Жақында Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінде белгілі дін қайраткері Шоқан қажы Ғазизұлы басқаратын ұжымның ұйымдастыруымен осы мешіттің ашылғанына 10 жыл және кәсіпкер, меценат Төлеген Жайлаубаевты еске алу кешіне арналған қазақ күресінен облыстық жарыс өткізілді.
Осынау салтанатқа қатысқан облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев сөз сөйлеп, барлық палуандарға сәттілік тіледі.
«Күш атасын танымас» демекші, жігіттер өздерінің жан-жақты дайындықпен келгендігін көрсетті. Жарыстың қорытындысы бойынша Бас жүлдені жеңіп алған түйе палуанға «Умраға» жолдама берілді.
Сондай-ақ 60, 80, және 91 келі салмақтағы палуандарға жалпы 1 млн 50 мың теңгенің қомақты сыйлығы табыс етілді. Осы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне есімдері көпке белгілі Абылай Тайгелдин мен Аманкелді қажы Еренғайыпұлы демеушілік етті.
Жеңімпаз палуандарға лайықты құрмет көрсетілген соң, жиналғандарға мешіттің асханасында дастарқан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі