірге болуы жайдан-жай емес. Адам Ата жер жүзінде жаратылған бірінші адам болса, Нұх дүние жүзін су басып, барша жан иелері қайтыс болғаннан кейін, кемеде сақталып, тірі қалған халықтың атасы саналып келеді.
Алла күн мен айды және шексіз жұлдыздарды жақыннан көруді маған нәсіп етті. Сансыз періштелер Алланы дәріптеп, мадақ айтып жүргенін көрдім. Періштелердің бір тобы сапқа тізіліп, тік тұрып, Алланы ұлықтап жатыр екен. Мен Жәбірейілден: «Бұлар не істеп тұр?» – деп сұрадым. Ол маған: «Бұлар Жаратушы Иесіне ғибадат етіп тұр. Аспан жаратылғаннан қиямет күніне дейін осылай тұрып, құлшылық етеді. Бұлардың ғибадаты осылайша өтеді», – деп жауап берді. Мен де үмметіме осы ғибадатты сұрадым. Алла тағала сөзімді жерде қалдырмай, үмметіме намаз ішінде қиямда тұруды парыз етті.
Содан соң, дүниеден өтіп, түрлі азаптарға салынған күнәһарлар тобын көрдім. Жәбірейілден: «Бұлар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар кісі өлтірген, әке-шешесін қорлаған, араққа салынған, өсек, өтірік, жала сөздер айтқан, Алланың әміріне құлақ қоймаған адамдар және басқалар», – деп егжей-тегжейін баяндап берді. Бірінші аспанды еркін араладым. Аспан көркем әрі су сияқты көкпеңбек екен. Бірінші аспан мен екінші аспан арасындағы қашықтық бес жүз жылдық жол. Қалыңдығы да сонша екен.
Екінші қабат
Ол жерден аттанып аспанның екінші қабатына жеттік. Оның есігінің қасында да жоғарыдағыдай сұрақ-жауап болды. Рұқсат алып, ішкері кірдік.
Хазіреті Яһия мен Иса пайғамбарлар (оларға Алланың сәлемі болсын) осында екен. Олармен кездесіп, баталарын алдым.
Осы аспанды аралап жүргенде Мүнкир-Нәкир атты екі періштені көрдім. Бұл періштелер жерленген мәйіттің қабіріне кіріп, олардан сұрақ-жауап алады екен. Қастарына барып, сәлем бердім. Олар мені жақсы қарсы алды. Мен оларға: «Қабірде жатқан мәйіттен қалай сұрақ-жауап аласыңдар?» – деп сұрадым. Олар: «Адамдар мәйітті қабірге қойып кеткеннен соң, алдына кіріп: «Раббың кім, пайғамбарың кім, дінің не?» – деп сұрақ береміз. Шын мұсылман сұрағымызға: «Раббым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), дінім – Ислам», – деп қиналмай жауап береді. Оның жауабына қанығып, қайтып кетеміз. Пасық, мұнапық және кәпірлер сұрағымызға жөнді жауап бере алмайтыны анық. Біз оларды азапқа саламыз», – деп түсіндірді.
Үшінші қабат
Аспанның үшінші қабатына келдік. Ондағы сақшы періште де: «Қош келдің, Мұхаммед!» – деп бізді қуана қарсы алды. Мұнда жетпіс мың періштенің «Сүбхаанә зиль-мүлки уәль-мәләкуут, сүбхаанәль-мәликиль-хаййиль-ләзии ләә ямуут» (яғни, Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – барлық мүліктің әрі құдіреттің иесі. Және Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – хақиқи патша. Ол өз сипатымен тірі, ешуақытта өлмейді), деп тәсбих айтып жатқанын көрдім. Бұл жерден өтіп, сапарымды жалғастырдым. Мұнда бастарын сәждеге қойып, Аллаға тәсбих айтып жатқан періштелерді көрдім. Мен оларға сәлем бердім. Олар бастарын сәждеден көтеріп, сәлеміме жауап айтты да, қайтып сәждеге жығылды. Мен Жәбірейілден: «Үшінші аспандағылардың ғибадаты осы екен де?» – деп сұрадым. Ол маған: «Иә, Алладан бұл ғибадатты сіз де сұрасаңыз болады», – деді. Солай істедім де. Алла тағала дұғамды қабыл етіп, намаздың әр ракатында екі рет сәжде жасауды маған парыз етті. Намаздың әр ракағатында екі сәжде жасаудың тарихи қайнары осыған саяды.
Үшінші аспанда Жүсіп, Дәуіт және Сүлеймен пайғамбарлармен (оларға Алланың сәлемі болсын) кездесіп, сұхбат құрдық.
Төртінші қабат
Төртінші қабатқа беттедік. Қақпаның сақшысынан кіруге рұқсат алып, мұндағы сапарымызды бастадық. Бұл жерде тізе бүгіп, тәсбих айтып, Аллаға құлшылық жасап отырған бір топ періштелерді көрдім. Мен Жәбірейілден: «Бұлар сонда Аллаға ғибадат етіп отыр ма?» – деп сұрадым. Ол маған: «Иә, осы аспан жаратылғаннан бері мұндағы періштелер осылайша құлшылық етеді, бұл ғибадатты сіз де Алладан сұраңыз», – деді. Шын ниет етіп, Жаратушы Иемнен осы ғибадатты сұрадым. Ниетім Аллаға жетіп, намаздың соңындағы «қағдай ахир» (соңғы отырыс) ғамалы парыз етілді.
Төртінші аспанда Ыдырыс (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбармен кездестім.
Аспанның төртінші қабатында тақта отырған суық жүзді үлкен бір періштені көрдім. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) оны маған: «Ол дүние ләззатын қырқып, жамағаттан айыратын, үйлерді тоздырып, зираттарға өмір бағыштайтын, сәбилерді жетім, қыз-келіншектерді жесір қалдыратын барлық мақұлықтардың жанын алушы Әзірейіл», – деп таныстырды. Оның жүзінде күлкі белгісін байқамайсың. Мен барып сәлем бердім. Бірақ сәлемім жауапсыз қалды. Алла тағала оған: «Хақтың хабибі, халықтың сәйідінің сәлемін қабыл ал!» – деп бұйырды. Періште дереу төмен түсіп, пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құшақтап: «Расында, Раббымыз сізді қадірлі, үмметіңізді құрметті етіп жаратты», – деп жылы қарсы алды. Жәбірейіл маған: «Иә, Расулулла! Өлім періштесі сізден басқа ешкімге орнынан тұрып, мұншалық қошемет көрсетпеген болатын», – деді. Мен оған: «Ей, бауырым Әзірейіл! Сен адамдардың жанын қалай аласың?» – деп сұрадым. Ол: «Несібесі таусылып, ажалы жеткен адамдарға жан алушы көмекші періштелерді жіберіп отырамын. Әрбір иманды ізгі адамның алдына алты жүз рахмет періштесі, әрбір имансыз жаман адамның алдына сонша азап періштесін жіберемін. Олар өлім төсегінде жатқан пенденің жанын терден, жүйкеден, еттен, қаннан ажыратып алады. Жанның шығуы тырнақ ұшынан басталып, тізеге жетеді. Аздап дем беріледі. Кейін жанталасу қайта басталып, жан кіндікке келеді, сосын жан алқымға жетіп, ғарғара сәті басталады. Періштелер жақсы адамдардың жанын қылды майдан ажыратып алғандай, жеңіл алып, оны иллийин деген орынға алып барып қояды. «Иллийин» – жәннаттың бір бау-бақшасы. Онда ізгі пенделердің жандары сақталады. Періштелер жаман адамның жанын ағашты тамырымен суырып немесе қойдың үстіне жабысқан тікенекті жұлып алғандай, денесінен қинап алады да, сижжин деген жерге алып кетеді. «Сижжин» – тозақтың бетіне жабылған бір тас. Ол тастың көптеген тесіктері бар. Кәпір, мұнапық, залым және бұзық жандар сол тесіктен тозаққа лақтырылады.
Төртінші аспанда орналасқан «Бәйтул-мәъмур» атты аспан періштелерінің қасиетті үйіне де жеттік. Жер жүзінде мұсылмандардың ең қасиетті үйі Мекке қаласындағы Кағба саналса, ал аспан әлемінде – осы үй екен. Күнде бұл үйде жетпіс мың періште тәуеп етеді, бір рет тәуеп еткен періштенің қиямет күніне дейін екінші тәуепке кезегі жетпейді екен. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) мені қолымнан ұстап, Бәйтул-мәъмурға алып кірді де, маған: «Иә, Алланың хабибі! Жер бетінде сіз барлық пайғамбарларға имам болып намаз оқып бердіңіз. Енді мұнда жеті аспан періштелерінің баршасына имам болып, екі ракағат намаз оқып берсеңіз», – деп өтініш білдірді. Мен Жәбірейіл бауырымның өтінішін қабыл алып, имам болып намаз оқып бердім. Мұндай көп жамағатты көрмеген едім. Сонда мені «менің үмметімнің де осыған ұқсас жамағаты болса еді» деген ой орады. Сонда Алла көңілімдегіні біліп: «Ей, хабибім Мұхаммед, бұл сияқты жамағатты сенің үмметіңде де пайда етемін. Ол – жұма намазына қатысқан жамағат. Бәйтул-мәъмурда оқылған намаздардың сауабын оларға да жазамын», – деді.
Бесінші қабат
Одан да жоғары көтеріліп, аспанның бесінші қабатына жеттік. Алдыңғыдай рұқсат сұрап, ішіне кірдік. Бұл жерде де Аллаға тәсбих айтып, құлшылық жасап жүрген періштелер көп екен. Мұнда Һарун және Аюб пайғамбарға (оларға Алланың сәлемі болсын) жолықтым. Бесінші аспанда бір қауымды көрдім. Беттері қап-қара, нұрсыз, қайғылы, қорқынышқа толы. Азап періштелері оларды шыбықпен ұрып қуып жүр, заққұм атты от пен ірің аралас тағамды ауыздарына құйып тұр. Мен Жәбірейіл бауырымнан: «Бұлар кімдер?» - деп сұрадым. Ол маған: «Дүниеде Алланың берген ризық-несібесін басқалармен бөліспеген, малынан зекет шығармаған пенделер. Ондай адамдарды аспандағы періштелер Алланың күнәһар сараң дұшпаны деп әлемге жар салады. Ал, малынан зекет шығарғандарға Алла разы болып, аспандағы періштелер оларды Алланың иманды жомарт досы деп атайды. Бұл туралы Алла тағала: "Қазыналарыңды Құдай жолынан аямаңдар, өз қолдарыңды өздерің байлап (сараңдық жасап), бастарыңды қатерге тікпеңдер. Жақсылық жасаңдар. Ізгі жандарды Тәңірі шын дос тұтады”, – дейді ("Бақара” сүресі, 195-аят).Алтыншы қабат
Одан шығып, аспанның алтыншы қабатына жеттік. Қақпа алдындағы сақшы періште де мені көріп, қуана күтіп алды. Мұнда да Аллаға тәсбих айтып, құлшылық ұрып, жалбарынып жатқан көптеген періштелерді және түрлі ғажайыптарды көрдік. Алтыншы қабатта Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға жолықтым.
Алла тағала тарапынан Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне бұйырылған елу уақыт намаздың бес уақытқа қысқартылып, оларға жеңілдік жасалуына Мұса себепші болды. Үтір намазы да мұсылман үмметіне осы жерде уәжіп болған екен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жәбірейілдің мақамына жеткен кезде, періште оған: «Иә Расулулла, қазір менің мақамымда тұрсыз. Сондықтан бір ракағат намаз оқыңыз, сонда Алла бұл жерді тағы да мүбәрак еткей», – деді. Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір ракағат намаз оқыды, көңіліне «бір ракағат та намаз болушы ма еді» деген ой келді де, артынан тағы бір ракағат қосып, екі ракағатқа толықтырды. Алла тағаладан: «Иә, Мұхаммед! Сенің ғибадатың бізге ұнады, соның үшін тағы бір ракағат қосып қой. Оны біздің әміріміз деп білгейсің», – деп бұйырды. Үшінші ракағатты оқып, рукұге еңкейгенде Құнут деген періште: «Иә, Алланың хабибі! Құнут дұға арқылы маған ұлық дәреже берілді, сіз де осы дұғаны оқып, сыйлық ретінде қабыл етіңіз», – деп ұсыныс тастады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны да қабыл алды. Намазды оқып болғанымнан соң, Жәбірейіл маған: «Осы намазды берік ұстаңыз, мұнда жасырын хикмет жатыр», – деді.
Жетінші қабат
Аспанның ең соңғы қабатына да келдік. Мұнда да таусылмас керемет мұғжизалар бар екен. Онда бара жатып, кенет мұрнымызға хош иіс келді. Оның адамға жаққаны соншалық, жұта бергің келеді. Жәбірейілден: «Бұл не?» – деп сұрадым. Ол: «Сегіз жәннаттың иісі», – деп жауап берді. Алла тағала: «Кімде-кім Маған және пайғамбарыма иман келтіріп, ешкімді серік қоспаса, ізгі ғамал жасаса, сол пендеге жәннатыма кіру нәсіп болады», – деп хабар берді.
Жетінші аспанда Ибраһимды (оған Алланың сәлемі болсын) көріп, қасына барып, оған сәлем бердім. Сәлеміме жауап алып: «Қадірлі перзентім, қош келдің», – деп қуанышпен қарсы алды. Осыдан кейін біз ары өтіп, Сидратул – мунтәһәға да жеттік, ол Алланың құдіретіне белгі болардай, жемісті үлкен ағаш екен. «Сидратул – мұнтәһә» сөзі «шекараның соңы» деген ұғымды береді. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарлар, періштелер және ғалымдардың білім – ғылым өрісі де осында келіп бітеді»,– деген. Кейбіреулер: «Алланың ең ардақты пенделері шахидтердің рухтары осында келіп тоқтайды, одан ары өте алмайды», – дейді. Жәбірейіл періштенің мақамы да осында екен. Осы күнге дейін бұл жерден ары қарай пайғамбарлар және періштелерден ешкім өтпеген.
Жәбірейіл періште Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екеуіміздің де шекарамыз бар. Менің шекарам осы арада бітеді. Бұдан ассам, біткенім. Ал, сен Алланың мейманысың, Алла тағала сені өзіне шақырған. Сен адамзатқа жіберілген рахмет алып келуші пайғамбарсың. Мұнан ары өзің барғайсың»,- деп қоштасты.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол арадан әрі қарай қаншалықты дәреже көтерілгені, қалай көтерілгені сыр боп қалған.
التَّحِيَّاتُ لِلَّهِ وَالصَّلَوَاتُ وَالطَّيِّبَاتُ السَّلَامُ عَلَيْكَ أَيُّهَا النَّبِيُّ وَرَحْمَةُ اللَّهِ وَبَرَكَاتُهُ السَّلَامُ عَلَيْنَا وَعَلَى عِبَادِ اللَّهِ الصَّالِحِينَ
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарының жалғасы жайында: «Ғарышқа өттім. Алла тағала маған: «Ей, Мұхаммед, менімен сөйлес!» – деді. Мен: «Ей, тәңірім Алла! Тілім, жан-тәнім және мал-дәулетіммен жасалатын ғибадаттарымның баршасы сен үшін», – дедім. Сонда Алла тағала: «Ей, Алланың елшісі, саған сәлем мен Алланың рахметі және берекеті болсын!” – деді. Мен: «Сәлем бізге және Алланың ізгі пенделеріне болсын», – дедім.
Мұндағы бетпе-бет сөйлесуден кейін ұлы ғарышта – аспанның жоғарғы қабатында періштелер бір ауыздан танымал сөзді оқыды: «Алланың барлығы мен бірлігіне, хазіреті Мұхаммед Алланың пендесі және елшісі екендігіне куәлік береміз», – деді.
Біз әр намазда арабша оқып жүрген «әт-тәхийат» дұғасы осы, ол Алла Тағала мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) миғражда сөйлесуінен келіп шыққан дұға. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) миғраж түнінде «үмметім, үмметім» деп көзіне жас алып, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілектер жасады, оларды ғапу етуді сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Тәңірім, мені миғраж мұғжизасымен нығметтендірдің. Үмметіме де осындай бір нығмет сұраймын», – деді. Хақ тағала: «Намаз-мүминдердің миғражы», – деп Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хабармен қуантты.
Миғраж түнінде пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш сый жасалды.
1. «Бақара» сүресінің соңғы екі («Әәмәнәр-расул») аяты уахи етілді.
2. Қиямет күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметін шапағат ету құқығы берілді.
3. Бес уақыт намаз парыз етілді.
Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың құдіретіне белгі болатындай көп мұғжизаларды көру нәсіп етті. Ең ұлысы Алла Тағаланың кемел дидарын көру болды. Бұл ешбір пайғамбарға нәсіп етпеген ең ұлы керемет еді. Сол үшін пайғамбарымызға берілген есепсіз мұғжизалардың ең үлкендерінің бірі миғраж мұғжизасы. Өйткені, ол ең төменгі әлемдегі тозақты, ең жоғарғы әлемдегі пейішті өз көзімен көріп, тамашалады. Иә, шегі шексіз әлемді аралап шығу, көптеген оқиғаларды басынан өткізу түннің бір бөлігінде ғана болып өтті.
Оқиға соңына жетіп, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйіне қайтып келеді де, қуанышы қойнына сыймай миғражда көрген-білгендерін адамдарға ертерек жеткізуге асығады. Оқиғаны бастан-аяғына дейін тыңдап, мүшріктердің иман келтірмесіне көз жеткізген Әбу Тәліптің қызы Үмму һани Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) етегіне жабысып, оған: «Құрайыштықтар саған жала жаппаса екен деп қорқамын», – деп жылайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мейлі, айтқан сөздерімді жалған деп, мені өтірікшіге шығара қойсын. Оларды хабарландыру менің міндетім», – деп үйінен шығып кетеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан шығып тура Кағба алдына барады да, құрайыш қауымы өткізіп жатқан жиналысқа қатысады. Сол араға Әбу Жәһил де келіп, Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасына отырады. «Көңіліне Алла иман нұры мен тәуфиқ салса, түк емес» деген жақсы ниетпен оған миғраж оқиғасын айта бастайды. Жүрегі тастай қатып, иманнан мақрұм қалған Әбу Жәһил әңгімені мұқият тыңдайды да, орнынан атып тұрып, адамдарды шақырып, оларға: «Құрметті халайық, жақын отырып, мынау "пайғамбардың” әңгімесіне құлақ түріп көріңдерші», – деп кекете бастайды. Расулулланың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан әңгімесін ақылдарына сыйғыза алмаған кәпірлер: «Міне, енді жалғандығы паш болды», – деп сандарын шапалақтайды. Иманы әлсіз жандар ислам дінінен қайтып, күпірлік жолына бас ұрады. Құрайыш кәпірлері бұл оқиғаны дәлел ретінде пайдаланып: «Қалайша түннің бір сәтінде алыс жерге барып келеді, бұл өтірік емес пе?»- деп мүминдерге тиісе бастайды.
Басқа біреулер жүгіріп, Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) қасына келіп: «Ей, Әбу Бәкір, досың Мұхаммедтің айтып жатқанын естідің бе? Ол тағы бір жаңа өтірікті шығарыпты. Екі ай дегенде әрең жетіп баратын Бәйтул-Мақдиске түннің бір-ақ сәтінде барып келдім, деп лапылдап жүр. Сен не дейсің, әлде бұған да сенесің бе?» – деп оны шатастырмақшы болды. Әбу Бәкір оларға: «Осыны Мұхаммед айтқан болса, ол рас айтқан. Әрине, мен оған сенемін. Өйткені, жеті қабат аспан үстінен оған бір-ақ сәтте келген уахи хабарларына сеніп, оны мойындап жүрген мен, бұл айтқанына неге сенбейін?!» – деп жауап қайырды.
Сол күннен бастап Әбу Бәкір «сыддық», яғни шыншыл деп атала бастады. Сонымен адамдардың арасында түрлі-түрлі әңгімелер көбейді. Олардың ішінде Құдыста болған адамдар да бар еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұрын Құдыста болып көрмеп еді. Бәйтул-Мақдисты көргендер пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның қандай екендігін сұрап, сынамақ болды. Пайғамбарымыз көргенін әдемілеп сипаттап берді. Құдысты көргендер: «Иә сондай, иә сондай», – деуден ары өте алмады. Мүшріктердің бірқатары: «Біздің керуенімізді қай жерде көрдің?» – деп сұрады. Оларға да керуендерінің қай жерде келе жатқаны, онда неше адам барлығы, жағдайлары қалай екені, сол түні қай жерде қонғаны, кім басшы екені және ол қара боз түйеге мініп келе жатқаны, тіпті сол түйеге не артылғаны туралы анық сипаттама береді. Кейін адамдар керуенді күтіп алып, қараса пайғамбарымыз айтқанындай болып шығады.
Миғраж түнінен кейін Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) келіп пайғамбарымызға намаздардың уақыттары мен оның оқу тәртібін үйретеді. Сол күнге дейін ол Ибраһим (оған Алланың сәлем болсын) намаз оқығандай, күніне екі рет – таң мен кешкі уақыттарында екі ракағаттан төрт ракағат намаз оқып жүретін.
Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлық мұғжизасы исра және миғраж оқиғасын барлық мұсылмандар үлкен нығмет әрі құрмет деп қабылдаулары тиіс.
Құрметті бауырлар! Миғраж түні мен онда болып өткен ғажайып оқиғалардың берекетімен Алла тағала иманымызды баянды етсін. Қасиетті айлар мен күндерде Жаратқан Иеміз күнәларымызды кешіп, екі дүниенің бақытын берсін. Қиямет күні пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты баршамызға нәсіп болсын. Мейірбан Алла Тағала ережеп пен шағбан айларында дүние және дін істерімізге береке беріп, рамазан айына аман-есен жеткізсін! Әмин!
Нұрбек Есмағанбет,
ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкiл имамы,
Алматы орталық мешiтiнiң Бас имамы
Біз, ІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» Ұстанымын және «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасын мақұлдай отырып,
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқан салмақты пікірлері мен ұсыныстарын қабылдай отырып,
Қазақстан халқына келесі Үндеуімізді жолдаймыз.
ХХІ ғасыр имамдарын заман талабына сай жан-жақты білімді, білікті, зайырлылық қағидаттарды ұстану жағынан басқа жамағатқа үлгі ету, Қазақстан мұсылмандарын бірлікке, татулыққа, әдет-ғұрыптарды сыйлауға, зайырлылық қағидаттар мен рухани құндылықтарды құрметтеуге шақырамыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңғыртылуы (модернизациялануы) қазіргі заман сұранысына сәйкес идеологиялық, ұйымдастырушылық, ақпараттық және технологиялық жаңаруды талап етеді.
Елбасы Жолдауындағы діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, радикалды көзқарасқа «мүлдем төзбеу», бас бостандығынан айырылған азаматтардың теологиялық тұрғыдан сауатын ашу, өскелең ұрпақты адамгершілік, ұлтжандылық рухында тәрбиелеу жұмыстарында имамдар корпусын алғашқы қатарда болуға шақырамыз.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұсыныстарын жүзеге асыру мақсатында мешіт имамдарының бәсекелестікке қабілетті болуына, ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін қастерлей отырып, әлемдегі озық технологияларды және үздік тәжірибелер мен жетістіктерді игеретін дүниетанымы ашық болуына сенім білдіреміз.
Имамдардың мемлекет мүддесін қорғай алуын, «Мәдени және конфессияаралық келісімді» жаңғыртуын, сондай-ақ ұлттық сана-сезімінің жоғары болуын негізге аламыз.
Біз, ІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар Исламның бірлік пен татулықтың, бейбітшіліктің, ғылым мен өркениеттің діні екенін тағы да атап өтеміз.
Форумға Қазақстанның, Ресей мен Орталық Азия елдерінің Бас мүфтилері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, теолог-ғалымдар және Діни басқарманың 500 имамы қатысты.
Астана қаласы, 19 сәуір 2017 жыл
Ел ішінде діни құндылықтар дұрыс дәріптелуі керек. Ол үшін имамдар мен ұстаздардың сауатын арттыруға басымдық берілуі тиіс. Бүгін Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы өкілдерін қабылдауы кезінде Елбасы осылай деді. Нұрсұлтан Назарбаев саладағы жұмыстар Рухани жаңғыру идеясымен қабысуы керектігіне жеке тоқталды.
Ақордадағы бұл рухани кездесудің мәні бөлек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының өкілдерімен кездесіп, өткір де өзекті мәселелерді талқылады. Мемлекет басшысы дін мәселесі біздің рухани байлағымыздың бір бөлшегі екенін жеткізді. Бұл ретте дәстүрлі рухани тамырымызды нығайта отырып, санамызды жаңарту шарт деп атап өтті Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өздеріңіз білесіздер дін мәселесі деген біздің рухани байлағымыздың бір тармағы болып саналады. Мемлекет бұған үлкен көңіл болып отыр. Әдейлеген мінекей министрлік құрылды. Көмектесу үшін, қарау үшін, ретке келтіру үшін. Мемлекет болғаннан кейін мемлекеттің ішіндегі жасалып жатқан жұмыстың әр тармағы тәртіпті болуы керек. Ол болмаса мемлекет те болмайды. Сол себепті сіздерге артылатын жауапкершілік үлкен болады. Біз өзіміздің дәстүрлі рухани тамырымызды нығайта отырып, санамызды жаңарту керек деген мен статья жаздым. Біздің патриоттығымыз, отан сүйгіштігіміз елдің ішіндегі, сыртындағы тыныштық болашағымыз болып саналады. Сол болашаққа бәріміз бірігіп жұмыс істеу керек. Әрине біздің тәуелсіздік жағдайында ұлан ғайыр жеріміз бар. Ол жердің ұлан ғайыр үлкен байлығы бар, ішіміздегі тыныштық бар. Оған ала көзбен қарайтындар аз емес. Жалпы қазақты ешкім жеңбеген. Ішінен ірітіп, жүз жүзге бөліп, жаулап алған. Тарих солай.
Асыл дініміздің атын жамылып, исламға еш қатысы жоқ біреулердің қоғамға іріткі салуы бәрімізді ойлантатыны анық. Саяси астар ұстанған әлгілердің әрекетінен зардап шеккендер аз ба. Елбасы осы орайда сыртқы күштердің ықпалында кетуден сақ болуды тапсырды. Сапсыйтып сақал қойып, бетті тұмашалау қазақтың салтында болмаған деп кесіп айтты Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондықтан біз ойлануымыз керек. Сырттан ықпал етудің бір тәсілі ол жат діни ілімдерді бізге тарту. Кейінгі кезде осындай ахуал бар. Қазіргі заманға сай болып жатқан тартыс сөз салыстыру, ара жігін білетін сауатты имамдар ғана елдің бетін бері қаратады. Зайырлы білімді білу керек. Сонда салыстыра келе біздің адамдарға түсіндіретін болады. Ендігі бір айтатын мәселе соңғы кезде өрімдей жас жігіттер сақалын сапсыйтып қойып, балақтарын шорт кесіп келеді. Бетін тұмшалап, бүркеп қап-қара көйлек киіп жүрген қыздардың қатары көбейді. Бұл біздің ұлтымызға да, сана сенімімізге де келмейді. Қазақта қара кию кісі өлгенде киеді. Үйдің иесі өлгенде қара жамылып отыр екен деп, не бала-шағасы қырылды екен деп. Әрине әркім не кием десе өз бостандығы бар. Бірақ ол басқа нәрсе. Мынау әдейлеп тұрып бізге қарсы шығатын, қазақты бөлетін құдай деген адамның жүрегінде болуы керек. Бетті тұмшалау шариғатта да жоқ. Біз дінімізбен бірге ұлттық дәстүрімізді мықты ұстауымыз керек. Біздің қыздарымыз атам заманнан бөрік киген, келіндері орамал салған, аналарымыз кимешек киген. Тағы да қайталап айтайын, қазақта шымқай қара киіну жаман ырым. Кісісі өліп, қара жамылды дегенді білдіреді. Сонда біздің жастарымыз осындай ата-бабамыздан қалмаған өсиетке қарай жүретін болса, еліміздің болашағы не болады. Біз оған жол бермейміз. Мына тәуелсіз елде оларды тайтаңдатып қояйық деп отырған жоқпыз. Бізге Қазақстанның бірлігі, болашағы кере көсіп өркендеуі керек. Жазықсыз жандардың қанын төгу, өмірін қию қай дін ақтай алады. Қазіргі болып жатқан сол.
Мемлекет басшысы мына жаһандану заманында жастарды барынша білімге тарту керектігін тілге тиек етті. Сәйкесінше жамағатқа сөзі өтетін имамдардың беделін көтеру маңызды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жамағатқа сөзін өткізу үшін имамдардың беделін көтеру керек. Өздері инабаттылық пен тазалықтың үлгісін көтеру керек. Шетелге діни білім алуға кеткен кейбір жастардың жат ағымға түсіп, теріс идеяларды әкелу қауіпі бар. Енді алдап-сулап дүниеде әр нәрсеге қолы жете алмай қалған жұмыссыз жастарға біраз ақша беріп, алып кетіп соғысқа салып, қырылып жатыр онда. Егер де жаман жолға түсіп, экстремизімге түсетін болса, Қазақстанға қайтіп келмейді. Ата-аналары білуі керек. Барғаннан кейін өкініп, бармағын тістеп жатқаныдары да бар мен білемін оны.
Бүгінде Қазақстан мұсылмандары Діни қауымдастығында 3800 имам қызмет етеді. Ендігі меже имамдар тек діни іліммен ғана емес, зайырлы ілімді де жетік меңгеруі қажет. Керек десеңіз халықпен байланыс орнататын үлкен тұлғаға айналуы шарт.
Ержан Маямеров, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:
- Жалпы имам деген қандай болуы керек. Бүгінгі таңда жамағатымыз сауатты болып кетті. Солардың сұрақтарына, ұсынысына сай болуы үшін бүгінгі таңда имамға тек қана діни іліммен шектеліп қалу өте қиын. Солармен қоса, зайырлы ілімді меңгерген имам болуы керек. Жалпы болашақта XXI ғасырдың имамы осы дегендей болуы керек. Ол тек жаңағы діни саланы білу ғана емес, сыртқы, ішкі саясатты білетін халықпен етене байланысып кететін үлкен тұлғаға айналуы керек. Осы мақсатта біз осы құжатты қабылдап отырмыз. Бұл расында бүгінгі таңда имамдарымыз үшін маңызды деп айта аламын. Екінші құжат, сіз айтып кеттіңіз, Әбуханифа исламы. Дәстүрлі ислам. Қазақстандағы ата-бабамыз ұстанып келе жатқан мәзхаб. Біз оны өз деңгейінде жеткізу үшін келесі ұрпаққа келесі құжатты қабылдау керек.
Жиынға жиналған өкіл имамдарда Елбасы сөзін бір ауыздан құптап, бүгінді өңірлерде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Ахметжан Керімбек, ҚМДБ, ОҚО бойынша өкіл имамы:
- Жаңа өзіңіз де сөзіңізде айтып өттіңіз, біздің өзіміздің ұлттық санамыз бар. Өзіміздің менталитетіміз бар. Дербес салт-санамыз бар. Муфти Хазіретіміз де айтып өтті, яғни бізде қазір «Дін мен дәстүр» атты еңбек жарық көруде және біз осы 2014 жыл мен 2018 жыл аралығында діни қызметкерлер мен мешіт қызметкерлерінің ортасында осы «Дін мен дәстүр жылы» деп жарияланған болатын. Яғни бұның жақсы жемісі болатынын мен аңғардым. Өзіңіз айтқандай Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы өзінің салт санасы, өзінің дәстүрі, менталитеті ұйысқан, қалыптасқан орта болып саналады.
Кенжетай Дүйсенбай, ҚМДБ СҚО бойынша өкіл имамы:
- Қазіргі таңда мына оқу-бағдарламаңызға байланысты, Үндеуге байланысты, мынау «Серпін» бағдарламасымен көптеген балалар Солтүстік Қазақстанға шоғырланып жатыр университетімізге. Қозыбаев атындағы университетке өте көп келіп жатыр. Міне қазіргі біздің сол уақыттағы хазіреттің де тапсырмасы бізге сол болып тұр. Сол балалардың жат ағамның біріншіден жетегіне кетпес бұрын және ол балалар Қызылорда, Шымкенттен келгендер өте қазақи, тәрбиелі. Ата-анасының алдынан инабатты, тәрбиелі келген. Сондықтан да осы біздің облыс әкімшілігі болсын, өзіміз болсын сол жерлерге балаларымызды қайтадан осы оқу білімін алмай сол жерге шамамыз келгенше уағыз насихат қылып, қалыңыздар деген игі тілек айтып жатырмыз.
Мемлекет басшысы Қазақстан 1,5 млрд мұсылмандардың бір бөлшегі екен жеткізіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жиналған имамдарға салем айта барыңдар. Барша мұсылманға сәлемімді жеткізіңдер. Біз дүниежүзілік 1,5 млрд мұсылмандардың бір бөлшегі болып табыламыз. Құдайға тәубә тәуелсіздік алғаннан бері етек қолымызды өзіміз жинап, қазақтың өз болмысы ділі-тілі өзі бірге келеді. Барлығы түгел болмаса, ұлттың болмысы белгісіз. Тәуелсіздік алғаннан кейін бізді мұсылмандар қолдады. Әлі күнге дейін қолдап жатыр инвестиция тартып. Бүкіл мұсылман қауымының алдында біздің де міндетіміз бар. Көмектеріне ризашылықтарын білдіреміз. Рухани жаңғыруға байланыста комиссия жұмыс істейтін болады. Көптеген хат алып жатырмын. Өзіміздің ұлттық мәселеге қараймыз деп. Латын қаріпіне қатысты. Ғылымға бәсекеге қабілетті болуы. Барлығы елдің қамы. Біздің ішіміз тыныш. Барлығымен түсіністікпен келе жатырмыз. Ішкі тыныштықты сақтауымыз керек. Мен Қазақстанның елдігін қорғап отырған адаммын.
Қазақ халқының қасиетті ата-салты, әдет-ғұрпы ежелден Ислам шариғатымен ұштаса қалыптасқан. Жуырда Қостанай қалалық мешітінде «Ата салтым – асыл қазынам» атты рухани кеш болып өтті.
Бұл басқосуды аталмыш мешіт пен Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық мұражайының ұжымы бірлесе өткізілді.
Жиынға елімізге белгілі ақындар әрі ғалымдар Ақылбек Шаяхмет пен Нағашыбай Мұқатов қатысты.
Рухани кештің мән-маңызын бас имам Шоқан Ғазизұлы түсіндірді. Содан кейін қаламы қарымды қаламгер Ақылбек Шаяхмет Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен тағылымды ғұмыры жайлы әңгімеледі.
Онда кейінгі жастарға тағылым ретінде «Неке қию» рәсімінен көрініс қойылды. Сондай-ақ тұсау кесер рәсімі де көздегендей өткізілді. Оны өңірімізге аса танымал ақын Нағашыбай Мұқатов өткізіп, нәрестеге ақ батасын берді.
Қос қаламгерге де қазақтың салты бойынша құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылып құрметтелді.
Ал облыстық Ыбырай Алтынсарин мұражайының қызметкерлері салт-дәстүрге қатысты слайдтар көрсетті.
