Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде Нұр-Сұлтан қаласында болып өткен ІІІ Республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» құжаттамасына байланысты «Жеті рухани қазық» атты кездесу болып өтті.
Оған Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Аграрлық-техникалық институтының студенттері қатысты. Мұнда аталмыш жоғары оқу орнының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Қалқаман Жақып қозғалған маңызды тақырыпты басшылыққа ала отырып, Отан, бірлік, ұлтты сүю жөнінде әңгімеледі.
Бұл кездесуге жиналған жастар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып нақты жауаптарын алды.
Басқосуда шаһарымыздағы «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Дархан Қосылбаев «Жеті рухани қазық» тұжырымдамасын жан-жақты түсіндірді. Сондай – ақ, оның әріптесі Мейрамбек Жетесов те кездесудің өз деңгейінде өтуіне белсене атсалысты.
Қостанай облыс орталығындағы зәулім «Сұлтан сарайы» мейрамханасында ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған күніне арналған «Қариясы бар елдің қазынасы мол» атты мерекелік рухани кеш өтті.
Оған белгілі дін қайраткерлері, қажылар, зиялы қауым өкілдері және ақ сақалды қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз қатысты. Бахытбек қажы Нұрғабылұлы бастаған мешіт қызметкерлері мен қала аудан бас имамдары үлкен дайындықпен келгендіктерін көрсетті.
Бұл мағыналы кешті арқалықтық дарынды, өнерлі бала Дінмұхаммед Бектұрсынұлы илләһи әнді, Жасұлан Махат термені аса бір шеберлікпен орындады.
Кешке арнайы шақырылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет» қорының директоры Талғат Сейіткәрімұлы Мәуліт мерекесіне орай құттауын білдіріп Пайғамбарға салауат айтудың маңыздылығына тоқталды.
Осы жиында даңқты жерлесіміз Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері кейінгі жастарға үлкен тағылым болар «Қайырым жаса», «Молда мен шәкірт» деп аталатын сахналық көріністерді көпшілік назарына ұсынды.
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша өңірдегі аудан мен қалалардың имамдары ұйымшылдық көрсетіп, Мәуліт шарифін орындады.
Мәуліт мерекесінің соңында Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет мешіт жанашырларынан игі шараларды атқарудағы белсенділіктері үшін естелік сый-сыйапат жасады.
Көпшілікке белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен елімізде «Ел үлесі пәтерге» атты игі бастама қолға алынған еді.
Бұл игі бастама Қостанай өңірінде тағы да жалғасын тапты.
Бұл шараға Қостанай облысына арнайы сапармен келген «Зекет» қорының директоры Талғат Сейіткәрімұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет» қорының ықпалымен «Ел үлесі пәтерге» жобасы бойынша қоныс тойын тойлағандығын жиналған қауымға жеткізді.
Міне соның 146 шы үй Сарыкөл ауданына бұйырды.
Ол үй аудандағы «Қабдеш ата» мешітіне қызмет етуге келетін діни қызметкерге ұсынылатын болады.
Осы баспананың 5-і Қостанай өңірінде берілгендігін айтты. Сонымен қатар, көпшіліктің алдында Сарыкөл ауданының бас имамы Нұрбол Балахметке пәтердің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Сондай-ақ «Тайқазан» жобасы бойынша қайырымдылық мақсатында 30 жанұяға арнайы азық-түлік берілді.
Көпшіліктің есінде болар, осы жылдың қазан айында елордамыз Нұр-Сұлтан шаһарында имамдардың республикалық ІІІ форумы өткізілген болатын.
Енді міне Қостанай облыстық мешітінде де сол маңызды басқосудың жалғасы ретінде аймақтық форум ұйымдастырылды. Осынау «Жеті рухани қазық» деп аталатын басқосуда еліміздің бас қаласында болған жиында қабылданған Қазақстан мұсылмандарының «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасы, діни басқарманың атқаратын діни рәсімдер тізілімі және оның құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі секілді қабылданған маңызды құжаттар әңгімеге өзек болып, жұртшылыққа жан-жақты таныстырылды.
Бұл аймақтық форумға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров, облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Жанболат Үмбетов, есімі республикамызға белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет және дарынды ғалым Қалқаман Жақып қатысты.
Форумды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет ашып, жұртшылыққа бұл басқосудың негізгі мақсаты мен міндеті жайлы айтып берді.
Содан кейін мәртебелі қонақ, Талғат Омаров Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың қостанайлық ағайындарға арнаған ең ыстық лебізін жеткізіп, «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасына кеңінен тоқталды.
Көпшілікке аян, Ақылбек Шаяхмет тек талантты ақын ғана емес, діни тақырыптарға арнап талай жинақтар шығарған азамат. Сондықтан да болар, ол өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан арнайы шақырылған ағайындардың алдында өзінің көкейінде жүрген көрікті ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ Қостанай облыстық дін істері басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов пен Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Қалқаман Жақып та өз ойларымен бөлісті.
Ал Лисаков және Арқалық қалалық мешіттерінің бас имамдары Сабыржан Зейнелғабиденұлы мен Бектұрсын Торғайбайұлы «Діни қызметкерлердің атқаратын рәсімдері» және «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі» туралы толық баяндады.
Жиынның соңында облыстың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет мұндай өзекті тақырыптарды қозғайтын жиындар алдағы уақытта облыс бойынша жалғасын табатындығын білдірді.
Жақында Елордамыз Нұрсұлтан шаһарында республикалық III имамдар форумы болып өткені белгілі. Осы аса маңызды жиынға өзім де қатысып, қаншама игі әсер алдым. Басқосудан көргенім мен түйгенімді өңірдегі әріптестеріммен бөлісіп, алда тұрған асқаралы міндеттер жайлы үнемі айтып келемін.
Аталмыш жиынға байланысты Қостанай өңіріндегі аудан, қала, елді-мекендердегі дін қызметкерлеріне арнайы семинар өткіздік. Онда республикалық форумда қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы, «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» және «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» деп аталатын құжаттарда баяндалған күнделікті қызметімізге аса қажетті жайлар жан-жақты айтылды.
Сонымен форумнан алған әсерім жайлы осы мақаламда тілге тиек етпекпін. Меніңше жоғарыда сөз етілген «Жеті рухани қазық» деп аталатын рухани тұғырнама тек қана дін саласында жүрген имамдардың ғана емес, әрбір мұсылманның үйінде болуға тиіс аса құнды дүние деп есептеймін.
Осы маңызды дүниені қолға алған адам үлкен тебіреніске түсіп, терең ойда қалатындығы белгілі. Өйткені онда әрбір адамның өмірлік ұстанымы әрі мұраты болар жайлар баяндалған. Мұнда имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік жайлы толық баяндалған.
Имандылық бағытында менің әріптестерімнің тындырып жатқан жұмыстары қашанда ауыз толтырып айтарлықтай. Олар халықтың арасында тынымсыз еңбек етіп, мұсылман қауымын ізгілікке, қайырымдылыққа, адамгершілікке баулуда.
Жүрегінде иманы бар адам ешқашан да қиянатқа, әділетсіздікке жол бермейді. Ата-анасын ардақ тұтып, үлкенге ізет, кішіге кішіпейлдік танытады. Өмірде көріп жүргеніміздей, әке-шешесінің бойынан қуат, қолынан күш кеткенде, артық зат секілді, көздері қиып қарттар үйіне тапсырмайды.
Өз басым жастар арасында болғанда осы жайды үнемі саналарына жеткізуге тырысамын. Біз отаншылдық жайын жиі айтамыз. Бұл өте орынды да. Өз отанын сүйген адам ешкімге де жамандық ойламайды.
Жастардың бойына кішкентайынан патриоттық сезімдерді қалыптастыру баршамыздың асыл мұратымыз әрі мақсатымыз. Бұл жөнінде талай алқалы жиындарда айтылып та, жазылып та жүр.
Білімділік, ауызбіршілік біздің ұдайы қозғап жүрген ерекше тақырыбымыз. XXI ғасыр білім ғасыры екендігі даусыз. Мемлекетіміз өркендеген сайын білімге де айрықша көңіл бөлініп, көптеген жетістіктерге жетудеміз.
Бүгін мен күнделікті бірге қызмет атқарып жатқан имамдардың білімі мен біліктілігі жайлы тілге тиек еткенді жөн дер едім. Қазіргі таңда имамдарға қойылар талап та өте жоғары.
Мәселен, олар діни ілім алуларымен қатар рухани жағынан кемел, жан сарайы өте терең болып, жан-жақты біліммен қаруланғандары абзал. Олар шешендігімен, біліктілігімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен дараланып жатса нұр үстіне нұр емес пе.
Сол себептен де әріптестерім халықпен тонның ішкі бауындай араласа қызмет атқарып, бойларындағы ізгі қасиеттерімен оларды ауызбірлікке, еңбекқорлыққа, мәдениеттілікке әрі әділдікке шақырып, өздері әрдайым үлгі-өнеге көрсетулері тиіс.
Дін қайраткерлерінің жүздерінен имандылықтың нұры төгіліп, жұртшылықты мәнді де ізгілікке толы сөздерімен айрандай ұйытып жатса құба-құп емес пе.
Форумда қабылданған құжаттардың бірі «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» деп аталатын салт-дәстүріміз және дінімізбен біте қайнасқан ұлағатты дүниелер кімді болсын терең ойға жетелері хақ.
Осы арада жалаң сөзге салынбас үшін оның мазмұнына қысқаша тоқталып өткенім жөн болар. Мысалы, сәбиге ат қою, бата беру, Құран үйрету, азан айту, мәуліт оқу, жарапазан айту секілді рәсімдерді әрбір мұсылман бауырларымыз білсе артық емес.
Өздеріңіз де көріп жүргендей, қазіргі таңда имамдар қауымына жүктелер жауапкершілік пен міндет те жеткілікті. Олардың бойында кәсіби білім, жан дүниелері рухани жағынан бай болуымен бірге патриоттық сезім, Отан алдындағы перзенттік парыз, адалдық пен адамгершілік қасиеттер әрбір сөздерінен айқын сезіліп тұрса ғанибет.
Мен еліміздегі барша дін қызметкерлерін бүгін әңгімемізге арқау болған имамдардың республикалық III форумында қабылданған маңызды құжаттарды насихаттауға әрі арамыздағы күллі халықтардың ынтымақ-бірлігін нығайта түсуге шақырамын.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Қостанай облысы бойынша Бас имамы
Бахытбек қажы Тәжімбет
Қостанай облыстық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» - атты ІІІ республикалық имамдар форумдағы қабылданған құжаттарға қатысты семинар өткізілді.
Аталмыш жиынға облыс бойынша қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп жүрген барлығы 72 діни қызметкер жиналды.
Облыстың Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы өткізіліп отырған шараның мақсаы туралы түсіндіріп, баяндамашыларға сөз берді.
Қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің бас имамы Шоқан Ғазизұлы «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын жан-жақты түсіндіріп өтсе.
«Діни рәсімдер» туралы Лисков қаласының Бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы ашықтады.
Ал Арқалық қаласының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» бойынша айтып, қойылған сұрақтаға жауап берді.
Осылайша форумдағы қабылданған құжаттар жиналғандарға толықтай түсіндіріліп, бір данадан ұсынылды.
Жиын соңында облыстың Бас имамы Бахыбек қажы Тәжімбет осы қабылданған құжаттар аясында жасалып жатқан жұмыстарды жандандыруды және қала, аудан мен елді мекендерде халыққа таныстыруды тапсырды.