Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен Рудный және Қашар кенті жамағаттары арасында қазақша күрестен жарыс өткізілді.
Аталмыш жарыста палуандар екі түрлі келі салмақ бойынша күш сынасты. Жарысқа келген барша қатысушылар жеңіске жету үшін ерекше талпыныс танытты. Олар бұл сайыста тек шеберлік танытып қана қойған жоқ, өзара ынтымаққа да көп көңіл бөлді.
«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, жастарымыздың спортқа деген ынтасы мен ерекше ықыластары бірден байқалды. Барлық қатысушылар жақсы нәтиже көрсетуге тырысты.
Жарыстың қорытындысында Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы белсенділік танытқан спортшыларға шынайы алғысын білдіріп, жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен сыйлықтарды табыс етті.
Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында 37 балаға оқу құралдары тапсырылды. Сөйтіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың ұл мен қыздарына жаңа оқу жылында қажетті құрал-жабдықтар мен сөмкелер берілді.
Жиында аталмыш мешіттіңбас имамы Шоқан қажы Әмірханов кездесуге келген ата-аналар мен бүлдіршіндерге ыстық ықыласын білдірді. Сый-сыяпатқа ие болған балалардың қуанышында шек болмады.
Ұзын сөздің қысқасы, мешіт жамағаты 300 000 теңге жинады. Осы қаражатқа көмекке мұқтаж отбасылардың мектепке баратын балаларына қажетті оқу-құралдары сатып алынды.
Бас имам барлық балдырғандарға жаңа оқу жылында жоғары үлгірімдерге қол жеткізіп, олардың еліміздің нағыз саналы азаматтары болып қалыптасуларына тілектес екендігін жеткізді.
Жұмада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы өңіріміздегі Амангелді ауданының Қарасу елді мекенінде болды.
Онда елімізге кеңінен танымал дін қайраткері, алдымен, Құран оқыды. Содан соң жамағатты ауылдағы намазхананың ашылуымен шын жүректен құттықтады. Ислам діні жайлы терең мағыналы уағыз айтты.
Оларға алдағы уақытта отбасында бақыт тілеп, ел игілігі жолындағы жұмыстарында толағай табыстарға жетуіне тілектес екендігін білдірді.
Осы басқосуда аудан əкімі Əмірхан Біркенұлы сөз сөйлеп, жергілікті халықтың қуанышына ортақ екендігін жеткізді. «Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, ауылдың ақсақалы Серікбай Шоңғалов пайдалануға берілген намазхананың құрылысына өздерінің лайықты үлестерін қосқан барша азаматтарға шынайы алғысын айтты.
Демеушілік еткен жүрегі жомарт азамат Бақытбек Төлепбергенұлының иығына ежелден келе жатқан салтымыз бойынша шапан жапты.
Облыстың бас имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы мен аудан әкімі Әмірхан Біркенұлы салтанатты түрде намазхананың лентасын қиды. Намазхананың ішінде өткізілген жұма намазын жиынға арнайы қатысқан өкіл имам оқыды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, найб мүфти Бауыржан қажы Есмахан Қостанай қаласына келген сапары барысында жұма намазын өткізді.
Дін қайраткері облыстық «Аймағамбет қажы Сапанұлы» мешітінде жұмаға келген жамағатқа «Ғалымдардың исламдағы мәртебесі» тақырыбында уағыз айтты.
Ғалымдардың мәртебесін олардың қоғамдағы орнын түсіну үшін ғалым адамдарға Алла тарапынан берілген негізгі тоғыз қасиетіне тоқталып өтті.
Намаз соңында оқылған қасиетті Құран аяттарына дұға қылып, Отанымызға тыныштық, елімізге амандық, ауырғандарға шипа, береке-бірлік тіледі.
Мешітке келген ақсақалдар мен жастарға көңіл бөліп, олармен амандық сұрасып, риясыз ниетін білдірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі - пәтерге» акциясы аясында елімізде баспанаға мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп жатқаны белгілі.
Қазақстан Республикасы Ата заңы мереке қарсаңында Қостанай облысының Науырзым ауданында атаулы қуанышты оқиға жалғасын тапты.
ҚМДБ төраға орынбасары, найб мүфти Бауыржан қажы Есмаханның қатысуымен Науырзым ауданы орталығы Қарамендіде 121 және 122 үй табыс етілді.
Бұл баспаналар алты баласы бар жалғыз басты ана Алима Асатова және үйлері тұруға жарамсыз көп балалы ерлі-зайыпты Нұрбек және Айнагүл Хамзиндерге бұйырды.
Қуаныш иелеріне аудандық «Түркебай» мешіті имамы Нұрлан қажы Сейтжанұлы екі клем, ал аудан әкімі Талғат Тойшібекұлы 100 мыңның сертификатын ұсынды.
Үлкен қуанышқа кенелген қоныс иелері алғыс шынай алғыстарын білдірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы негізінде Қостанай облысында «Мектепке жол» акциясы жалғасуда. Осы орайда бүгін облыстық мешітте қайырымдылық шарасы болып өтті.
Оған ҚМДБ төраға орынбасары, найб мүфти Бауыржан қажы Есмахан қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Бас мүфтидің қостанайлықтарға сәлемін жеткізді. Оқушыларға жаңа оқу жылында табыс тіледі. Тіршілікте балалардың жүзінен қуаныш көруден артық бақыт жоқ екендігін айтты.
Сондай-ақ Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк те балаларға сәттілік тілеп, мектеп сөмкелерін табыстады.
Жалпы, Қостанай облысы бойынша үстіміздегі жылы 1000 балаға мектепке қажетті құрал жабдықтар мен арнайы формалаар берілді.
Оның 411-і облыс бойынша мешіттерде табыс етілсе. 589-ы облыс әкімінің бастамасы негізінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылды.
Аталмыш жиын соңында ата-аналар атынан Жангүл Сейтқанова Бас мүфти Серікбай қажы Оразға және барша дін қызметкерлеріне рахметін арнайы «Алғыс хат» ұсынды.
28 тамыз күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, найб мүфти Бауыржан қажы Есмахан арнайы сапармен Қостанай қаласына келді.
Белгілі дін қайраткері ең алдымен өңірдегі дін ахуалмен танысты. Өкіл имам Бахытбек қажы Тәжімбет мәртебелі қонаққа облыстағы мешіттерде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы жан-жақты ақпарат берді.
Содан кейін найб мүфти қалалық «Жайлаубай ата» мешітіне ат басын бұрды. Киелі орындағы жамағатпен кездесу барысында «Құран туралы», «Имамдарға бағыну», «Білімнің атықшылығы», «Тәкаппарлық» және басқа да өзекті тақырыптар аясында уағыз айтты.
Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегі - қайырымды да мейірімді, адам баласына әрқашанда ерекше ілтипат танытып тұратын дін қайраткері.
Ол жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» шарасы бойынша есте қаларлық жүздесу өткізді. Аудан аумағындағы көп балалы, күнкөрісі төмен отбасылардың ұл мен қыздарын ұмытылмас қуанышқа бөледі.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде 15 балаға оқуға қажетті керек-жарақтар мен сөмкелерді тапсырды. Сондай-ақ балаларға мерекелік дастархан жайып, ерекше ілтипат танытты.
- Балалар – біздің болашағымыз. Оларға қандай көмек көрсетсек те жарасады. Сол себептен, биыл да бұл мәселеге айрықша көңіл бөлдік. Болашақта да оқушыларға қамқорлық жасауға айрықша назар аудара береміз, - дейді бас имам, Ұзынкөл ауданының құрметті азаматы Есенгелді Сақтағанұлы.
Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірдегі қалалар мен аудандарда жылдағы қалыптасқан қалыптасқан дәстүр бойынша «Мектепке жол» акциясы бойынша қайырымдылық шаралары өткізіліп жатыр.
Нақты мысал келтіретін болсақ, таяуда Денисов ауданына қарасты Фрунзе ауылындағы «Аят» намазханасында балаларды қуанышқа бөлеген басқосу ұйымдастырылды.
Ауылдағы намазхана молдасы Болат Қуандықов өз сөзінде жоғарыда аталған акцияның қамқорлыққа мұқтаж балалардың өмірінде ерекше орын алатындығына жан-жақты тоқталды.
Содан кейін бес оқушыға алдағы оқу жылында мектепке қажетті құрал-жабдықтар тапсырылды. Әрине, осындай сыйлыққа ие болған балдырғандардың жүздері бал-бұл жанып, қолдау көрсеткен азаматтарға шексіз риза еді.
Осынау ізгі мақсаттағы шараның тиісті деңгейде жүзеге асуына жүрегі жомарт жергілікті кәсіпкерлер демеушілік етті. Оларға Алланың нұры жауып, жұмыстарында табыстан-табысқа жете берсін деген тілегімізді білдіргіміз келеді.