Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде Бас имам Нұрбол қажы Балахметовтың арнайы шақыруымен рухани кеш болып өтті. Қостанай облыстық мешіті әйел-қыздар секторының жауапты маманы Жансая Салауатқызы жергілікті әйел жамағатымен жүздесті.
Он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айында жасалатын сауабы өлшеусіз құлшылықтар, намаз әдебі, ораза талаптары жайлы пайдалы мәліметтер берілді.
Осы басқосуда отбасы құндылықтары төңірегінде уағыз-насихат, Ислам дінінің аясында ананың өмірімізде алар орны, ұлттық тәрбие бағытындағы көкейкесті мәселелер тілге тиек етілді.
Шараға қатысушылар жарқын болашақ және ұлт тағдыры үшін алаңдаушылығын да жасырмады. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтар мен дәстүрді берік сақтап, оны заманауи үлгіде тұрмыс-салтымызға енгізуді дәріптеу қажеттілігі, отбасылық тәрбие және әйелдің мәртебесі хақында ой салар ұсыныс-пікірлер де қамтыды.
Ақ жаулықты әжелер өздерінің ғұмырлық тәжірибесінен сыр шертіп, жастарға ғибратты ақыл-кеңесін берді. Әулиекөлдің бетке ұстар инабатты келіндері енелерін үлгі тұтып, олардың өздеріне берген тәлім-тәрбиесін аса үлкен ризашылық сезіммен әңгімеледі.
Сондай-ақ, ұстаздар бала тәрбиесі, жүрегі нәзік жандардың шариғат әдебі бойынша киінуі туралы да сөз қозғады. Орамал мұсылман әйелі үшін аса маңызды екендігін еске салды.
Ұлағатты басқосуда Әулиекөлдік аналар қауымы енелер қай мәселеде болсын келіндер мен болашақ отбасын құрайтын аяулы қыздарымызға өнеге көрсетулері қажеттігін де ұмытпады.
Осынау шарада Жансая Салауатқызы бастаған ұстаздар мен аудандағы әйелдер жамағатының бұл кездесуі баршаның жадында ұзақ сақталары хақ. Өйткені, мұнда көпті толғандырып жүрген өзекті жайларға нақты жауап берілді. Облыстан келген сыйлы қонақтарға келелі тақырыпты қозғаған сұхбаттары мен шынайы әңгімелері үшін алғыстарын айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі