Дүниежүзі жұртшылығын дүр сілкіндірген аты жаман індет көптеген елдерде қауіпін төндіруде. Ол үшін елімізде де қауіпсіздік шаралары мен қатар қайрымдылық істері де көптен көп жасалып жатқаны баршаға мәлім.
Міне, Науырзым ауданы «Түркебай» мешітінің бас имамы Есет Ғабдімәліковтың бастамасымен мешіт жамағаты және жеке кәсіпкер Алма Галиеваның демеушілігімен қайрымдылық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Барша адамзаттың амандығы үшін Алладан жәрдем тілеп, құрбандық шалынды. Сонымен қатар, ауданда медициналық бетперденің жетіспеушілігіне байланысты мешіт жамағаты қолдан 50-дана бетперде жасап, ауыл тұрғындарына тегін таратты.
Содан кейін шалынған құрбан етімен бірге күн көрісі төмен көп балалы отбасыларына азық-түлік таратылды.
Қостанай облысындағы белгілі дін қайраткері Есенкелді қажы Ажмахан басқаратын мешіт ұжымы қашан да жергілікті халықтың құрметіне бөленіп, ардақты ақсақалдардың ақ батасын алып келеді.
Қайырымдылық мақсатында жүзеге асырып жатқан жұмыстары да өзгелерге үлгі боларлықтай. Осы сөзіміздің жарқын мысалы ретінде жуырда ғана аталмыш мешіт ұжымы «Біз біргеміз» акциясы бойынша көмекке мұқтаж 10 отбасына қолдау көрсетті.
Ыстық ілтипатқа бөленген шаңырақ иелері Есенкелді Сақтағанұлымен барша мешіт қызметкерлеріне шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін білдіріп, алғыстарын жаудырды.
«Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында Денисов ауданында жиырма отбасы азық түлікпен қамтамасыз етілді.
Ауданның Бас имамы Р. Жиенбаев өз сөзінде «Ислам қайырымдылық діні. Дінімізде көмек көрсету, қиын жағдайда қол ұшын беру мұсылмандық парызымыз болып табылады. Мешітіміз демеуші азаматтардың арқасында осындай ізгі шараны жүзеге асырып отыр» деді.
Мешіттің бас имамы азаматтық танытып, жоғарыда аталған азық-түліктердің әрбір жанұяға жеткізілуін қадағалап, өзі іскерліктің нағыз жарқын үлгісін көрсетті. Қайырымдылық акциясы жұртшылыққа үлкен қуаныш сыйлағаны даусыз.
Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің ұжымы шағбан айының жұма күнінде кәсіпкерлердің демеушілігмен «Біз біргеміз» акциясына лайықты үлес қосты.
Сөйтіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 10 отбасына азық – түлік таратты. Қайырымдылық көмегіне дән риза болған жаняұлар демеушілерге шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдірді.
Міне, осылайша «Біз біргеміз» акциясы өзінің халыққа аса қажет екендігін айқын дәлелдеді.
Жақында Рудный қалалық «Нұр» мешіті «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында көпбалалы және әлеуметтік әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті.
Әлгі аталған «Біз біргеміз» акциясы халық арасында үлкен қолдауға ие болып, түрлі қайырымдылық шараларға мұрындық болуда. Қазіргідей төтенше жағдайға байланысты бірқатар жанұялар қамқорлыққа мұқтаж екендігі айтпаса да түсінікті.
Сондықтан «Нұр» мешітінің ұжымыдемеушілермен бірлесе отырып жиырма отбасына азық-түлік, дәрі-дәрмек және бетперделерді үйлеріне жеткізіп берді.
Күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерімен және балаларға арналған тәттілермен қамтамасыз етілген шаңырақ иелері мешіт ұжымына шынайы алғыстарын білдірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығының аясында «Зекет» қайырымдылық қорының қолдауымен «Ел үлесі — пәтерге» акциясымен тағы бір шаңыраққа мұқтаж жанұя шаттыққа кенелді.
Негізі бұл шара елімізде баспанаға мұқтаж жандарға, көп балалы отбасыларға көмек көрсету солардың қуанышына ортақтасу үшін орындалуда.
Ал оған себепкер мешітке келуші жамағаттардың, қайырымды жандардың үлес қосуымен жүзеге асуда.
Мінекей еліміз бойынша 184 ші үйдің кілті Қостанай облысы Жітіқара қаласының тұрғыны, жалғыз басты, үш баланың анасы Тилеумаханбетова Алия Хамитовнаға бұйырды.
Баспананың кілтін Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек Нұрғабылұлы арнайы тапсырмасымен Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің Бас имамы Бердіғожин Мейіржан Қапарұлы салтанатты жағдайда табыс етті.
Қуаныш иелері үлкен шаттыққа бөленген жанұя шынайы ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Жұма күні халқымыз үшін қасиетті болғандықтан Қостанай облыстық мешітіне келіп, ізгі тілек тілеушілер жеткілікті.
Осы орайда келушілерге сақтықта қорлық болмайтыны ескертіліп, әрбір келушіге бетперде үлестірілуде.
-Қазіргі таңда бетперде тапшылығы бар және халықтың қалтасына қосымша салмақ түсіруде. Міне, мешітке келіп Алладан тілек тілеп дұға етуге ниет еткен әрбір мұсылманға бетперде ұсынудамыз» дейді облыстың бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы.
Осындай қиын кезде халқымызға ауызбірлік, ынтымақ қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бәріміз тазалық пен сақтыққа ерекше мән беріп, бір-бірімізден көмегімізді аямауымыз керек.
Өңірдегі барлық мешіттерде күнделікті тазалыққа ерекше мән беріліп, қатаң бақылауға алынған.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің жасаған үндеуін Қостанай облысы бойынша жүзеге асыру жалғасын тапты.
Бүгінде әлемді дүрліктірген Сovid-2019 жұқпалы індетінен шипа сұрап, елімізге амандық тілеп жатқан жамағат апта сайын қасиетті Құран Кәрімді хатым етуде.
Осынау жамағаттардың жасаған тілек дұғасына Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы бастаған мешіт имамдары батасын жасады.
Алла тағала еліміздегі барлық жасалып жатқан хатым дұғаларды және халықтың тілегін қабыл етсін! Әмин!
Қостанай қалалық ''Жайлаубай ата'' мешітінде әлемді жайлаған коронавирус дертіне байланысты арнайы мамандар шақырылды.
Онда мешіттің наиб имамы Нұрлан Сейдағалиевтің қадағалауымен ''дезинфекция'' жұмыстары жүргізілді.
Атамыз қазақ «сақтықта қорлық жоқ» деп босқа айтпайды. Осындай қиын кезде халқымызға ауызбірлік, ынтымақ қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бәріміз тазалық пен сақтыққа ерекше мән беріп, бір-бірімізден көмегімізді аямауымыз қажет.
Бұдан басқа мешітте күнделікті тазалық жұмыстары да қатаң бақылауда.
Ал мешітке келушілерге кеңесіміз: міндетті түрде маскамен келсе нұр үстіне нұр болады!