Кеш соңында қалалық мешіттің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов келген қонақтар мен жиналған студенттерге шынайы алғысын білдірді. Келген қонақтар жайылған дастарханнан дәм татты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облысы әкімінің бұйрығы негізінде Дін істер басқармасы басшысы болып Үмбетов Жанболат Жұмабайұлы тағайындалған болатын.
Осыған дейін Жанболат Жұмабайұлы облыстағы тілдерді дамыту басқармасы басшысы лауазымында бірнеше жыл қызмет атқарған.
Ол облыстық дін қызметкерлерімен танысу мақсатында мешітімізде арнайы келді. Танысу барысында Қостанай облысы бойынша өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Сонымен қатар алдағы жоспарлар мен келе жатқан қасиетті Рамазан айына дайындық туралы сөз қозғады.
Сонымен бірге өткен жұмада Торғай аймағы бойынша жауапты имам Бектұрсын Торғайбайұлы жұртшылық алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Бас мүфтидің бұйрығына негізінде «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің түлегі – Әмірхан Рүстем Исламұлын «Оспанқожа әулие» мешітіне бас имам болып тағайындалғандығын жеткізді.
Жамағатқа жаңа имамды таныстырып, оған асыл дінімізді өркендетуде қызметінде табыс тіледі. Осыған дейін бас имам қызметін атқарған Аян Сәбитбекұлының жұмысына шынайы алғысын білдіріп, иығына шапан жапты. Сондай-ақ Рүстем Исламұлы Аян мешіт жамағаты атынан кәсіпкер Аманкелді Бегалыұлының берген автокөлігін сыйға тартты.
Жұма намазынан кейін ауданға қарасты ауыл молдаларымен де мәжіліс өткізілді. Жүздесуде ауыл намазханаларының іші-сыртын тазалау және алдағы Рамазан айына әзірлік жұмыстарын жан-жақты жүргізу тапсырылды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Осы мейірім туралы сөз қозғамас бұрын, барлығына да ортақ үш жақсыдан бастауды жөн көрдім. Олардың біріншісі: күн жақсы, екінші: ай жақсы, ал, үшінші: мейірімді де жаны жайсан көркем мінезді ақылды да, білімді дана адам жақсы. Енді, осының бәрін жақын талдап көрер болсақ, күн айналасына (ғаламға, табиғатқа, адам баласына, жалпы тіршілік атаулыға) нұр шуағын сыйлайды. Ай болса, қараңғы түнде тіршілік атаулыға жарық-сәулесін шашады. Ал жақсы адам қашанда адамзат пен табиғатқа мейірімін төгіп, білімі мен ақыл-даналығының арқасында адамдарға тура жолды көрсетеді. Осы үшеудің соңғысы, адамзаттың төресі, екі дүние сұлтаны болған пайғамбарымыз Мұхаммад Мұстафа (ﷺ) жайлы сөз қозғамау еш мүмкін емес.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) Құран Кәрімде баяндалған өнегелі қасиеттерінің бірі – мейірімділігі, рақымдылығы және көркем мінезділігі. Осы ретте Алла Тағаланың мына аяттарына зер салсақ:
لَقَدْ جَاءَكُمْ رَسُولٌ مِّنْ أَنفُسِكُمْ عَزِيزٌ عَلَيْهِ مَا عَنِتُّمْ حَرِيصٌ عَلَيْكُم بِالْمُؤْمِنِينَ رَءُوفٌ رَّحِيمٌ
«Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келді. Сендер бір қиындыққа ұшырасаңдар оған ауыр тиеді. Сендерді өте жақсы көреді. Мұсылмандардың бәріне тегіс мейірімді әрі рақымды» («Тәубе» сүресі,128-аят).
فَبِمَا رَحْمَةٍ مِّنَ اللَّهِ لِنتَ لَهُمْ ۖ وَلَوْ كُنتَ فَظًّا غَلِيظَ الْقَلْبِ لَانفَضُّوا مِنْ حَوْلِكَ
«(Ей, Мұхаммад!) Өзіңе Алла берген мейірімге орай сен де адамдарға сыпайы, жұмсақ қарым-қатынас көрсеттің. Егер сен дөрекі, жүрегін қатыгез болғанда, олар сенің маңыңнан безіп кеткен болар еді» («Әл-Имран сүресі,159-аят»).
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ
«Біз сені ғаламға тек қана рақым етіп жібердік» («Әмбия» сүресі, 107-аят).
وَاخْفِضْ جَنَاحَكَ لِمَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ
«Өзіңе ерген мұсылмандарға мейірім құшағынды аш» («Шуъара» сүресі, 215- аят).
Пайғамбарымыз (ﷺ) Алла Тағаланың мейірімі мен рақымдылығының жер бетіндегі дара өкілі ретінде осы екі қасиетті шебер қолданып, барлық жерлерге жол тапқан. Өйткені, мейірімділік, жұмсақтық және кеңпейілділік пен ықылас сияқты қасиеттер жұртшылыққа тікелей әсер етеді де көңілдеріне иман нұрын ұялатып, ақиқатты мойындатып, қабылдаттырады. Алла Елшісінің (ﷺ) мейірімі мен рақымдылығы тек арабтармен немесе мұсылмандармен ғана шектелмейтін, сенімі бөлек, ұлты мен тегі өзге кісілерге де, тіпті Алла Тағаланың жаратқан барлық жаратылыстарына да арналған еді. Ешкімді бөліп-жармай, бәріне мейірім шуағын төгетін. Тіпті, өзіне қастандық жасап, өлтірмек болғандар үшін де: «Аллаһым бұларды кешір, себебі олар мені әлі толық білмейді»,-деп рақымдылығымен Алла Тағалаға жалбарынып дұға еткен.
Кәпірлерге қарғыс айтуын сұрағандарға берген жауабы да адам баласын терең ойға жетелейді.
إِنِّي لَمْ أُبْعَثْ لَعَّانًا، وَإِنَّمَا بُعِثْتُ رَحْمَةً
«Мен азап үшін емес, рақым үшін жіберілдім,»-деген (Муслим, Бирр 24).
Атап айтқанда осындай, мейірімділік пен көркем мінезділік сияқты адамның жақсы қасиеттері жөнінде Алла Елшісінің (ﷺ) мүбәрәк хадис шәрифтерінде өте көп зікір етілген. Мәселен, осынау көркем мінезділікке қатысты Джарир ибн Абдулла (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізеді:
عَنْ جَرِيرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رضي الله عنه قَالَ:قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم :((لَا يَرْحَمُ اللَّهُ مَنْ لَا يَرْحَمُ النَّاسَ)) (أخرجه البخاري).
«Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге, Алла Тағала да мейірімділік танытпайды» (Имам Бухари риуаят еткен).
Ал Абу Һурайра (р.а.) мұсылман баласының басқа бір мұсылман кісіге қатысты қандай қарым-қатынаста болуы керектігі жөнінде, Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай дегенін риуаят етеді:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ":الْمُسْلِمُ أَخُو الْمُسْلِمِ لَا يَظْلِمُهُ وَلَا يَخْذُلُهُ وَلَا يَحْقِرُهُ التَّقْوَى هَاهُنَا" وَيُشِيرُ إِلَى صَدْرِهِ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، "بِحَسْبِ امْرِئٍ مِن الشَّرِّ أَنْ يَحْقِرَ أَخَاهُ الْمُسْلِمَ كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ ."أخرجه مسلم (4/1986 ، رقم 2564).
«Мұсұлман мұсұлманның бауыры. Сондықтан оған қатысты зұлымдық жасамайды, көмектесуден бас тарпайды және оны өзінен төмен санап қорламайды. Тақуалық мына жерде деп, кеудесіндегі жүрегінің орналасқан жеріне үш мәрте меңзеді. Адам баласы мұсылман бауырын қорлайтын болса, Алла Тағаланың алдында үлкен күнә жасаған болып табылады. Кез-келген мұсылманға, басқа бір мұсылманның жанына, мал-мүлкіне және ар-намысына зиян тигізуге болмайды (харам)».
Сонымен қатар, қоғамдағы үлкен мен кішіге қатысты міндеттердің қандай болатындығы жөнінде Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген:
النَّبِيِّ صلى الله عليه وسلم قَالَ: (لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيَعْرِفْ شَرفَ كَبِيرِنَا) رواه الترمذي، وقال: حديث حسن صحيح.
«Кішілерге ізет және үлкендерге құрмет көрсете алмаған адам бізден емес» (Имам Термези риуаят етіп, хадистің дарежесін хасан сахих деп бағалаған).
Жалпы Алла Тағаланың пенделеріне берген ең ұлы нығмет, сыйы жөнінде Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп, баян етеді:
قال النبي صلى الله عليه وسلم: )إِنَّ اللَّهَ قَسَمَ بَيْنَكُمْ أَخْلاقَكُمْ كَمَا قَسَمَ بَيْنَكُمْ أَرْزَاقَكُمْ وَإِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يُعْطِي الدُّنْيَا مَنْ يُحِبُّ وَمَنْ لا يُحِبُّ وَلا يُعْطِي الدِّينَ إِلا لِمَنْ أَحَبَّ فَمَنْ أَعْطَاهُ اللَّهُ الدِّينَ فَقَدْ أَحَبَّهُ ... ) رواه أحمد (3490 (
«Расында, Алла Тағала сендердің өз араларыңдағы ризық-несібені қалай бөлген болса, мінез-құлықтарыңды да сендерге дәл солай бөліп берген болатын. Шынында, Құдретті де Ұлы Алла дүниедегі байлық-несібені сүйетін құлына да және сүймейтін пендесіне де береді. Алайда дінін тек, жақсы көретін құлына ғана береді. Ал кімге, Алла Тағала дінін берген болса, демек оны жақсы көргендігі» (Имам Ахмад риуаят етті).
Дінімізде қайырымдылық пен мейірімділік сияқты көркем мінезге толы, иман жүзді, тақуа да ізгі салих құлдарға әжір уа сауаптың берілетіндігі және олардың екі дүниеде де Алла Тағаланың нығметтеріне бөленетіндігі айтылған.
Құрметті де қадірлі мұсылман бауырлар, әрқайсымыз бір-бірімізге қайырымды әрі мейірімді бола білген жағдайда ғана жақсылықта өмір сүреріміз анық. Тіршілікте адамдардың бір-біріне деген қамқорлығына, мейіріміне және сыйластық пен ынтымақ-бірлігіне жетер еш нәрсе жоқ!
Сөз соңында айтарым, баршамамыз жоғарыда айтылған Құран аяттары мен сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) сөздеріне құлақ асып, соны өмір сүріп жүрген қоғамымызда шынайы сеніммен амалға асырар болсақ, Алла Тағаланың уәде еткен сауаптарына кенеліп, Жаратушы Иеміздің разылығына қол жеткізіп, Алла Елшісінің (ﷺ) мақтаулы үмметі боларымыз хақ!
Науырзым аудандық «Түркебай» мешітінің
алқа мүшесі Исмаилов Жаңабай
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігі қан тапсырып донор болу күнін өткізді. Бұл шара облыстық «Қан орталығы» мекемесі тарапынан қолдау тауып сауапты амалды бірігіп атқарды.
Аталмыш шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы тапсырмасы аясында быйыл да өткізіліп отыр. Оған облыстық мешіт жамағаты қалалар мен аудандардың имамдары, ерікті намазхан азаматтар тарапынан қолдау тауып донор болды.
Әрине донор болуға әр адам ниетті болғанымен оған арнайы дайындық арқылы болғандықтан алдын-ала хабарландыру айтылып, дайындық арқылы жүзеге асты.
Осылайша 46 адамның әр қайсысы 450 грамнан қан тапсырды.
Өз кезегінде облыстық «Қан орталығы» ұжымы мұсылмандар тарапынан жасалған ұсыныстың әрдайым қолдау табылатынына ризашылығын білдірді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі