Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елордада өтіп жатқан «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумының қатысушыларына құттықтау хатын жолдады.
Мемлекет басшысының құттықтау хатын ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов оқып берді.
«Баршаңызды игі дәстүрге айналған Имамдар форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Парасаттылық, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін халықтың санасына сіңіру – сауабы мол абыройлы миссия. Ислам дінінің осындай ізгі құндылықтары еліміздегі мұсылмандар қауымын біріктіріп, ынтымағын арттырып отыр.
Осы орайда, имамдарымыз халық арасында рухани-ағартушылық жұмыстарын ұдайы жүргізіп, жас ұрпақтың бойына имандылықты дарытуға атсалысуы маңызды. Бұл жиын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысына және еліміздегі дін өкілдерінің рухани бастамаларына тың серпін береді деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!» – делінген Президент құттықтауында.
Айта кетейік, форумға Премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, депутаттар, белгілі теологтар, еліміздің әр аймағынан келген 500 имам қатысуда.
Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешітінде «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты семинар болып өтті. Бұл басқосуда аталмыш мешіттің наиб имамы Ерлан Өмірбекұлы қасапшылыққа қатысты дініміздің қағидаларын, сойылатын мал жайлы жан-жақты түсінік берді.
Сондай-ақ семинар барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Халал Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арнайы дайындалған «Қасапшы жадынамасы» мақалалары арқылы дәріс оқылды. Жалпы, қасапшылық жөнінде қойылған барлық сауалдарға жауап берілді.
Ұзын сөздің қысқасы, бұл кеншілер шаһарында ұйымдастырылған семинардың жиналған мұсылмандар қауымына берері мол болды. Өйткені онда әрбір қандасымыздың жадында болар маңызды жайлар қозғалды.
Білім мен тәрбие егіз, оларды бір-бірінен бөліп қарауға әсте болмайды. Тәрбие ол – қоғамдық үрдіс, қоғам мен жеке тұлғаның ара қатынасын қамтамасыз ететін басты жүйе. Тәрбиенің маңыздылығы сол, болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани нәр алып, тәрбие арқылы ғана адам болып қалыптасады.
Дүниежүзілік ғылым мен мәдениетте көрнекті ізін қалдырған ортағасырлық әйгілі ойшыл Әл-Фараби бабамыз:«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» дегендей, ұрпақ тәрбиесі – ел ертеңінің болашағы, оған аса зор жауапкершілікпен қарау – әрбір саналы азаматтың борышы.
Міне, осы орайда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде сауат ашу курсына жиналған талабаларға «Заманауи мұсылман келбеті» атты тақырып аясында - білім үйрену, қоғамға пайдалы болу, көркем мінез және еңбекқорлықтөңірегінде тарқатыла насихат айтылып, маңызы зор мәліметтер берілді.
Басқосудың мақсаты – жастар арасында әдептілікті насихаттай отырып, қоғамды дамытуға лайықты үлес қосуға талпыну, қамқорлық, бауырмалдықтың маңызын барынша арттыру.
Жоғарыда аталған мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев өз сөзінде жиналғандарға тағылым болар көп жайды баяндады. Оны жұртшылық ұйып тыңдады.
Мазмұнды жиыннан кейін шәкірттерге арнайы дастарқан жайылып, ас берілді.
Жақындаөңіріміздің Сарыкөл ауданына қарасты Тимирязев ауылында «Омар ата» мешітінің 7 жылдығына арналған «Құран – сенің шапағатың» атты облыстық Құран жарысы ұйымдастырылды. Оған ауыл жанашыры, жомарт жүректі азамат Меңдібай Омаров демеушілік жасағанын ерекше атап өткеніміз жөн.
Жарыстың ашылу салтанатында облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Дархан Сыздықов уағыз-насихат айтты. Омар атаның ұрпағы Амангелді Омаровтың сөйлеген сөзін жиналған жұртшылық ұйып тыңдады.
Сарыкөл ауданының жуырда тағайындалған бас имамы Нұрбол қажы Балахметов жарысқа демеушілік көрсеткен Меңдібай Омаровқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің Алғыс хатын көпшілік алдында айрықша құрметпен тапсырды.
Осынау басқарманың өңірдегі өкілдігі өткізген шараға аймақтың аудан, ауылдарынан мешіт шәкірттері қатысып, өздерінің тың ізденіс үстінде екендігін көрсетті.
Мысалы, Құран Кәрімнің 1 және 1,5 парасы бойынша сынға түскен қатысушыларды қазылар алқасы есте сақтау қабілеті, оқу ережесі (тәджуид), мақамы бойынша бағалағандығын тілге тиек еткеніміз абзал.
Жарыс қос кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде 1-орынды Арман Алдиярұлы иеленсе, 2-орынды Медет Бақытұлы, 3-орынды Айбек Аманғалиұлы жеңіп алды.
Осы аталғандармен қатар, жарыстың екінші кезеңінде бірінші орынға Абай Құланбаев, екінші орынға Бекболат Қайратұлы,үшінші орынға Мақсат Абайұлы көтерілді.
Ешбір қатысушы ескерусіз қалған жоқ. Оларға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Жоғарыда аталған жарысқа қатысушылардың ең жасы – 8-де болса, ең үлкені – 81 жаста еді. Әрине, қашан да ізденіс өзінің жемісін береді. Бұл Құран жарысынан кейін арнайы дастархан жайылып, Құран оқытылды.
Жақында Қостанай аудандық орталық кітапхана қызметкерлері 18 қазан – «Рухани келісім» күніне орай Затобол кентіндегі ауылшаруашылық колледжінің 2-курс студенттеріне «Маңдай батыр» мешітіне арнайы тағылымы мол саяхат ұйымдастырды.
Осынау іс-шара барысында аудандық мешіттің наиб имамы Медет Өтепқалиев жиналған жастарға мешіттің әдебі, тәртібі, сонымен қатар қыз балалардың мешітке келу жайы жөнінде мағлұмат берді.
Сондай-ақ киелі орында дін қызметкері намаз оқу, жат ағымдардан сақтану және басқа да өзекті сауалдарға жан-жақты жауап беріп, келушілердің танымын кеңейтуге ықпалын тигізді.
Осылайша колледж студенттері аудандық мешіт жайлы толық ақпарат алды және естелік суретке түсті. Бұл жүздесу олардың жадында ұзақ сақталары хақ
Таяуда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты семинар өткізілді.
Аталмыш шара басында қасапшылықтың жауапты іс екендігі түсіндірілді. ҚМДБ-на қарасты «Халал Даму» ЖШС-нің арнайы дайындалған «қасапшы жадынамасы» материалдары арқылы дәріс оқылды.
Шариғат талаптарына сай мал сою тәртібі, малды қорқытпай, үркітпей тыныш хәлде бауыздау жолдары айтылды. Семинарға барлығы он адам қатысып, оқылған дәрісті ұйып тыңдады. Баяндалғандардың бесеуі - мал сойып жүрген қасапшылар.
Жалпы, бүгінгі әңгімеге арқау болған жай өте пайдалы да аса қажет жай болып табылады. Сондықтан қасапшылықты қандас азаматтарымыз меңгеріп жатса, құба-құп емес пе.
Таяуда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның 6697-ші әскери бөлімінде маңызды кездесу болып өтті.
Осынау тәрбиелік маңызы зор іс-шараның негізгі алдына қойған мақсаты - әскери қызметкерлердің бойында патриоттық сезімдерді барынша қалыптастырып, Ислам дінінің өзіндік ерекшеліктерін түсіндіру.
Ондағы кездесуге офицерлік құрам, шекара, әуе қорғаныс қызметкерлері қатысты. Тағылымы мол жиынға арнайы шақырылған Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Нұрлан Сейдагалиев «Жат ағымға алып келетін негізгі себептер» деген тақырыбында әңгіме өрбітті. Яғни әскери қызметкер немесе қарапайым адам болсын тура жолдан адаспай, хақ дініміздің асыл міндеттерін ұғына білу.
Жалпы, мұндай басқосулардың алар орны бөлек екендігін осы жүздесу де айқын көрсетті.
Адамзатты жаратқан, оларға көру, есту, сөйлеу қабілетін берген, пенденің көкірек көзін ашқан күллі әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар болғай! Алланың сүйіктісі, тура жолдың көшбасшысы Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.) Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
Тіл – Алланың бізге, яғни адамзатқа берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Кез келген қалауларымызды, рахметімізді, мінімізді, уәжімізді және сынымызды, жалпы ойымызды осы берілген құрал, тіліміз арқылы еркін, әрі анық түрде толықтай жеткізе аламыз. Әлемдегі қаншама информацияларды осы сөйлеу қабілеті арқылы жеткіземіз. Сондықтан бұл Алланың бізге деген шексіз мейірімі, жеңілдігі.
Ал енді сол нығметті біз қалай пайдаланып жүрміз. Дұрыс па әлде бұрыс па, тиісті жерінде қолдана алып жатырмыз ба? Қандай да бір зат не қабілет берілсе, ол Алладан. Алла Тағала пендесіне еш бір затты мақсатсыз бермейді. Яғни берілген нығметтің артынша сұрауы бар. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
فَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْرًا يَرَهُ (7) وَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرًّا يَرَهُ(8)
«Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны да көреді» («Зілзәлә» сүресі, 7-8-аяттар). Осы аятқа үңілетін болсақ, адам баласы жақсылықты да жамандықты да Алланың берген нығметімен жасайды. Міне сол жасағанның артынша, өздеріне тиесілі жазаны не жақсылықты міндетті түрде көретіндіктерін ескертуде.
Шаңның тозаңындай амал жасағандығымыз үшін де ертен жауап беретін болсақ, үлкен нығметтеріміз үшін де қияметте Алланың құзырында жауап береді екенбіз. Алла Тағала бізге таңдау еркіндігін берді. Міне сондықтан бұл дүние сынақтардан, қиыншылықтар мен қуанышты сәттерден тұрады.
Алланың берген тіл нығметі арқылы жетістікке жетуге болатын маңызды да хайырлы екі жақсы амалға тоқталып өтсек:
ادْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ ۖ وَجَادِلْهُم بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ ۚ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِ ۖ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ
«(Уа, Мұхаммад!) Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды уағыз-насихат айту арқылы шақыр! Сондай-ақ (Алла жолында) күресу (немесе сөз таластыру) керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда. Шүбәсіз, Раббың өзінің тура жолынан кімнің тайып кеткенін жақсы білетіні сияқты тура жолына түскендерді (һәм түсетіндерді) де өте жақсы біледі» («Нахл» сүресі, 125-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да дінді насихаттаушы пендені сүйіншілеп былай деген: «Кімде-кім, адамдарды тура жолға шақыратын болса, ол адамның сауабы артынан ерген адамдардың сауабымен бірдей болады да, олардың сауабынан еш кемімейді!» Басқа бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, кейін оны басқаларға үйреткендерің». Демек, шынайы момын мұсылман адам Құрандағы үкімдерді үйреніп, басқаларға үйретуі, білмейтіндерге дұрысын көрсетуі, білмеген мәселелерінде жол сілтеуі, өзге мұсылмандар алдындағы борышын шынайы атқаруы, мұсылмандардың баршасына игі дұға етіп, жақсылықты дәріптеуі қажет. Себебі кез-келеген адам, дінді насихаттау арқылы, бір адамның тура жолға түсуіне себепші болады.
وَلْتَكُن مِّنكُمْ أُمَّةٌ يَدْعُونَ إِلَى الْخَيْرِ وَيَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ ۚ وَأُولَٰئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ
«(Уа, мүміндер!) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне солар – (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер» («Әли Имран» сүресі,104-аят). Дегенмен, жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю жолында да осынау тіл арқылы Алланың алдында кешірілмес үлкен қателіктер мен күнәларға барып қалуымыз әбден мүмкін.
«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, ойымызға келгеннің бәрін айтып, сыртқа шығара беруге болмайды. Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Кімде-кім, Алаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе тіліне ие болып, тыныш тұрсын». Сонымен қатар Алланың Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір басқа хадисте былай деген: «Кімнің сөзі көбейсе, қателесуі көп болады. Кімде-кімнің қателесуі көбейсе күнәсі көбейеді. Кімнің күнәсі көп болса, тозаққа лайық болады». Расында да адам баласының қателікке бой алдыратын себептердің бірі, мән-маңызы жоқ көп сөз сөйлеу. Әңгіменің басы жақсы басталғанымен, соңы өсекке, ғайбатқа, біреуді айыптаумен ұласып кетіп жатады. Тіпті шектен шығып ары таза адамды қаралап, ғайбат ату немесе күнә жасап қойған адамның соңына түсіп, айыбын әшкерелеп, өсектеу сынды жағымсыз күнәлі істерге жол беріп жататынымыз да ақиқат. Өсекші мен ғайбаттаушының қияметтегі өте ауыр әрі азапқа толы жағдайын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына оқиғасынан-ақ байқауға болады: «Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Миғражға көтерілгенде тозақтың ішінде тілдері желкесінен шығып азапталып жатқан бір топ қауымды көріп, Жәбірейілден (ғ.с.) бұлардың кімдер екенін сұрайды. Жәбірейіл: «Бұлар өсек, өтірік, ғайбат айтқандар»,-деді.
Бұл жаман қылықтардың ешбірінің жақсылығы жоқ әрі артынша ауыр азапқа душар ететіндіктен еш ойланбастан ата-бабаларымыздың «Он күнәнің тоғызы – тілден» деген нақыл сөзін жадымызда ұстап, мұндай жиілкенішті әрекетке мүлде жол бермеуге тырысуымыз қажет-ақ. Себебі Алланың Елшісі (с.ғ.с.) нағыз мұсылманның қандай болуын айта келе былай деген: «Біреуге қолымен немесе тілімен зәрердей зиянын тигізбеген адам – нағыз мұсылман».
«Көнектей басқа, шүмектей тілің жау» демекші осы тілмен тек күнә жасап қана қоймай, одан бөлек сауаптарымыздан да айырылып қалатынымызды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір уақиғасынан байқаймыз. Бірде бір адам Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Я, Алланың Елшісі, бір дәулетті әйел күнде садақа береді, бес уақыт намаз оқиды, көп жақсылық жасайды. Бірақ тіліне ие болмайды. Ал келесі бір әйел болса, ол кедей тұрады, садақа бере алмайды, алайда бес уақыт намазын оқиды да, тіліне ие болып, ешкімді тілдемейді. Осы екі әйелдің қайсысына сауап жазылады»,-деп сұрады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп жауап берген: «Дәулетті әйел көп қайыр-садақа бергенімен, тіліне ие болмаса, оның жақсылығының сауаптарын айтқан ғайбаты мен балағаттаған тілі жойып отырады. Ал екінші әйел қолының қысқалығымен қайыр-садақа бере алмаса да, тіліне ие болып ешбір жанды ғайбаттамағандығы үшін, оның барар жері – жұмақ болады».
Бұл тұрғыда хәкім Абай атамыз да:
«...Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдында,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз»,-деп қиямет күнінде адам баласына үлкен қасірет алып келетін күнәлі істерді баяндап жеткізеді. Қасықтап жиған сауапты, шелектеп төгіп алмауымызды ескертіп, «Тілді ноқталасаң, басың сақталады» деген аталарымыздың нақыл сөзі баршамызға да тіршілігімізде ұран болуы қажет.
Тіл – ойдың шындығы. Ғалымдарымыз айтқандай жүрегіміз бен тіліміз қазан мен ожау іспеттес. Қазанға ожауды батырсақ қазанның ішіндегісі шығады. Міне сондықтан тілімізден шыққан сөз, жүрегіміздің дәрежесін көрсететіндігін ұмытпайық ағайын. Жүрегіміз таза болса ойымыз да сөзіміз де дұрыс болмақ. Жүсіп Баласағұни бабамыз:
«Тілесең сен есендікте жүруді,
Жаман сөзге қимылдатпа тіліңді»,-деп екі дүниенің амандығына, бақытына үміттенген адамды тілге тиек болуға шақырады.
Алла Тағаланың орнатқан заңымен әрекет ететін жан қателікке ұрынбайды. Алла Тағала баршамыздың басымызға амандық, сауаптарымызға молшылық, сөйлеген әрбір сөзіміз хайрлы да жақсы сөздерден болуын нәсіп еткей!
Жуырда жастар жылы аясында және «Ғашура ана» мешітіне 11 жыл толуына орай қазақ күресінен және тоғызқұмалақтан аудандық мектепаралық жарыс ұйымдастырылды.
Қарабалық селосындағы Мұхамеджан Сералин атындағы №3 мектептің спортзалына аудан бойынша жүзге тарта оқушылар қатысып, бақтарын сынады. Спорттық жарысқа төрешілер жоғары деңгейде баға беріп, жеңімпаздарды анықтады.
Осы жарыста топ жарған жүлдегерлер арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бас бәйгеге, яғни түйе палуанға Қадыржан Нұржанов қой тігіп, ол ерекше көзге түскен азаматқа салтанатты түрде табыс етілді.
Аталмыш сайыстың алдына қойған негізгі мақсаты – өскелең жастарды салауатты өмір салтына баулу.